Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. Қайтарылған учаскелер бірінші кезекте халыққа ауылдық жерде мал жаю үшін беріледі.
Депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3 есеге – 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Сондай-ақ биыл агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға 431 млрд теңге қарастырылған. Қосымша 323 млрд теңге қажет. Бұл мәселе бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады.
Вице-премьер «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру кезіндегі проблемалар туралы айтып берді. Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешу үшін жүйелі шаралар қабылданған.
«Бұл мәселелерді өңірлермен бірге «AMANAT» партиясымен және осы саладағы сарапшыларды қоса отырып бірнеше мәрте талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді бірқатар өңірде алдымен пилоттық түрде жүзеге асырғымыз келеді, кейін тәжірибе алмасып, әр облыстың ерекшеліктерін ескере отырып жасаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Кәмила ЕРКІН