Тараз қаласының Қарасу шағынауданында күшті жарылыс болды

Жауапты қызмет оның себептерін анықтап жатыр.

22 маусым күні сағат 21:50–де QazaqGaz Aimaq АҚ Жамбыл өндірістік филиалының жедел-диспетчерлік қызметіне Тараз қаласының Қарасу шағынауданында күшті жарылыс болғаны туралы хабарлама түсті, -  деп жазады Aikyn.kz.

Зардап шеккендер жоқ.

Өңірдегі өндірістік филиал жарылыс орнында газ құбырының өтпей тұрғанын, төтенше оқиға басқа себептермен болғанын және анықталып жатқанын хабарлады.

«Газ қызметінің мамандары оқиға орнын газ анализаторымен тексеріп, ауада газ концентрациясы жоқтығына көз жеткізді.

Қазіргі уақытта оқиға орны қоршауға алынды, барлық қалалық қызметтер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, жарылыс себептері анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, жерасты жоғары вольтты электр желісінде қысқа тұйықталу болған», — дейді ведомствоның қоғаммен байланыс департаментінің директоры Мұхит Ықылас.