Бүгінде аты бар, заты жоққа айналған Төре күйшілік мектебі

Күйшілік өнерді шертпе және төкпе күй тарту дәстүрі деп бөлсек, оның ішінде аймақтық күй мектептері тағы бар.

Бір ғана Батыс Қазақстан күй мектебі орындаушылық және күйдің композициялық құрылымына сай бірнеше күйшілік ұяшықтан тұрады.

Бүгінгі әңгімеміз Дәулеткерей Шығайұлының (1820-1887) орындаушылық мектебі жайлы болмақ. Ел арасында бұл орындаушылық мәнер «Төре күйшілік мектебі» деп аталады. «Төре» аталғанының өз себебі бар. Дәулеткерей сонау Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ. Бөкей ханның немере інісі. Орданың хандық құрған тұлғалардың тізбегін қарайтын болсақ: алғашқысы Бөкей хан Нұралыұлы, одан кейін Шығай хан Нұралыұлы (Жәңгір кіші жаста болғандықтан, уақытша «регент» болған) және Жәңгір ханның өзі. Дәулеткерей осы Шығай ханның бел баласы. Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесінде»: «Дәулеткерей төре күйлерінің атасы» дейді.

«Төре тартыс» деген не? Бұл сұраққа жауапты Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» кітабында кездестіреміз. «Төре тартыс дегеніміз – ең алдымен, музыкалық мәдениетіміздегі күйшіліктің орныққан оқшау дәстүрі. Бұл дәстүрдегі күйлер лирикалық сезімталдығымен ерекшеленеді. Төре күйлері, дәлірек айтсақ төре тартыс адам сезімін арқау етуге, адамның ішкі әлемін жырлауға алдымен ден қояды. Адамның ішкі әлемін, сезім-түйсігін қоршаған ортамен, өзі ғұмыр кешкен қоғаммен шендестіріп көрсетуге төре күйлері айрықша икемді».

Бұл жерде арнайы тоқтап, түсіндіріп кететіндей екен. «Домбыра тартқанның бір-бірінен қандай өзгешелігі бар?» деп оқырман сұрақ қоюы әбден мүмкін. Әсіресе, егер бұл Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлеріне қатысты болса. Әріге бармай-ақ, аты аталған екі күйшінің күйлері жайлы тоқталып өтейік. Өте қарайымдап айтсақ, Құрманғазы күйлеріне керегі оң қолдың күші, ал Дәулеткерей күйлері сол қолдың күшін аса қажет етеді. Әрине, бұл өте қарабайыр түсіндіру. Бірақ домбыра тартып емес, тыңдап рақаттанатын адамға осылай түсінікті деп есептейміз. Құрманғазы күйлерінде оң қолды құлаштап тарту тән болса, Дәулеткерейдің күйлеріне бұл керек емес. Мығым тартыс сақталғанымен, ерсілі-қарсылы қол қағу кездеспейді.

 

Ахмет Жұбанов «Дәулеткерей төре күйлерінің атасы» десе де, ол күй тарту дәстүрі төбеден түсіп қалмағаны белгілі. Бүгінде домбыра тартып, артынан күйменен із қалдырған бірнеше ханның есімін атауға болады. Олар Арынғазы хан, Жантөре хан, тіпті Абылай ханның өзі домбыра тартыпты деген сөзді күй шежіресінде кездестіреміз. Айтпағымыз мынау – қандай да бір құбылыс көрсек те, ол ғайыптан тайып пайда болмаған. Ғасырлар бойы қалыптасқан бір дәстүрдің, тарихи сабақтастықтың нәтижесі.

Төре күйлердің айырмашылығы неде? Біріншіден – күйдің мазмұнында. Ол күйлерден паңдық, маңғаздықты көруге болады. Әр дыбысында аристократтық бар. Айтар ой күй бетінде емес, түкпірінде жатыр. Әу дегеннен байқай алмайсыз. Үңілу керек, ойлану қажет. Өреңіз жетсе байқайсыз. (Әрине, бұл тек күйдің өзіне емес, күйді орындап жатқан адамның да білімі мен шеберлігіне байланысты. Өкінішке қарай, бүгінде төре күйлерін тартушылар басқа да күйшілердің мәнерімен орындап шығады. Яғни, нотасы бәрі дұрыс. Бірақ күйдің бастағы мазмұны жоқ).

 

Сөз басында жаздық, Дәулеткерейдің домбырашы ретінде қалыптасқан жері – Бөкей ордасы. Бұл аймақта тағы бір алпауыт күйші Құрманғазы Сағырбайұлы да өсіп-жетілді. Алайда екеуі шығарды деген күйлердің мәнері екі бөлек. Қарапайымдап түсіндіріп көрейік, Құрманғазы күйдегі айтар ойын бірден, ойланбастан жеткізеді. Күй басталғанда бірден бұл мінезді байқайсыз. Дәулеткерейдің күйлері бөлек, олар алдымен ойланып, бағамдап, ойды тұспалдатып отырады. Алып ұшқан «ұр да жық» жоқ. 

Дәулеткерейдің шығармашылығына оның ортасы мен көргені әсер берген. Ортасы дегеніміз – Хан ордасы. Болашақ ел билейтін сұлтандардың тәрбиесі де өзгеше болатынын айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, Дәулеткерейдің іргелес жатқан үлкен қалаларға барғаны, қала берді Мәскеу мен Петербор көргені бар. Осы сапарлар оның өнеріне сөзсіз әсер етті. П. Аравин сынды бірқатар музыкатанушылардың жазатын «Дәулеткерей күйлеріндегі симфонизм иірімдері, сарындары» оның симфониялық музыка, опера тыңдап көкейіне түйгендігінің белгісі. Айырмашылығы да осы.    

Дәулеткерейдің Мәскеуге сапарында түскен суреті. Күйші ортада, екінші қатарда тұр

Дәулеткерейді ел ішінде «Бапас» деп айтқан екен. Бұл Ахмет Жұбановта да, Александр Затаевичте де айтылған. «Бапас» сөзі жайлы біраз қарадық. Барлығының айтар ойы – Дәулеткерейдің өзі мен өнерін, қызметі мен ел арасындағы беделінен қойылған сыйластық анықтама сөз. Мысалы, А. Жұбанов «Ән-күй сапары» еңбегінде былай дейді: «...күйдің атасындай көрінгенінен Дәулеткерейді халық елуден аса бергенде Бапас деп атап кеткен. Марқұм Дина да әңгімелерінде үнемі Бапас деп отыратын. А. Затаевич те оның Бапас атанғанын айтып кетеді. Біз бірқатар жазған еңбектерімізде де оны Бапас деп жібердік».

Осы ретте арнайы тоқталып өтетін бір жайт бар. Бүгінде Дәулеткерейдің өмірін жазып жүргендер «күйші негізінен қыздарға арналған күйлер шығарды» дейді. Бұлай қорытынды шығарғанның себебі – күйлердің аттарын ғана оқып алуы. Әрине әйел затына арналған күйлер бар. Дегенмен ол өмірінің негізгі мұраты емес еді. «Жігер», «Топан» сынды күйлердің авторын «негізінен әйелдерге күй арнаған» деп жазу кем дегенде әбестік деп есептейміз. Кейін тағы бір нәрсеге аудару керек. Дәулеткерейдің шежіресі Кеңес Одағы кезіндегі идеологияға сай келмегеннен біраз өзгертілді. Амал жоқ, күйшіні өз еңбектеріне қосу үшін Жұбанов бастаған зерттеушілер Совет идеологиясына келмейтінін жасырып, сай келетінін асырғаны бар. 

Ұстазымыз Таласбек Әсемқұловтың бір әңгімесі еске түсіп отыр. «Жас кезім. Алматыға енді келгенім. Мұхтар Мағауинмен көшеде серуендеп жүргенбіз. Бір саябаққа келгенде орындықта Бөкейхановтардың біреуі отыр екен. Сәлем алысып-беріскеннен кейін екеуі әңгімелесіп отыр. Мен тыңдаушымын. Арасында Бөкейхановтың «еее, Бапастың біраз күйлерінің аты өзгеріп, кейбірі басқа күйшінің атымен аталып кетті ғой» дегені бар еді». Бұл – Таласбектен естіген сөз.

Дәулеткерейдің күйлері бізге оның ұлдары мен шәкірттері арқасында жетті. Белгілісі Салауаткерей Дәулеткерейұлы және Мақар Жапаров. Кейінгі буын Науша мен Махамбет бастаған ағайынды Бөкейхановтар, атақты Дина күйші де Бапастың бірнеше күйін жазып қалдырды. Одан кейінгілері Қали Жантілеуов сынды күйшілердің буыны бар.

Құрметті оқырман, мақаланың оқи бастағанда Дәулеткерейдің өмірбаяны жайлы болар деп ойлаған шығарсыз. Біз әдейі күйшінің биографиясына соқпадық. Онсыз да ғаламторда ақпарат жеткілікті. Ал сол деректі түрлендіріп қайталап шығу біз үшін қызықсыз болды. Біздің мақсатымыз, сіздерге ұмыт бола бастаған, «аты бар заты жоққа» айнала бастаған Төре күйшілік мектебі жайлы қолымыздан келген ақпаратты беру еді.

Бұған дейін күйші  Дәулеткерейдің Мәскеу мен Петерборға сапары туралы жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.