Есептерді қарау барысында былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізілгені атап өтілді. Нақты айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,3 пайызға ұлғайды. Жылдық инфляция деңгейіне қатысты да оң динамика тіркеліп отыр.
«Бүгін біз 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебін және Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қарадық. Бұл – ел экономикасының дамуы үшін маңызды мәселе. Талқылау барысында сенаторлар фискалдық тәртіп, мемлекеттік борыш, экономиканың нақты секторын қолдау, инфрақұрылым және басқа да маңызды салаларға тоқталып, өзекті проблемаларды көтерді. Осы ретте Үкімет мүшелері бүгін айтылған барлық ұсынысқа мән беріп, оларды жұмыс барысында ескеруі аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар депутаттар экономика салаларындағы негізгі реформаларға назар аударды. Мәулен Әшімбаев өз сөзінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін қаржылық, бюджет-салық және ақша-кредит саясатын тиімді үйлестіру, сондай-ақ осы бағытта барлық мүдделі тараптың жұмысты жүйелі түрде жүргізуі міндетті шарт екенін айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында макроэкономикалық саясатты қайта жандандыруды тапсырды. Қазір Парламент қабырғасында жаңа Бюджет кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Жаңа заңнамалар оның ішінде Салық кодексі мен «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң ел экономикасының үдемелі дамуының берік негізі болуға тиіс. Осы бағытта Сенат Үкіметке қажетті заңнамалық қолдау көрсетуге дайын», – деді Сенат Төрағасы.
Есептерді қарау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов және Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы Әлихан Смайылов баяндама жасады. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасарлары, министрлер және агенттіктер мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Үкіметтің есебі мен Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын талқылау нәтижесінде сенаторлар Парламент палаталарының бірлескен отырысында аталған мәселені қарау кезінде Сенат атынан қосымша баяндама жасау үшін сенатор Бекболат Орынбековтің кандидатурасын бекітті.