Ол үлкен деректер технологияcы негізінде құрылады және инновациялық шешімдердің дамуына, экономикалық көрсеткіштердің өсуіне ықпал етеді. Қазір бұл еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарына негіз болып отыр. Мұндай экономика нарықтағы процестердің жаһандануына және қоғамның әлемдік экономикаға интеграциясына оң әсер етпек. Әсіресе, халықты жұмыспен қамтуға, бизнес субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға сеп болады.
Жаһандық интернет жылдамдығын талдаушы әлемдік жетекші Ookla компаниясының Speedtest Intelligence индексі деректеріне сәйкес, былтыр Қазақстан бірден 23 позицияға көтеріліп, 72-орынға тұрақтаған. Осылайша, еліміз аймақтағы көршілес Өзбекстан (95-орын), Қырғызстан (100-орын) және Тәжікстан (141-орын) арасында көш бастап тұр.
Алайда егер осы көрсеткіштерді Datareportal компаниясының Жапониядағы интернет туралы есебімен салыстыратын болсақ, онда қазақстандық интернеттің жылдамдығы әлі де төмен. Мысалы, сол күн шығыс елінде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы – 46,28 Мбит / с, ал желілік интернеттің орташа жылдамдығы – 185,71 Мбит/с. Былтыр Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі экс-министрі Бағдат Мусин Астанадағы интернет Токиоға қарағанда жылдамырақ екенін айтқан болатын. Экс-министр байланыс сапасының нашарлығына шағымданған азаматтарға: «Қазақстандықтар интернет-трафикті көп мөлшерде – 15-20 гигабайт, ал дамыған елдердің азаматтары 9,9 гигабайт ақпарат тұтынады. Сондықтан байланыс сапасын жақсарту үшін адамдар мобильді интернетті үнемдеп, Wi-Fi желісіне ауысуы керек», – деді ол.
Ауыл тұрғындары онсыз да байланыс сапасы нашарлағандықтан, осындай әрекетке көшкендерін айтуда. Мәселен, оңтүстік өңірдегі Сарыағаш қаласының тұрғыны Әсел Болатова ұялы байланыс операторларының қызметіне көңілі толмағандықтан, үйіне арнайы Wi-Fi желісін орнатуға мәжбүр болған.
– Ауылда интернеттің өзі әрең ұстайтынын білесіздер. Сол үшін 5 ай бұрын Wi-Fi желісін орнатып көрдік. Ол ұялы телефонға қарағанда жап-жақсы істеп тұрды. Бірақ шатаспасам, жылдамдығының нашарлағанына бір айдан асып қалды. Тұрғындар оған да ауылымыздың сай жерде орналаспағаны әсер еткен шығар деп шамалайды. Бағасы өсті, бірақ сапасы керісінше нашарлап жатыр. Соны түсінбей отырмыз. Алғаш қондырғанда 10 мың теңге еді, қазір 10 500 теңге төлейміз. Отбасы мүшелерінің барлығы пайдаланатындықтан, өзіміз үшін тиімді баға деп ойлаймын. Қазір жолдасым ғана жұмыс істейді. Ай сайынға табысы 120 мың теңге. Дегенмен Wi-Fi-дың құны қымбат демесем де, сол ақшаға интернетіміздің сапасы татымайтындай көрінеді. Себебі кейде интернеттің жылдамдығы бәсеңдей бастаса, біріміз Wi-Fi-дан шығып кетуімізге тура келеді, – дейді ол.
Шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары бағасы сапасынан озық келе жатыр деп қынжылса, еліміздің қақ төрінде орналасқан Астананың өзінде де интернеттің сапасы сын көтермейді. Елордалық жеке кәсіпкер Алия Күмісбайқызының айтуынша, желілік интернеттің де, оптикалық интернеттің де жылдамдығы көңіл көншітпейтін көрінеді.
– Бастапқыда пәтеріміз «Қазақтелекомның» интернет желісіне қосылған болатын. Сол себепті жылдамдығы нашар болған шығар деп ойладық. Бірақ қазіргі үйімізде оптикалық желіге қосылсақ та, жылдамдығынан аса бір өзгеріс байқаған жоқпыз. Астананың өзінде байланыс опреаторлары мен интернет қызметінің сапасы осындай төмен деңгейде. Кейде үйде отырып жұмыс істеу қажет болғанда, не Wi-Fi, не ұялы телефондағы интернетке қосылып жұмыс істей алмайсың. Елорданың өзінде неге байланыс қызметтерінде осындай проблема болатынын түсіне алмай-ақ қойдық, – дейді ол.
Салыстырар болсақ, қазір елімізде ұялы желілер арқылы мобильді интернетке қосылудың орташа жылдамдығы – 35,49 Мбит/с, желілік интернетке қосылудың орташа жылдамдығы – 51,41 Мбит / с. Datareportal агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, елімізде мобильді интернет жылдамдығы 2023 жылы 68,6% - ға өскен. Ал 2022 жылы орташа жылдамдық 21,05 Мбит/с, 2023 жылдың аяғында 35,49 Мбит/с жеткен. Зерттеу 2024 жылдың басында Қазақстанда 18,9 млн адам интернетті пайдаланғанын көрсетті. Оның ішінде 14 млн қазақстандық әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланды, бұл 2023 жылдың басымен салыстырғанда 3,7 млн адамға артық.
Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы жылдың алғашқы 5 айында азаматтардан интернет сапасына қатысты 11 мыңға жуық шағым түскенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігінің байланыс сапасына, тарифтердің жылдамдығы мен бағасына көңілі толмайды. Бұған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш саласының министрі Жаслан Мәдиев ведомство интернетті жақсарту бойынша шаралар әзірленген деп жауап қатты. Мемлекеттік деңгейде қазір қандай шара қабылданса да, 1 шілдеден бастап «Қазақтелеком» АҚ мұрағаттық тарифтер желісінің кейбір тарифтік жоспарларына тариф бағасын қымбаттатпақ.
Internet Accessibility Index деректері бойынша, республика әлем елдері арасында ең төменгі мобильді интернет құны бойынша алтыншы орында. Қазақстандағы абоненттер 1 ГБ мобильді деректер үшін бар болғаны 0,6 АҚШ долларын төлейді.
Үкімет басшысы операторлардың тарифтерінің мерзімді өсуі ерекше назар аударуға тұрарлық екеніне тоқталды. Өздеріңіз білетіндей, бәсекелестікті дамыту мақсатында байланыс қызметтеріне тарифтерді мемлекеттік реттеу жойылды. Бұл бәсекелестік басты реттеуші болуы керек деген сөз. Бірақ қазір барлық оператордың бағалары шамамен бірдей екенін көріп отырмыз. Сонымен қатар Салық кодексі шеңберінде операторларға радиожиілік спектріне 90% жеңілдік қарастырылған. Бұл ретте операторлар лицензиялық міндеттемелерге сәйкес үнемделген қаражатты байланыс инфрақұрылымын дамытуға инвестициялауға тиіс. Министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп операторлардың өз міндеттемелерін толық орындауын қамтамасыз етуі, баға келісімдеріне және тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуі қажет», – деді О.Бектенов.
Желінің дамуы және халықтың интернетке қол жетімділігі – елдің цифрлық экономикасы мен бизнес-процестерінің дамуына әсер етуші драйвер. Экономика салаларының ішінде, әсіресе e-commerce, онлайн-банкинг және логистикалық компаниялар сияқты сегменттердің тиімділігі интернеттің тұрақты жұмысына тікелей байланысты.
Соңғы кездері аймақтарға инвестиция тарту және өңірлердің экономикалық өміріне ерекше реңк беру жайында жиі сөз болады. Аймақтардағы мобильді интернет сапасының өсуі экономиканың әлеуметтік маңызды секторларында жоғары технологиялық экожүйелердің қалыптасуына негіз болады. Демек, мұндай үрдіс салаға жоғары көлемде инвестиция тартуға алғышарт екені даусыз.
Дүниежүзілік банктің есебінен сөзімізге дәлел келтірер болсақ, желілермен қамту ауқымы мен интернет жылдамдығы елдің ЖІӨ көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етеді: интернет жылдамдығы неғұрлым жоғары болса, бизнес өнімділігі соғұрлым тиімді болады.
Инвестиция демекші, қажетті инфрақұрылымды құру – бұл өте көп инвестицияны қажет ететін жоба. Дегенмен соңғы жылдары байланыс секторына инвестициялар айтарлықтай өсті. Мәселен, егер 2016-2017 жылдары инвестициялар сомасы 63,1 және 65,9 млрд теңгені құраса, 2020-2021 жылдары ол еселеп өсіп, тиісінше рекордтық 140,9 және 128,6 млрд теңгеге жетті. Жалпы, соңғы бесжылдықта сектордағы инвестициялар сомасы 530,7 млрд теңгені құрады. Жалпы, 2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторлары телекоммуникация саласына 450 млрд теңгеден астам инвестиция салатын болады.
Биылдан бастап елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде 100 Мбит/с кең жолақты интернетпен қамту. Жоба аясында айтарлықтай қаражат сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады. Ауылдық жерлерде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің тармақталған жүйесін салуға баса назар аударылмақ. Мәселен, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы 3 мыңнан астам ауылда тиісті байланыс желісін монтаждау жоспарланып отыр.
ЮНЕСКО жүргізген зерттеу деректері бойынша, 2023 жылы Қазақстан халқының 95%-ы интернетті пайдалануға қол жеткізген. Ұйым елімізде интернеттің дамуын тежейтін негізгі себеп халықтың табысының төмен деңгейі екенін алға тартады. Алайда Үкімет бұл мәселені аудан-аймақтардағы желілерді дамыту үшін байланыс операторларына субсидиялар беру арқылы шешуді көздейді. Келесі жылы халықты 100% интернетпен қамтуға қол жеткіземіз деген Қазақстан үшін бұл үлкен маңызға ие. Себебі интернет экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтау және қоғам өмірінің басқа да салаларын дамыту үшін кең мүмкіндіктер ашады.
Кәмила ЕРКІН