Оның бірінде әлі бүршік жармаған балғынды төсек қатынасына өзінің туысы тартса, енді екінші жағдайда жас баланы жыныстық қатынасқа көршісі азғырған. Әрбір екі жағдайдың бірінде бүлдіршіннің болашағы бұзылып жатқанын аңғару қиын емес. Тек некен-саяқ жағдайда жасөспірім азғындықтан аман қалып жатады.
Зорлау мен азғыру өршіп тұр
Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімшесі берген ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылдың бес айында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар 28,6 пайызға, ал 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу 66,7 пайызға төмендеген екен. Алайда зорлау, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер және жас баланы азғыру 100 пайызға өсіп кеткен.
– Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу өте қиын. Өйткені әрбір екінші қылмысты үй жайға жақын адамдар, бірге тұратын өгей әкелері, көршілері немесе жақындары жасап жатады.
Тіркелген деректерді талдау кезінде ең бірінші жұмыссыз халықтың көбеюінен қылмыстардың саны артып жатқанына көз жетті. Одан бөлек, интернет-желілердің қолжетімділігі, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігі жыныстық сипаттағы қылмыс түрін өршітуде. Мәселен, бес айда тіркелген жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықтың бір дерегі өзінің танысымен жасалған. Ал 16 жасқа толмаған жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсудің 3 дерегі өзара келісім бойынша болған. Жас баланы азғырудың 2 дерегі өзінің танысымен орын алса, біреуі нағашы ағасымен жасалған. Бір қылмысқа көршісі барған.
Жыныстық сипатағы қылмыстардан ең белең алып тұрған 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу Тараз қаласы аумағында тіркеліп отыр. Үш деректе де жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсу өзара келісіммен орын алған, – дейді Тараз қаласы ПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаев.
Қылмыскерлер некеге тұруға тырысады
Иә, бұл шын мәнінде төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдай. Жат емес жақының осындай қиянат жасап жатса, елге не бетіңді айтасың? Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаевтың сөзіне сүйенсек, көп жағдайда жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп қойған тұлғалар отбасы абыройын ойлап, азаматтық некеге тұруға тырысады екен. Ал кейбірі ата-баба дәстүрін алға тартып, жасөспіріммен некеге тұрып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға жан салатын көрінеді. Осылайша, олар жыныстық қатынас өз еркімен болды деп бұрмалап алуда.
Негізі, тәртіп сақшылары мен психологтер бала тағдырына ата-ана тікелей жауапты екенін алға тартады. Көп жағдайда жайсыз отбасылардан бұзық балалар мен зорлық-зомбылық көрген жасөспірімдер шығып жататыны да белгілі. Ювеналды полиция бөлімшесі жүргізген талдау нәтижесіне көз жүгіртсек, жыныстық сипатындағы зорлық көрген жәбірленушілердің 87,5 пайызы толық емес отбасынан шыққандар екен. Екеуінің ата-анасы бұрын сотты болған. Енді екеуі «қорғау нұсқамасы шығарылған» санаттары бойынша есепте тұрған әке-шеше.
Тағы бір айта кетерлігі, азғындыққа жол берді деген күдіктілердің жасы 18 бен 62 жас аралығында. Жыл басынан ұсталған 4 ересек азаматтың орта білімі бар болса, бір күдіктінің өзі – буыны әлі қатпаған колледж білімгері. Бір азамат «Шартты түрде сотталған санаты» бойынша полиция бөлімінде есепте тұр.
Ойнап жүріп, от басу
Қылмыстар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыс жасаудың негізгі себебінің бірі үйден кету деректері болған.
– Қала аумағында жыл басынан бері 91 кәмелетке толмаған жасөспірімнің үйден кету хабарламасы тіркелді. Оның 45-і қыздар болса, 46-сы – ұл бала. 91 жастың 63-і – мектеп оқушылары. 24-і колледж білімгері болса, төртеуі – еш жерде оқымайтындар. Міне, осылайша жасөспірімдер үйден қашу арқылы от басып жатады. Сондықтан біз ата-аналармен де жіті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, балалардың үйден кету себептерін анықтап, алдын алып жатырмыз. Ол үшін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияда 60 іс-құжатты қарап, арнайы мектепке 8 жасөспірімді орналастырдық. «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел алдын алу іс-шарасын да қолға алып, беймезгіл уақытта көше кезген балаларды үйлеріне қайтардық, – дейді Ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаев.
Бұл ретте түнгі мезгілде заңды тұлғалардың қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде жүрген кәмелетке толмағандардың ата-аналарына әкімшілік шаралар қолданып жатқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тарапынан түрлі профилактикалық шаралар да жүргізілуде. Алайда одан тентек балалардың саны азаймай тұр. Мәселен, жыл басынан бері түрлі құқықбұзушылықтары үшін 1 171 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілген. 135 жасөспірім және 64 қолайсыз отбасы есепке алынған. Сондай-ақ 179 жасөспірім Полиция басқармасының профилактикалық есебіне ілінген.
Бірнеше рет құқықбұзушылық жасағаны үшін девиантты мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке 6 кәмелетке толмаған орналастырылса, 31 ата-ана немесе қамқоршы «ата-ана» құқығынан айырылған. Бұдан бөлек, рейдтік шаралар барысында спирттік ішімдік ішкен, бұзақылық жасаған және түнгі уақытта қараусыз қалған 122 жасөспірім «Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына» жолданған.
Жан дүниесі жаралы жаннан азғын шығады
Міне, байқап тұрсаңыздар, қолайлы орта көрмеген бала қылмысқа барып немесе өзі қылмыскердің құрбанына айналып жатады. Осы қараусыз жүрген балалардың қаншасы зорлық-зомбылық көріп жатқанын тап басып айту қиын. Өйткені тәртіп сақшылары мен ата-ана көп жағдайдан беймәлім болып жататын кезі көп. Ал мектеп пен орта оқу орындары жыныстық сипатындағы қылмысты жасыруға тырысып жататындығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Ересек не қатарластары тарапынан зорлық көрген кейбір жастар ішіндегісін бөлісетін адам таппай, соңы ауыр шешімге келіп жатады. Оның ең өзектісі – өз-өзіне қол салу. Биылғы жылдың бес айында суицидтің 8 дерегі тіркелсе, оның 2-і өліммен аяқталған. Өз-өзіне қол салғандардың 6-ы қыз бала болса, 2-і – ұл. Олардың 3-і – мектеп оқушысы. 4-і – колледж білімгері. 1-і ғана еш жерде оқымайды. Бұлардың да дені толық емес отбасынан шыққан.
Осы орайда жасөспірімдерге азғындық жасау ауру ма, әлде бұның басқаша психологиялық түсінігі бар ма, соны білмекке маман кеңесіне жүгіндік. Сондай-ақ жыныстық зорлық көрген баламен қалай жұмыс істеу керек?
– Психологияда «Инцест» деген термин бар. Бұл – өзінің туыс, жақындарымен жыныстық қатынасқа түсу деген ұғым. «Инцест» бұл ауру емес. Бұл – психикалық өзгеріс. Адам не жақынын, не қарсы тұрған адамның жынысын ажырата алмай қалатын күйге түседі. Мұндай психикалық ауытқу кез келген адамда кез келген уақытта болуы мүмкін. Сондықтан адам егер бойынан сондай өзгерісті байқаса, бірден психологке жүгінуі керек.
Ал мұндай психикалық өзгеріске ұшыраған адамның құрбанына көп жағдайда қараусыз қалған балалар айналып жатады. Егер ата-ана жақынының не туысының әрекетінен өзгеріс байқаса, баласына бақылауды күшейту керек. Себебі психикалық ауытқуға ұшыраған адам өзі білместен зорлық әрекетке баруы ықтимал.
Баланы негізі, 3 жастан бастап ата-ана бөлек жатқыза бастайды. Міне, осы кезден бастап балаға жыныстық мүшені көрсетпеу, бөтен адамдардың қасында киініп жүру деген сияқты нәрсені үйрету керек. Ата-ана баласымен ашық сөйлесуден қорықпауы қажет. Сонда ғана оны қауіптен аман алып қала алады.
Көп жағдайда ата-ана баласына жыныстық зорлық көрсетілгенін жасыруға тырысады. Осылайша, олар баланың болашағын қорғап жатырмыз деп ойлайды. Алайда бұл дұрыс емес. Егер зорлық көрген баланы тез арада тиісті маманға апармаса, оның арты қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ата-анасына, не өзге жақындарына ішкі дүниесін айта алмаған бала соңы өз-өзіне қол салуы мүмкін. Мұндай жағдайларды күнделікті көз де көріп жүр.
Бала кезінде зорлық көрген баланың өзі де ержеткенде азғындыққа баруы мүмкін екенін бүгінгі психология дәлелдеп отыр. Бала кезінде жан дүниесіне түскен жарасын өзгеге қиянат көрсету арқылы жазғысы келетін жағдайлар көп. Сондықтан зәбір көрген баланың жан жарақатын жасырмай, керісінше онымен мамандар жұмыс істеуі керек. Қазір құпия түрде көмек көрсететін психологиялық та, медициналық та орталықтар бар. Міне, осы жерде балаға дер кезінде көмек көрсетілгені абзал, – дейді психолог Мөлдір Сабербекова.
P.S.
Психолог маман осындай кеңес беруде. Бұны дұрыс әлде бұрыс дей алмаймыз. Өйткені баласының жыныстық зорлық көргенін жасыру әлде жасырмау – әр ата-ананың жан дүниесінің еркі. Алайда «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтінін» ұмытпаған жөн. Әзірге, бүгінгі медицина, психология, тәртіп сақшылары, тіпті билік өкілдері психологиялық ауытқуға түскен адамды ерте анықтап, қылмыстың алдын алуға мүмкіндігі болмай жатқан тұста бауыр еті балаңызға өзіңіз сақ болғаныңыз абзал. Ертең бармақ тістемес үшін, бүгін балаңызбен ашық сөйлесіп, қоршаған ортасы мен қандай күйді бастан кешіп жүргенін қазірден білгеніңіз жөн. Сонда ғана қауіптің бетін қайтара аласыз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы