«Парасат» байқауының жеңімпаздарын марапаттады

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күні қарсаңында Парламент Сенатында журналистер арасындағы «Парасат» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев әр аталым бойынша үздік шыққан жеңімпаздарды құттықтап, жүлделерін салтанатты түрде тапсырды.

Мәулен Әшімбаев журналистер қауымын құттықтай келе, бұқаралық ақпарат құралдары Әділетті Қазақстан құру бағдарын іске асыруға белсенді қатысып келе жатқан маңызды инсти­туттардың бірі екенін айтты. Сенат Спикері жур­на­листердің парламенттік пулы заң шығарушы орган мен қоғамды байланыстыратын мәнге ие екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол елімізде болып жатқан оқиғалар, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформалар, сена­торлардың жұмысы және заңнамалық өзге­рістер мен қабылданған шешімдер жайында ақпарат таратып, олардың маңызын халыққа дәйекті түрде жеткізіп жүрген тілшілер қауымы мем­лекетіміздің дамуына үлкен үлес қосып отыр­ғанын атап өтті.

«Соңғы жылдарда елімізде Мемлекет басшы­сының бастамасымен Әділетті Қазақстан құру жолында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл – барша қазақстандықтың алдында тұрған маңызды міндет. Осыған бай­ланысты кешенді саяси, экономикалық, әлеу­меттік рефор­малар іске асырылып келеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, идеология бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отыры­сында осы саладағы негізгі басым­дықтарды бел­гілеп берді. Сол қағидаттарды және атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданған заңдарды халыққа жеткізіп, олардың мәнін түсін­діруде бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керлерінің рөлі зор», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат жұмысындағы басым бағыттардың бірі өңірлердің дамуына ықпал ету, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдармен бірлесіп өзекті проблемаларды шешу екені белгілі. Осыған байла­­нысты Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құрал­дарының болған оқиғаны жедел және объек­­­тивті жариялауы, сенаторлардың депу­таттық сауал­да­­ры бойынша сюжеттері мен мақа­лалары, тұрақты ко­ми­­тет­тердің қызметі мен қабылданып жатқан заң­дар туралы талдамалық материалдары аса маңыз­ды екеніне назар аударды. Сондықтан сенаторлар БАҚ өкілдерімен байла­нысты одан әрі нығайтуға мүдделі.

«Парламент осы сессияда 100-ге жуық заң қа­былдады. Барлық заң халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, елімізді одан әрі дамытуға және аза­маттарымыздың құқықтарын қорғауға арналған. Осы ретте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға, қоғамдық бақылауды арт­тыруға және мемлекеттік сатып алу жүйесін же­тілдіруге арналған заңдарды ерекше атап өткен жөн. Маңызды нормалардың қатарында «Масс-медиа туралы» заң да бар. Бұл құжат масс-медиа сала­сындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Заң шығару қызметімен бірге Сенат маңызды мәселелерге арналған Үкімет сағаттары, Парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер және халықаралық іс-шаралар өткізді. Сенаторлардың өңірлерге сапарын да ай­рықша атап өткен жөн. Осы жұмыстың бәріне өзде­ріңіз де қатысып, олардың маңызын халыққа жеткізіп келесіздер. Сенат әрдайым бұқаралық ақ­парат құрал­дарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Алдағы уақытта осы байланыс одан әрі артады деп сенемін», – деп Мәулен Әшімбаев БАҚ өкілдеріне зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тіледі.

Айта кетейік, биыл «Парасат» байқауына қа­тысуға телеарналар, радио, газет, ақпарат пор­талдары және басқа да медиадан еліміз бойынша 120-ға жуық жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан жүзден жүйріктер анықталды:

Үздік телевизиялық материал: Айдарбек Балға­беков – «24KZ» телеарнасының Солтүстік Қазақ­стан облысындағы меншікті тілшісі, Фариза Болатбек – Atameken Business телеарнасының тілшісі.

Үздік радиоматериал: Алмас Байдрахманов – «Қазақ радиосының» тілшісі.

Мерзімді баспасөздегі үздік материал: Ескендір Зұлқарнай – Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі, Екатерина Байняшева – «Наш Костанай» газетінің тілшісі, Aiqyn газетінің ұжымы.

Интернет-басылымдағы үздік жарияланым: Руслан Ғаббасов – «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісі, Әйгерім Уммат – Informburo.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Әлеуметтік желілердегі үздік жазба: Болат Бұхарбай – Jaqsy Bolady Youtube арнасының автор-жүргізушісі, Абай Тіленшиев – Abay Live YouТube арнасының автор-жүргізушісі, Ренат Ташкинбаев – «Другие места» блогының авторы.

Жылдың арнайы сыйлығы – «Үздік анали­тикалық материал»: Амангелді Сейітхан – Qazaqstan ұлттық телеарнасының тілшісі, Аружан Дәрібай – Tengrinews.kz ақпараттық интернет-порталының тіл­шісі, Лаура Түсіпбекова – «Казахстанская правда» газетінің тілшісі.

К. ЕРКІН