Ерте піскен бақша өнімін көпшілік қызыға сатып алып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
КТК телеарнасы жазғандай, санитарлық дәрігерлер қарбызды абайлап тұтынуға кеңес береді. Өйткені қауын-қарбыз пісетін маусым әлі келмеген.
Сондықтан оның құрамында пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштар шамадан тыс көп болуы мүмкін. Ол түрлі іш аурулары мен улануға дейін әкеледі. Ал саудасы қызып тұрған сатушылар қарбыздан қауіптенуге еш негіз жоқ дейді. Өйткені бақша өнімдері көрші Өзбекстаннан әкелінген. Онда қарбыз ерте піседі.
Қазір эпидемиолог мамандар орталық базарларға түскен қарбыздарды тексеруге көшкен. Олар өнімнің құрамында қауіпті заттардың бар-жоғын анықтамақ.
“Ерте піскен қарбызды жеу қауіпті. Егер пестициді шамадан тыс көкөністі тұтынсаң, екі-үш сағатта қауіпті белгілері пайда болады. Басың айналу, құсу, іш өту – диарея белгілері. Балалардың қызуы көтеріледі. Сондықтан уақытынан ерте піскен өнімді сатып алмаңыздар,” – дейді БҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Эльвира Қуатова.