Сорға біткен сусын

Елімізде қоғам белсен­ділерінің бірі айтқандай, «адамды жынға айнал­дыр­атын» өнімге қарсы күрес басталғандай. Әңгіме – энер­гетикалық сусындар туралы болып отыр.

Депутаттардың пікірінше, бұл сусынды көп тұтынатын – лудомандар: ол­ар энергетиктің қызуымен отырып, бәске шектен тыс қаржы тігіп қойғанын да бай­қамайды. Сондықтан бұл су­сын түрін 21 жасқа толмаған жас­­тарға сатуға тыйым салын­бақ. Оның жарнама­сына да рұқсат етпеу ұс­ын­ылды.

«Сусын ішіп, батыл бәс тігеді»

Екінің бірі біле бермес, бірақ энергетикалық сусындар (ЭС) жас ұрпақтың болашағына балта шауып қана қоймай, мемлекетке ауыртпалық түсіреді, оның адами және уақыт ресурстарын босқа рәсуа қылуға мәжбүрлейді. Мысалы, энергетикалық сусындарды көтерме сатумен айналыса бастаған компания мерзімі өтіп кеткен бұл өнімді не істеуге болатынын сұрап, Үкіметке хат жолдады. 

Сөйтсе, қолданыс мерзімі аяқталған бұл өнім қоршаған ортаға залал келтіретін уға айналатындықтан, оны утилизациялаудың ережесі сонау 2008 жылғы 15 ақпанда бекітілген екен. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің түсіндіруінше, ЭС-тарды жою «Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесіне» сәйкес жүргізіледі. Бұл ретте мерзімі өткен осы өнімнің кезекті партиясының дұрыс жойылғанын қадағалау үшін жергілікті әкімдіктер мен құзырлы мекемелерге арнайы комиссия құрып, процесті бақылауға тура келеді.

«Қауіпті тамақ өнімдерін жоятын, яғни көметін жерді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және қоршаған ортаны қорғау органдарымен келісе отырып, облыстардың, республикалық маңызды қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары белгілейді. Энергетикалық сусындар (ЭС) сияқты қауіпті тамақ өнімдерін жоюды комиссия мүшелерінің міндетті түрде қатысумен соның иесі жүргізеді және бұл шара бекітілген нысан бойынша тиісті актімен ресімделеді», – деп түсіндірді Экология министрлігі. 

Осылайша, энергетикалық сусындар қазақтың қасиетті даласын улап жатқан кезекті қалдыққа айналды. Назар аударатын жайт, бұл сусындардың ең басты тұтынушысы – жастарға сатуға тыйым салынған соң, сатылмай, қолданыс мерзімі аяқталатын, салдарынан жерге көмілетін өнімдердің көлемі де күрт өспек. Ендеше проблеманы өршітпей, елімізге энергетикалық сусындарды импорттауға және өндірісіне толық тыйым салып тастаған жөн еді. Қоғам белсенділері мен ұлт жанашырлары соны талап еткен-тін. Алайда Парламент пен Үкімет оған баруға бойларынан батылдық таба алмады.

Сонымен «энергетиктерге» қатысты шектеулер мен тыйымдар «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс тауып отыр. Мәжіліс 5 маусымда екінші оқылымда қабылдаған бұл құжаттар енді Сенаттың қарауына түсті. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракциясы жетекшісі Елнұр Бейсенбаев энергетикалық сусындар мен лудомания арасындағы байланыстың барын жеткізді. Тиісінше, онымен күрес шаралары заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл қоятын заң жобаларына енгізіліпті. 

Бұл тыйымға белгілі бір лоббистік топтар, үкіметтік емес ұйымдар, блогерлер белсенді қарсы шықты. Елнұр Сабыржанұлының айтуынша, бұл заңнамалық түзетулер – ең көп талқыланған заң жобасы болды. Мәселенің көтеріліп, заң жобасы ретінде рәсімделіп, үздіксіз талқыланып келе жатқанына екі жылдың жүзі болды. Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне 1,5 жылдай уақыт кетті. «Қоғамдық диалог» алаңдарында да, Парламент қабырғасында да кеңінен талқыланды. Бұл осы мәселенің аса өзекті екенін көрсетеді. 

– Құмар ойындарға тәуелді азаматтар – энергетикалық сусындардың басты тұтынушысы. Олар оны ұйықтамау, түні бойы кірпік қақпай ойнау үшін көп көлемде сіміреді. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала құмар ойындарды тұрақты ойнайды. Олар «энергетиктердің» әсеріне елтіп, бәс тігетінін жоққа шығаруға болмайды. Бүгінде «энергетиктер» алкогольді ішімдіктерден де қауіпті болып кетті. Өйткені тіпті он жасар бала да дүкенге кіріп, оны оп-оңай сатып ала береді, – деді депутат.

Осыған байланысты, Президенттің жас ұрпақты болашағына залал келтіретін өнімдерден қорғау тапсырмасын орындау мақсатында, аталған заң жобаларында Мәжіліс пен Үкімет энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған балаларға сатуға тыйым енгізіп отыр. 

Тыйымды бұзса, жаза қандай?

Заңнамалық түзетулер қазіргі күйде қабылданса, онда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне жаңа 423-3-бап енгізілмек. Оның аясында «энергетиктерді» сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, вендингтік аппараттар, өзге де электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатуға тыйым салынады. Себебі автоматтар клиенттерден құжат сұрамайды, ішіне тиын-тебен тыққанның бәріне, соның ішінде балаларға өнім ұсынады. Демек бизнес жаңа заң жобасындағы 21 жасқа толмағандарға сату тыйымын автоматтар арқылы айналып өтуі мүмкін.  

Нәтижесінде, 423-3-бапқа сәйкес, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған тұлғаларға, соның ішінде сатушының қатысуынсыз сауда автоматтары, вендингтік апараттар, өзге электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы сатса, жеке тұлғалар үшін – ескерту жасалады немесе 15 АЕК (2024 жылы 55 380 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 25 АЕК (92 300 теңге), орта кәсіпкерлік үшін – 40 АЕК (147 680 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (369 200 теңге) айыппұл салынады.

Осы әрекетін әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде қайталап жасаса, яғни бір жылда тағы қолға түссе, жеке тұлғалардың айыппұл сомасы – 30, шағын кәсіпкерлердікі – 50, орта кәсіпкерлерде – 80, ірі кәсіпкерлік нысандары үшін – 200 айлық есептік көрсеткішке дейін артып, екі еселенеді. 

Мұндай сан қайдан алынды? Тым төмен айыппұл ЭС өндіруші және өткізуші компанияларды тыйымды қасақана бұзуға, тұтылса, айыппұл төлеумен құтылуға итермелемей ме? Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, «әрекеттердің бірдей екенін ескере отырып, энергетикалық сусындарға қатысты айыппұлдар мөлшері 21 жасқа толмаған адамдарға темекі сату санкцияларына сәйкес белгіленді».

Денсаумині Қазақстанда, әсіресе балалар мен жастар өзінің денсаулығы мен дамуына кері әсер ететін энергетикалық сусынды (ЭС) өте көп тұтынатынына назар аудартты. 

«Health Behavior in School-Aged Children (HBSC) ұлттық зерттеуі көрсеткендей, балалар мен жасөспірімдердің 43,2%-ы ЭС тұтынады. Әрбір бесіншісі немесе 22,5%-ы – энергетикалық сусындарды аптасына 1 реттен сирек, 8,8%-ы – аптасына 1 рет, 6,4%-ы –  аптасына 2-4 реттен, 2,3%-ы – аптасына 5-6 рет, 1,4%-ы – күн сайын 1 рет, 1,5%-ы – күн сайын, әрі күніне бірнеше рет тұтынады. Жастардың «энергетиктерді» шамадан тыс қолданатынын 2022 жылғы 8 қарашада Атырау облысына жұмыс сапары барысында Президенттің өзі айтқан болатын», – деп қаперге салды Денсаулық сақтау ведомствосы.

Оның мәліметінше, жас кезінде ЭС тұтыну адамның бірінші кезекте, нейродамуына кері әсер етеді. Мұның сыртында бұл сусынның құрамындағы бірқатар заттар кесірінен ұйқысыздық, күйгелектік, ойды жинақтай алмау, назар шоғырландыруға қабілетсіздік сияқты жүйке жүйесі аурулары пайда болады. Бұдан өзге, Денсауминінің хабарлауынша, ЭС жүрек-қантамыр жүйесіне, асқазан-ішек жолдарына айтарлықтай зиян келтіреді және семіздіктің дамуына, басқа инфекциялық емес аурулардың өршуіне ықпал етеді.

Сондықтан еуропалық және басқа да көптеген ел бұл өнімді жастарға сатуға бұрыннан тыйым салған. Тіпті, Ұлыбритания мен Норвегияда кофеині литріне 150 миллиграмнан асатын сусындарға мүлдем тыйым салу қарастырылып жатыр. Яғни, Қазақстан бұл істе өзге елден көп қалып, кешігіп келеді.

Ұлт болашағына, ұрпақтың денсаулығына жағымсыз салдарларды азайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қарашада жасөспірімдерге ЭС сатуға тыйым салуға тапсырма берді. Шенеуніктер президенттік тапсырманы жүзеге асыруды сөзбұйдаға салып жіберді. Тек 2024 жылғы 24 қаңтарда, Үкімет жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия отырысында тыйым қаралып, мақұлданды. Осыдан кейін Мәжілістегі әлгінде айтылған заң жобаларында 21 жасқа толмаған адамдарға ЭС сатуға заңнамалық деңгейде тыйым салу енгізілді.

Алайда бұл тыйым тек келесі жылы күшіне енуі мүмкін.

Семіртетін сусынды «арықтатар өнім» дейді

Денсаулық сақтау министрлігі жастар арасында депрессияның және суицидалды көңіл күйлердің ушығуына да энергетикалық сусындардың ықпалы бар деп санайды. Лоббистердің ықпалымен тыйым салу мерзімін тым ұзатып алу кесірінен, бұл қоғамдық құбылыс тек өршіп барады. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, қазақстандық жастардың депрессия деңгейі әлемдік деңгейден 5 есе жоғары! 

Қазақ жастарының 70%-ы депрессияға душар болғанын айтқан. Соның ішінде стрестен (12,8%), ұйқысыздықтан (21%) және апатиядан (16,6%), ұзаққа созылған жаман көңіл күйден (15,7%), мазасыздықтан (13,2%) зардап шегеді. Бұл деректерді де Денсаумині келтіріп отыр. 

2023 жылы республикада қан айналымы жүйесінің ауруларымен динамикалық бақылауда 2,7 миллион қа­зақ­стандық тіркелді. Оның бәрі «энер­­­гетик­­шілдер» емес, бірақ бұл сусындар осы науқастар қатарының артуына сүбелі үлес қосады. 

«Жүрек-қан тамырлары аурулары елдегі мезгілсіз өлімнің негізгі себебіне айналды. Қазақстанда ересек адамдардың жартысы артық салмақ немесе семіздіктен зардап шегеді, бұл ДДСҰ-ның еуропалық аймағындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сондықтан ЭС-терді 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым – ұлттық қауіпсіздікті, ұлт денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, болашақта еңбекке қабілетті, экономикалық белсенді азаматтардың денсаулығын жоғалтуының алдын алуға, жас ұрпақты бірқатар аурудың пайда болуынан, тәуелділіктен және онымен байланысты салдарлардан қорғауға бағытталған. Сондай-ақ бүгінде толық зерттелмеген өзге жаңа аурулардың белең алуы қаупінің алдын алу үшін қажет», – деп түсініктеме берді Денсаулық сақтау министрлігі.

Министрлік аталған заң аясында, тіпті энергетикалық сусындарды жарнамалауға тыйым салуды да ұсынған. Бірақ бұл тыйымға тек ЭС лоббистері ғана емес, телеарналар қарсы шығып жатыр. Сондықтан  негізгі және ілеспе заң жобаларының Парламент қабылдайтын ақырғы нұсқасында жарнамаға тыйымның болар-болмасы әзірге белгісіз.

Денсаулық сақтау ведомствосы ұрпақ қамын ойлайтын болса, Үкімет пен Парламент «энергетиктер» жарнамасын тоқтатуы керек деп табандап отыр. Министрліктің сарапшылары ЭС пиары мен маркетингі агрессивті жүргізілетінін, олар азаматтарды, әсіресе жастарды соны көбірек тұтынуға ынталандыратынын еске салды. Мысалы, ЭС өндірушілер қоғамдық пікір көшбасшылары, қаптаған блогерлер арқылы энергетикалық сусындарды енді «салмақ жоғалтудың бір әдісі ретінде» насихаттай бастады. Салдарынан оны болашақ ана – жас қыздар көп тұтынатынды шығарды. Қыз-келіншектер, ересек әйелдер сол арқылы ашығу сезімін басып, тамақтануды «энергетикпен» алмастырады. Бұл – ұлт болашағына балта шабу деген сөз. 

Денсаумині мұндай қате, қауіпті түсініктің кең етек жаюына энергетикалық сусындардың маркетингі айыпты деп отыр. 

ЭС брендтерінің мықты дизайны, жарқын реңкі, агрессивті маркетингі, бұқара, жастар арасында ең танымал тұлғаларды жалдауы, республикалық жетекші ақпарат құралдарының төрін – прайм-таймын жаулайтын тартымды жарнамалары, брендтік акциялары олардың қарқынды ілгерілеуіне серпін береді. Денсаулық сақтау министрлігінің талдамалық нысанында, тіпті Ұлттық арна «Qazaqstan»-да күніне бір рет Red Bull сияқты ЭС жарнамасы көрсетілетіні айтылған. Олай болса, Сенат депутаттары табандылық танытып, энергетикалық сусындар жарнамасына тосқауыл қойса, құп.

Елдос СЕНБАЙ