Мәселенің байыбына бару үшін бұл күндері оқиғаның қалай өрбігеніне тоқтала кеткенді жөн көрдік.
18 маусым, Киев уақытымен сағат 12.14
JQ-Aqparat жазғандай, Украина астанасының орталығында Ярмола көшесінде белгісіз біреу ерлі-зайыпты Садықовтар отырған көлікке оқ атады. Оқ Садықовтың басына тиген көрінеді. Логикалық тұрғыдан екеуіне қастандық жасалуы тиіс, бірақ әйелі Наталья дін аман…
Сондай-ақ Украина билігі мен Натальяның уәждері бір-бірімен қабыспайды. Украина полициясы тоқтап тұрған мәшинеге дәлдеп атқан адам бой тасалады десе, Наталья көлік жүріп бара жатқанда оқ атылды дейді. Наталья мергеннің кәсібилігін «сезіпті»-мыс…
18 маусым, қастандықтан соң 1 сағат өткенде
Ондаған БАҚ («Настоящее Время», «Страна.UA», «Украина Сейчас», «Киев 24» және басқалар) журналистері оқиға орнына келе қалды. Наталья дереу оқиғаға баға бере бастады. Қандай да бір тергеу жүргізілмей жатып, кінәлілердің атын атап, түсін түстеп тастады.
Содан кейін ол әлеуметтік желіде Айдостың ахуалын баяндап, аяныш туыратын пост жариялады. Кейін қолдау жинап алған соң, мәтінді өңдейді де, Қазақстан билігін беталды кіналауға көшеді.
19 маусым, Астана уақытымен сағат 11.10, Ақорда
Президент Қ.Тоқаев тасқынға қарсы күресте белсенділік танытқандарды марапаттау барысында, протоколдан тыс осы қастандыққа қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы қазіргі Қазақстанда кез келген түйткіл заң шеңберінде ғана шешілетінін айтты. Саяси көзқарасына қарамастан, барлық азамат заңмен қорғалады.
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Садықовтар отбасының контенті бар екенін тіпті де білмейтінін, өйткені елімізде мұндай каналдардың жүздеп артылатынын жеткізді.
Сол күні Киев уақытымен сағат 23.46-да Наталья балаларымен Украина билігі тарапынан қорғауға алынғанын, Қазақстаннан ешқандай көмек қажет емес екенін мәлімдеп, тағы да ҚР билігіне кінәні үйіп-төкті.
20 маусым, Киев
Украина бас прокурорының кеңсесі осы қастандыққа байланысты екі қазақстандық: М.Қаратаев пен А.Жақанбаевтың күдікке ілінгенін хабарлады. Хабарламада күдіктілердің бүкіл іс-қимылы, мекенжайы, сатып алған көлігі, телефон нөмірлері, қару-жарағына дейін тәптіштелген. Тіпті, олардың қаруды қай жерде тастап кеткені де айтылады.
Украина құқық қорғау органдарының мәліметті осылай жылдам жинауы таңғалдырады. Олар әу бастан әлгі екеуінің соңынан аңдып жүргендей әсер қалдырады. 21 маусымда күдіктілерге халықаралық іздеу жариялап тастады. Мұндай шапшаңдық тегін емес.
21 маусым, Астана уақытымен сағат 10.30, ҚР ІІМ
ІІМ Айдос Садықовқа қастандық жасады деген күдіктінің 2019 жылы полициядан кеткені туралы мәлімдеді.
21 маусым, сағат 14.10, Астана, Бас прокуратура
Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастады. Жедел тергеу тобы құрылды. Қадағалаушы орган қылмыстық істі тергеу барысын айрықша бақылауға алды.
Түйін:
Оқиғаның бұлай өрбуі және Қазақстан билігіне жылдам кінә артылуы жоспарланған саяси әрекетке меңзейді.
Қазақстан оқиғаға байсалды түрде бірден үн қатып, әр ақпаратқа дәлелді уәжбен жауап беруде.
Қалай болғанда да, Қазақстанға қарсы кең ауқымды ақпараттық шабуыл басталған сияқты. БАҚ пен әлеуметтік желіде дәлелсіз ақпаратты жылдам таратып, оны дабыраға айналдырып жатқанының астарында үлкен геосаяси ойынның құлағы қылтияды.