«Ақсу толқыны» жазғы фестивалі аясында суретшілердің пленэрі ұйымдастырылды. Әсіресе, зағип жандардың туындылары көпшілік көңілінен шықты.
«Зағип жандардың қолынан шыққан туындылар ерекше әсер сыйлайды. Барлық суреттен күннің бейнесін көрдім. Тіпті, салқын түстердің өзінен жылылық есіп тұр. Бұл көп нәрседен хабар береді», – дейді Ақсу қалалық мәдениет сарайының суретшісі Татьяна Тишакова.
Зағип жандар бұл картиналарды Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаевтың көмегімен салды. Қылқалам шебері Ресейде өткен «Ғажайып адамдар» бағдарламасында өнер көрсеткен. Ол көзін байлап сурет салу арқылы танымал болған.
«Бұл жазғы фестиваль еліміздің Ақсу қаласында тұңғыш өткізілейін деп жатыр. Енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, зағип жандар, көздері көрмейтін кісілер картина жазады. Түстерді ажыратпаса да, ол кісілердің жүректері ояу. Сол жүректерімен, сезімдерімен салады. Сезіммен, түйсікпен салатын болса, онда түстерді ажыратудың, оны көрудің қажеттілігі жоқ.», – деді Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаев.
Суретшінің айтуынша, зағип жандар көкейінде жүрген мәселелерді осы картиналар арқылы көрсетеді. Сурет сала отырып олар ішкі әлемінің сыр-сандығын ақтарады. Астанадан келген өнерпаз жас суретшілерге де шеберлік сағаты өткізілді. Жалпы, жазғы фестиваль бірнеше бағытты қамтыған. Поэзия кеші, қолөнер мен қылқалам шеберлерінің көрмесі әр апта сайын өтеді.
«Барлық концерттік іс-шараларымыз негізінен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылады. Бұл жергілікті өнерпаздардың репертуарлық жағынан ізденіске алып келеді. Апта сайын концерт өткеннен кейін өнерпаздар репертуарларын жаңартуға тура келеді. Осы маусым барысында тағы да түрлі шара ұйымдастыру жоспарда бар», – деді Ақсу қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медіғат Манапов.
Халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани азық беретін «Ақсу толқыны» жазғы фестивалі тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қортындысы бойынша үздік өнер ұжымдары анықталады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ