Almaty Museum of Arts – заманауи өнер мұражайы

Осыдан бірер ай бұрын Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатқан жолда қаланың қақ ортасында орын тепкен ғимаратты көзіміз шалған еді.

Сыртқы көрінісі шаһардағы өзге сәулет өнеріне ұқсай бермейтін ғимараттың құрылыс жұмыстары күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Таяуда біз жаңадан бой көтерген Almaty Museum of Arts заманауи өнер мұражайының құрылыс жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Құрылыс алаңымен таныстырған ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл Орталық Азиядағы алғашқы заманауи өнер мұражайы.

Инвестициялық жалпы сомасы 100 млн АҚШ долларын құрайтын Almaty Museum of Arts негізін коллекционер және меценат Нұрлан Смағұлов қалаған. Мұра­жай ғимаратын әлемнің 60-тан астам еліндегі ғимараттардың авторы Chapman Taylor британдық сәулет бюросы мен Сан-Францискодағы заманауи өнер мұражайы, Бильбаодағы Гуггенхайм мұражайы, Дохадағы Катар ислам өнері мұражайы, Париждегі Помпиду орталығы және Лувр жобаларымен айналысқан Lord Cultural Resources халықаралық музей жоспарлау консалтинг компаниясы бірлесе жоба­лаған. Заманауи өнер мұражайының ин­женерлік жобасын Лондондағы Британ мұражайы, Әбу-Дабидегі Лувр, Лос-Анд­желестегі LACMA мұражайының инже­­нерлік шешімдерін әзірлеген британдық Buro Happold консалтинг компаниясы құрды. Алматының төрінде бой түзеген өнер ордасы Қазақстандағы мәдени құбы­лысқа айналары бек мүмкін.

Мұражай құрылымы тау мен қаланың көрінісін бейнелейтін L-тәрізді өзара қиылысқан екі ғимараттан тұрады. «Өнер көшесі» мұражайдың Н. Назарбаев даң­ғылына қарайтын негізгі кіреберісі мен Almaty Theatre ғимараты төңірегіндегі кіреберісті байланыстыратын аралықты құрайды. Тау шатқалына ұқсайтын бұл кеңістік мұражайдың негізгі «күре та­мыры» саналады. Мұнда топтамадағы мү­сіндік туындылар орналастырылады. За­­манауи өнер мұражайының театр ғима­ратымен көрші орналасуының да өзіндік мәні бар. Себебі мәдени ошақтардың бір-біріне таяу орналасуы – өнерді тамаша­­­лауға келген қала қонақтары мен туристер үшін тиімді. Ұйымдастырушылар біз сөз етіп отырған мұражайдың Almaty Theatre ғимаратымен етене жақын болуын гео­графиялық орналасу ыңғайлылығымен байланыстырды. Almaty Museum of Arts мұражай қызметі жөніндегі директор, өнертанушы Меруерт Қалиева мұра­­жай­дың халықаралық маңызы жоғары екенін атап өтті: 

– Мұражай елімізді жаһандық мәдени диалогке тартады. Мұндай маңызды диалогке қатысу өте маңызды, себебі біздің айтарымыз көп. Мұражай кез келген прогрессивті қаладағы инфра­құры­лымның ажырамас бөлігі болып келеді. Мұнда кез келген жастағы келуші жаңа білім алып, тәжірибе жинайды әрі уақытын өнімді өткізе алады. Сондай-ақ мұражай баяулау, кідірту және рефлексия орны ретінде өзіндік маңызға ие. Өйткені мұражай әртүрлі құбылысқа жаңаша көз­қараспен қарауға, күнделікті өмірде байқалмайтын үнді естуге мүмкіндік бе­реді. Онымен қоса, өнер мұражайы ке­луші­лерге өткені мен бүгінін түсінуге, келешегін бағамдауға көмектеседі, – дейді М.Қалиева.

Мұражай инфрақұрылымын жасақтау барысында оның нәзік туындылардан бастап монументалды иммерсиялық цифр­­лық қондырғыларға дейінгі кез келген жобаларды көрсете алуы басты на­­зарға алынған. Құрылыс алаңымен таныстырған азаматтар ғимаратта негізгі талаптар, соның ішінде температура, ыл­ғалдылық пен жарықтандыру стан­дарт­тары сақталатынын айтып отыр. Мұражай ішінде табиғи жарық пен тұрақ­ты экс­позицияларға арналған зал саны көптеп қарастырылған. Онымен қоса, төбе биіктігі 12 метр, аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын уақытша экспозициялар бар. Мұндай залдың болуы – мегаполис үшін халықаралық көрмелерді қабылдауға таптырмас мүмкіндік. 

Уақытша көрмелер залында бір жылда екі көрме өткізу жоспарланған. Нақтырақ айтсақ, көрменің бір бөлігі Орталық Азия суретшілеріне, екінші бөлігі халықаралық институттармен серіктестікке арналады. Мұражайда көрме залдарынан бөлек концерт, кино көрсетілімдер, театр қойылымдары мен дәрістер өткізуге арналған трансформер-көпфункционалды зал, балалар мен ересектерге арналған шеберхана, қазақстандық шеберлердің бұйымдары мен өнер туралы кітаптар сататын кәдесый дүкені, көркем туын­ды­ларды қалпына келтіруге арналған ше­берхана, кафе қарастырылған. Сонымен қатар 5 000-нан астам туындыны сақтауға қолайлы жалпы ауданы 1 200 шаршы метрді құрайтын қойма бар. Мұнда көлемді әрі ауыр 3D заттары, инстал­ляциялар мен мүсіндер, маман­данды­рылған жеке көркемөнер жә­шік­­­тері, графика, мұрағат, қағаз негізіндегі заттар сақталады. Сондай-ақ кескіндемені тартып шығарылатын торларда сақтау және 2D туындыларын сақтауға арналған электр жетекті стеллаж жүйесі қарас­тырылған. 

Мұражайда монументалды өнер туын­дыларына арналған арнайы залдар бар. Олардың бірінде америкалық суретші Билл Виоланың бес бейне проекциясынан тұратын «Станция» (1994) инсталляциясы ұсынылады. Одан өзге мұнда танымал америкалық мүсінші, мэтр Ричард Сер­раның болаттан жасалған әйгілі мону­менталды мүсініне арнайы зал қарас­­ты­рылып отыр. Жалпы ұзындығы 25 метрді құрайтын мүсін «Қиылыс» деп аталады. Құрылыс алаңында бізбен қатар жүрген өнертанушылар мүсіндегі қисық сызықтар көрерменге жаңа эмоция сыйлайтынын әрі қала тұрғындарының Серра шығар­машылығымен танысуға мүмкіндік туатынын жеткізді.

Қазірдің өзінде мұражай топтамасы жаһандық деңгейде үздік шыққан ерекше туындылармен толығып келеді. Соның бір мысалы ретінде заманауи суретшілердің бірі жапониялық Яеи Кусаманың инс­талляцияларын атап өтуге болады. Су­ретші біршама уақыттан бері «шегі жоқ бөлмелер» деп аталатын иммерсиялық инсталляциялар жасаумен айналысып келді. Аталған инсталляция арқылы келушілер калейдоскопиялық сезім ту­дыратын ерекше формалар мен нүк­телерді, сондай-ақ айнаның түрлі пішінін көре алады. 2023 жылдың қазан айында мұражай құрылысы жүріп жатқан тұста Кусама инсталляциясы Сан-Фран­цис­кодағы МОМА мұражайында ашылса, келесі жылы мұндай қайталанбас өнер туындыларын Almaty Arts Museum зама­науи өнер мұражайынан тама­шалаудың сәті түспек.

Мұражайдың іші ғана емес, онымен қоса сыртқы көрінісінің де әсерлі туын­дылармен көзге түсуі маңызды. Бұл ретте ғимараттың сыртқы аумағына бри­­та­ниялық-нигериялық суретші Йинка Шо­нибаре, испаниялық мүсінші Жауме Пленса және арғы тегі поляктардан шық­қан неміс суретшісі Алисия Кваде сынды авторлардың мұражайға арнап жа­саған монументалды туындыларын орнату көзделген. Ұйымдастырушылардың сө­зінше, аталған туындылар келушілердің сана-сезіміне әсер етеді. Асылтұқымды ағаш түрлері, субұрқақтар, серуендеуге арналған аймақтардан тұратын мұра­жайдың ландшафты дизайнын Chapman Taylor бюросы әзірлеген. Құрылыс жұмыс­тарымен танысу барысында ұйымдас­тырушылар мұражайда әлемдік сурет­шілерден өзге, қазақстандық сурет­шіл­ер­дің де туындылары қойылатынын жеткіз­ді. Соның ішінде суретші Ербосын Ме­л­ді­­бековтің «Белгісіз батырдың ескерткіші» деп аталатын инсталляциясы бар.

Мұражай – тарихымыздың өткені мен бүгінін көз алдымызға әкелетін, әр ұлттың құндылықтарынан хабар беретін жәді­герлер шоғырланған мекен. Ал сол бір тарихи жәдігерлер көрініс тапқан алаңда отандық суретшілердің инс­талляция­ларымен қоса әлемдік ауқымдағы туын­дылардың топтасуы еліміздің халықаралық масштабтағы мәдени ықпалын айқын­дайды. Almaty Museum of Arts мәдени саладағы маңызды серпіліс болары анық.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы