Дегенмен мамырда тұтынушылар дүкен сөрелерінен отандық танымал тәттілерді таба алмаған болатын. Азаматтарымыздың кейбірі еліміздің кондитерлік фабрикаларда дағдарыс пайда болды деп долбар жасаса, енді бірі отандық өндірушілер импортқа төтеп бере алмай отыр деп болжады. Сол себепті тәттілер нарығында болып жатқан жайттарға шолу жасап, жағдайды саралап көрдік.
Energyprom аналитикалық порталының мәлімдеуінше, 2023 жылы Қазақстанда шоколадты тұтыну 13%-ға өскен. Сондай-ақ шоколад пен кондитерлік өнімдердің импорты 2,9%-ға өсіп, 118 мың тоннаға жеткен. Дегенмен ішкі нарықтағы импорттың үлесі 52,5%-дан асқан. Ал экспорт бір жылда 2,3%-ға өсіп, 36,3 мың тонна деңгейіне көтерілген. Ішкі нарықта сатылған қазақстандық тәттілердің көрсеткіші 7,2%-ға өсіп, 188,7 мың тонна болды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы бір жылда шоколад бағасы 9%-ға көтерілгенін көреміз. Атап айтар болсақ, еліміздің 19 өңірінде шоколад бағасы қымбаттаған. Оның ішінде ең көп өскен өңірлер қатарында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бар, ал ең аз өсім көрсеткен Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары болды. Сонымен қатар елімізде шоколадты тұтыну көлемі бір жылда 13,1%-ға артып, 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекте жан басына шаққанда орта есеппен 682 грамға жеткен. Бір таңғаларлығы, қала тұрғындарымен салыстырғанда ауылдық жерлерде тәттілерді көбірек тұтынған болып шықты. Мәселен, қалада жан басына шаққандағы көрсеткіш – 636 грамм, ал ауылда бұл көрсеткіш 757 грамды құрады.
Қолға тұсау болған құрғақшылық
Мұның себебін Дүниежүзілік банктің мәліметтерінен көруге болады. World Bank Commodity Price Data баяндамасында мамыр айында какао бұршақтарының бір килограмы үшін орташа баға жыл басынан бері 79%-ға, ал мамыр айының ішінде 154%-ға көтерілген. ДБ какао биржасына ақша салғандар алтыннан да артық пайдаға кенелгенін жеткізген. Құжатқа сәйкес, бұл шикізаттық тауарлар арасындағы ең жоғары көрсеткіш екенін көруге болады. Салыстырып айтар болсақ, алтын жыл басынан бері 16%-ға өскен.
Nasdaq биржасының хабарлауынша, какао бұршақтарының бағасы сәуір айының ортасында тоннасына 11 461 долларды құрайтын тарихи ең жоғары деңгейге жеткен. Салыстырар болсақ, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш төрт есе төмен, яғни 2 842 АҚШ доллары деңгейінде болды. Әлі күнге дейін какаоның қор нарығындағы бағасы 7 мың АҚШ долларынан төмен түспеген. Ал 14 маусымдағы жағдай бойынша Құрлықаралық биржадағы (Intercontinental exchange) какао фьючерсі тоннасына 10,810 АҚШ доллар. Бұл былтырмен салыстырғанда 3,4 есе жоғары.
Халықаралық биржалардағы дүрбелеңнің басты себебін Nasdaq өткен жылғы Батыс Африкадағы қуаңшылық деп көрсетеді. Бұл өңір бүкіләлемдік какао бұршақтарының едәуір бөлігін экспорттайды. Мұндағы егіннің жетіспеушілігі мен дәнді-дақылдардың аурулары какао өндірісінің шектелуіне әкеліп соқтырып, какао бағасының еселеп өсуіне әкелді. Халықаралық какао ұйымы (ICCO) «жаһандық какао тапшылығы 2024 жылы жалғасады деп күтілуде» деп мәлімдеді. Өйткені қазіргі өндіріс дүниежүзілік сұранысты қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Сонымен қатар какао бағасы 2016 жылы Эль-Ниньо құбылысынан туындаған құрғақшылық какао бағасының соңғы 12 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілуіне әкеп соқтырды.
Айта кетейік, 2014-2016 жылдары Оңтүстік Америка жағалауынан ерекше жылы ағыс өткен болатын. Бұл «Эль-Ниньо құбылысы» деген атаумен тарихта қалды. Бұл әлемнің әртүрлі өңірлеріне өзгеше әсер етті. Мәселен, осы құбылыстың әсерінен Венесуэладағы, Аустралиядағы және Тынық мұхитындағы бірқатар аралдарда құрғақшылық, ал кейбір елдерде ауқымды су тасқыны тіркелді.
Кот - д’ Ивуардан Қазақстанға дейін
Халықаралық какао ұйымының (ICCO) атқарушы директоры Мишель Аррион Брюссельде өткен Халықаралық какао конференциясында сөйлеген сөзінде биыл әлемдік какао өндірісі 11,7%-ға, ал какао ұнтақтау көлемі 4,3%-ға азаяды деп мәлімдеді.
Сонымен қатар ол 2016/2017 жылы өндірістің шамадан тыс 15%-ға өсуіне байланысты какао құнының 30%-ға төмендегенін есіне алады. «Қазір біз қарама-қарсы жағдайға тап болдық: өндіріс 10%-ға құлдырауы, ал баға өзгерісі оған пропорционалды емес, яғни 75%-дан 200%-ға дейін қымбаттады», – деді ол.
Жыл басында Кот-д’Ивуардың Le Conseil CafeCacao реттеушісі 2024-2025 жылғы маусымына какао саудасын доғарды. Реттеуші Кот-д’Ивуарда күтілетін какао өндірісі туралы нақты түсінік алғанға дейін алдын ала бекітілетін форвардтық сатылымдарды тоқтатты. Ал отандық өндірушілердің айтуынша, ендігі жерде екі-ақ амал бар: не бағаны өсіреді немесе өнімдердің салмағын азайтады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері шоколад бағасы 7,4%-ға, ал шоколадпен жылтыратылған кәмпит (глазурь) 7,3%-ға өсті. Ірі отандық өндірушілер өз өнімдерінің бағасының өсуіне какао бұршақтарын сатып алу құны үш-төрт есе қымбаттағаны әсер еткенін алға тартып отыр. Мамыр айында елордада дүкен сөрелерінде атышулы «Қазақстан» шоколадының тапшы болуына да себепші осы жайт екенін меңзейді «Рахат» кондитерлік фабрикасының өкілдері.
«Әлемдік биржаларда какао бұршақтарының қымбаттауы какао өнімдерін (какао бұршақтары мен үгітілген какао) сатып алу құнының бұрын-соңды болмаған деңгейде өсуіне себепкер болды. Шын мәнінде, какао бұршақтарын сатып алу құны үш-төрт есе өсті. Жекелеген жағдайларда, ұсыныстың шектеулілігіне байланысты біз какао өнімдерінің тоннасын 20 мың долларға дейінгі бағада сатып алуға мәжбүр болдық», – деп түсіндірді «Рахат» кондитерлік фабрикасы («ЛОТТЕ Рахат» АҚ) AIQYN газетіне берген ресми жа-уабында.
Нәтижесінде, компания құрамында какао (кәмпиттер, шоколад, жылтыратылған өнімдер) бар ассортименттің бағасын көтеру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.
«Біз шикізаттың нарықтық бағасын ескере отырып, какао құрамы бар өнімдердің бағасын кезең-кезеңімен түзетуді жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері жоғарыда аталған өнім құны шамамен 20%-ға өсті», – деп жауап берді кондитерлік фабрика өкілі.
Сонымен қатар отандық кондитерлік фабрика өнім желісін какао мөлшері аз тауарлардың пайдасына өзгермейді деп сендірді.
«Бірақ какао бұршақтарының құнының өсуіне байланысты шоколад өнімдерінің құны артады және бұл сатып алу сұранысының төмендеуіне және сәйкесінше оның шығарылу көлемінің төмендеуіне әкелуі мүмкін», – деп қосты компания өкілі.
Өндірушінің мәліметінше, 2024 жылдың төрт айында «Рахат» өнімдерін сату деңгейі былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға төмендеген.
Өткен жылдың есебі
Какао дағдарысы жағдайында кейбір өндірушілер ақтық шара қолдануға мәжбүр екенін мәлімдеп отыр. Мысалы, Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, халықаралық Mars және Nestle компаниялары кейбір өнімдерінің көлемін азайтпақ. Ал ресейлік KDV Group азық-түлік холдингі какао бұршақтарының бағасын тұрақтандырғанға дейін o’Zera шоколадын өндіруді доғармақ.
Отандық өндірушілерге әрине, бұл қымбатшылық оңай соқпай отырғаны анық. Сол себепті какао бағасына тәуелділік кондитерлік өнімдердің баға саясатын қайта қарауға итермелеуде. Өндіріс шығындары өссе, компаниялардың табыстылығына да кері әсер етпек. Бірақ әзірге кондитерлік фабрикалардың қаржылық есебі түзу.
Мәселен, өткен айда KASE қазақстандық қор биржасындағы «ЛОТТЕ Рахат» АҚ-ның қаржылық есебі жарияланды. Оған сәйкес, компанияның таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 8,7 млрд теңге болған. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 8,36 млрд теңге еді. Жалпы табыс 2022 жылы 20,71 млрд теңгеден, өткен жылы 20,6 млрд теңгеге азайған. Ал сату көлемі 10,8 млрд теңгеге, 83,5 млрд теңгеден 94,8 млрд теңгеге дейін өсті.
Компанияның жиынтық капиталында да оң өзгерістер бар: бір жыл ішінде ол 6,1 млрд теңгеге артып, 2023 жылғы 31 желтоқсанға 64,5 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ жиынтық активтерде: 2022 жылы олар 5,2 млрд теңгеге, 67,8 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін өсті.
Мамыр айының басында компания 2023 жылға бір жай акцияға 725,00 теңге мөлшерінде, ал жалпы жай акциялар бойынша 2,61 млрд теңге дивидендтер төлейтінін хабарлады. Компанияның негізгі акционері – 95,57% немесе 3,44 млн жай акцияға иелік ететін Lotte Confectionary Co дивиденд түрінде 2,46 млрд теңге алады.
«Лотте Рахат» компаниясының өткен жылғы есебінде өнімдері қай елдерге экспортталғаны және одан қанша ақша тапқаны да көрсетілген. Олардың қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Германия, Әзербайжан елдері бар. Бұл жолғы тізімде Ауғанстан пайда болған. Бұл елге отандық тәттілер алғаш рет 23,7 млн теңгеге сатылған. Компанияның ең көп өнімі ішкі нарыққа, яғни Қазақстанға 76,9 млрд теңгеге, одан кейінгі орында 11,1 млрд теңгеге Ресей өткізілген.
Естеріңізге сала кетейік, корейлік Lotte компаниясы 2013 жылы «Рахат» акцияларының негізгі пакетін сатып алды. 2019 жылы оның үлесі 95,5%-ға дейін жетті.
Кәмила ЕРКІН