Түркістан облысында Түлкібас-Арыс учаскесінде жүк вагондарының жолдан шығып кетуіне байланысты жабылған жол ашылып, пойыз қозғалысы қалпына келтірілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі пойыздары кешіккен жолаушылар тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Жолда қалып қойған 492 жолаушыны жеткізу үшін 5 автобус көмекке келді. Жүк вагондарының жолдан шығып кету салдарын жойып, қозғалысты қалпына келтіру үшін 100-ден астам теміржолшы жұмылдырылды.
«Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және пойыздардың кідіру уақытын қысқарту мақсатында қажетті шараларды қабылдап жатыр. Анықтамалық ақпаратты «1433» тегін нөмірі арқылы алуға болады», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, кеше Түркістан облысында жүк пойызы рельстен шығып кеткен еді. Зардап шеккендер жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.