"Атырау" телеарнасының жаңалықтар эфирінің жүргізушісі Диар Наурызбеков небәрі 18 жаста.
Қазіргі уақытта Диар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика кафедрасының бірінші курсында оқып жатыр. Жас тележүргізуші "Атырау" телеарнасында тілші және жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі болып жұмыс істейді.
Диар Наурызбековтің айтуынша, ол журналистика саласын тектен-тек таңдамаған. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты осы салада жұмыс істейтін анасына қарап таңдаған. Оның анасы Динара Канбетова жергілікті сайттардың бірінде бас редактор болып қызмет етіп жүр.
"Анам бала кезімнен менің тележүргізуші болып жұмыс істегенімді қалайтынын айтатын. Мен оның сөзіне аса мән бермедім, өмірімді басқа мамандықпен байланыстырамын деп ойлаушы едім. Қазір облыстық телеарнаның дикторы болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл сала маған өте ұнайды. Журналистика өте қызықты әрі жан-жақты мамандық, - дейді Диар Наурызбеков.
Жас тележүргізушінің айтуынша, оған жұмыс пен оқуды үйлестіріп, қатар алып жүру аса қиын емес. Өйткені, журналистика кафедрасының барлық оқытушылар құрамы өсіп келе жатқан тележұлдызды қолдап келеді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.