Танымал спортшы Елдос Сметов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Дзюдошы өз мансабында үшінші рет Олимпиадаға қатыспақ. Оны биылғы додаға апаратын жол оңай болған жоқ. Сметов Олимпиаданың алтыны үшін күресетінін айтты. Алайда, мұны орындау оңай болмайды. Елдостың басты қарсыластары кімдер және тұғырда тұруға кімдер лайықты? Olympic.kz осы жайлы ақпарат ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сметовтің алдағы Олимпиадаға қатысуы туралы мәселе ең соңына дейін басы ашық күйінде болды. Ол әлемдік турнирлерде жүлдеге іліге алмады, тұрақтылық пен жоғары нәтиже де жоқ болатын. Жиі жарақаттануы да мәселені ушықтырды. Десе де, іріктеу турнирінің соңына қарай ол жағдайын реттеп алды. Бұған Астанада өткен Grand Slam турнирі мен Әбу-Дабидегі әлем чемпионаты көмектесті. Ол қажетті ұпайын жинап, рейтингте жоғарылап, Париж ойындарына қатысудан басты үміткер атанды.
Нәтижесінде, Федерация 60 келі салмақта іріктеу турнирін өткізіп, Елдостан бөлек, Нұрқанат Серікбаев пен Мағжан Шамшадин бақ сынады. Алматыда өткен сында Сметов жеңіске жетіп, жазғы ойындарға қатысу мүмкіндігін алды.
Әрине, одан Олимпиада медалін алады деп сенім арту қиын. Себебі, бұл салмақтағы бәсекелестік өте жоғары. Олимпиадаға қатысқан әрбір балуан жүлде алуға қабілетті.
Әлем чемпионатына дейін аталған салмақтағы үздіктер көші айқындалған болатын. Десе де, БАӘ-де өткен биылғы біріншілік бәрін өзгертті. Бұған дейін көш басында тұрған испандық Франсиско Гарригостың тәжін 21 жастағы грузиялық Георгий Сардалашвили тартып алды. Ол аталған бәсекеде жапониялық жас жұлдыз Таики Накамурадан, әлемдік рейтинг үздігі Ян Вэй Юннан (Тайпей) басым түсті.
Сардалашвили биыл Сметовпен күресіп, «иппонмен» жеңгенін де атап өту керек. Әрине, басты қарсыластарды айтқанда, тайпейлік Янг Вэйге тоқталмау мүмкін емес. Ол Олимпиадада 100 пайыз жүлде алатын балуандар қатарында. Соңғы рет ол Сметовпен 2022 жылы кездесіп, жеңіске жетті.
Оңтүстік Корея өкілі Ли Харимнің де әлемдік дзюдодағы орны ерекше. Әлем чемпионатында бірнеше рет медаль алған ол тұрақты түрде алдыңғы орында келеді. Биыл Париждегі Grand Slam додасында ол біздің Сметовтен басым түскен.
2024 жылғы әлем чемпионатының алғашқы айналымында жеңілгеніне қарамастан, испандық Гарригос фавориттердің бірі болып қала береді. Ол 2023 жылғы әлем чемпионы әрі Еуропа чемпионатында үш рет топ жарған. Испандық спортшы Олимпиадада алысқа шабатыны анық. Айтпақшы, Сметов 2022 жылғы әлем чемпионатының жұбаныш белдесуінде Гаррригосты ұтқан.
Жапония құрамасында іріктеуден өткен балуан көп. Бірақ Парижге Рюдзю Нагаяманың бару ықтималдығы басым. Ол басқа командаластарынан рейтингте әлдеқайда биікте тұр. Бір қызығы, ол да биылғы әлем чемпионатының бірінші кезеңінде жеңілді. Бұл қателік оны шыңдай түсері анық. Өз мансабында жапондық балуан Сметовтен бастап, мықты деген үздіктердің бәрін жеңген.
Тағы кімдерден қауіп күтуге болады? ӘЧ күміс жүлдегері Ділшодбек Баратов (Өзбекстан), Grand Slam жеңімпазы Мухаммадсолех Куватов (Тәжікстан), Торнике Чакадуа (Нидерланд), Ям Волчак (Израиль).
Қорыта айтқанда, оңай қарсылас жоқ. Олимпиада тұғырына қайта оралу үшін Сметовке өз мансабындағы ең мықты күресін көрсету керек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.