Ел арасында осы міндетті мүлтіксіз орындап, халықтың алғысына бөленіп жүрген нағыз ержүрек жандар аз емес. Соның бірі – қоғам тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген cырбойылық Пірімбетовтер әулеті.
Өңір жұртына полицейлер династиясы ретінде жақсы таныс бұл отбасы мүшелері темірдей тәртіпті сақтай отырып, өз елінің патриоты болуды өмірлік ұстанымына айналдырған. Сол арқылы қызығы мен шыжығы мол салада тынымсыз еңбек етіп, жемісін көріп жүр.
Құқық қорғау саласының майталман маманына айналған отбасының әрбір мүшесі отанға қызмет істеу дәстүрін үздіксіз жалғастырып келеді. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәлімді тәрбиеге баулып отыр.
«Біздің әулеттің мақсаты – қылмыстық істерді тергеу мен ашу, қылмыскерлерді құрықтау ғана емес, сонымен бірге ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухты сіңіру. Негізінен, құқық саласын таңдауымыз да бекер емес. Отбасымыздағы атадан балаға мирас болған темірдей тәртіп пен тәлімді тәрбиенің негізінде қайсарлыққа, шыншылдыққа баулып өстік. Соның негізінде әулеттің абыройын кірлетпей, өзгеге қамқор болуды өмірлік ұстанымызға айналдыра алдық», – деп ойын жеткізді әулеттің абыройын арқалап жүрген тәртіп сақшысы Қуандық Түгелбай.
Қазір ол Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты қызметін абыроймен атқарып жүр. Өз ісінің майталман маманы бұған дейін мінсіз қызметі үшін «Парасатты полицей» байқауына қатысып, мерейлі марапатқа ие болған.
Әкесі де саналы өмірінде құқық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен жан. Қуандық бала кезінен бастап әкесі Аралбекті полиция қызметкері формасында көріп өскендіктен болар, үлкен қызығушылық танытып өскенін айтады. Әрдайым әкесінің қызметін үлгі тұтып, елдің қорғаны болуды алдына мақсат етіп қойыпты.
«Мен әрқашан әкемді мақтан тұтамын. Оның мойнына жүктеген жауапкершілік жүгі қаншалықты қиын екенін жастайымнан сезініп өстім. Өзім де құқық қорғау саласында қызмет етсем деп армандайтынмын. Негізінен, полиция – бұл өте қиын және күрделі мамандық. Өйткені осы саланы таңдаған адам әрдайым ел тыныштығын күзетіп, көп жағдайда өз басын қатерге тігіп тұрады. Бала кезімнен әкем әрдайым жұмыста болатын. Тіпті, көп жағдайда оны отбасылық дастарқан басынан да жиі көре бермейтінбіз. Содан бұл саланың қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін іштей сезініп жүретінмін», – деп ойымен бөлісті Қуандық.
Негізінен, әкесі Аралбек Пірімбетов құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп, полполковник шенін алған. Алғашында қызмет жолын учаскелік полиция инспекторынан бастап, кадр бөлімінде аға инспектор, кадр саясаты жөніндегі орынбасар, Қазалы ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарған. Ал 2014 жылдан бастап бүгінге дейін учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Өз қызметінде Аралбек Түгелбайұлы «Мінсіз қызметі үшін» медальдары, «Жылдың үздік сақшысы» номинациясы және де бірқатар республикалық, облыстық марапаттарды иемденген.
«Отбасымызбен татулықты сақтап, өзгеге қамқор болуды басты мақсатымыз санаймыз. Қиын да қауіпті жұмыс біздің отбасымыздағы қарым-қатынасымызға теріс әсер етпейді. Керісінше, полиция бізді жақындастырады. Отбасымызбен талқылау үшін ортақ тақырыптар әрқашан бар», – деп әкесі ағынан жарылды.
Қуандықтың анасы Гүлмира Пірімбетова Қазалы ауданындағы мектеп-лицейінде кітапханашы болып жұмыс істейді. Құқық қорғау саласында қызмет жасамаса да, әрдайым балаларын шыншылдыққа, ашықтыққа тәрбиелеп, өз елінің нағыз патриоты болуға жол сілтей білді. Ал үлкен әпкесі Абимада Пірімбетова әке жолын қуып, інісіне үлгі болды десек болады. Бүгінде Қызылорда стансасы Жергілікті полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция капитаны қызметін адал атқаруда.
«Мен өз отбасымды үлгі тұтамын. Әкем мен анам бізге жақсы тәрбие берумен қатар, қызметте халықтың қауіпсіздігі үшін адал болуға үйретті. Осы саланы таңдағаныма өкінбеймін. Елге аз да болса пайдам тисе маған одан асқан бақыт жоқ. Көптің алғысын алып, елге қамқор болуды басты борышым санаймын», – дейді әпкесі.
Қызылордалық Пірімбетовтер әулеті үшін Қазақстан полициясы күні отбасылық мерекеге айналған. Әр жылда әулет болып, дастарқан басына жиналып, осы күнді кең көлемде атап өтуді жанұялық дәстүрге айналдырған.
Біз де өз кезегінде полиция отбасын мерейлі мерекесімен құттықтап, игі тілегімізді арнадық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы