Желіге діни мазмұндағы сурет жүктеген әйел 130 мың теңгедей айыппұл арқалады

Атырау тұрғынына 129 мың теңге айыппұл салынды.

Бұған әлеуметтік желіге жүктеген сурет себеп болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Атырау облыстық сотынан жазғандай, қаланың әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі соты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы ("Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу") бойынша істі қарады.

Атырау тұрғыны ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында діни мазмұндағы суретті көпшілікке жариялап, осы бапты бұзған.

"А.-ның кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдары, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама, сарапшының қорытындысы, әңгімелесу хаттамасымен расталды", – делінген сот хабарламасында.

Әйелге 129 мың 220 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.