Ұлттық жоба қандай міндеттерді шешуге арналған?

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы 10 жобаның арасында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы да бар.

Ол халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Тағы бір өзекті мәселе – экология саласы. Бұл – халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін өте маңызды сала. Бірақ біздегі ахуал ойдағыдай деп айтуға болмайды. Сауалнама кезінде азаматтарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңіліміз толады деп жауап берген. Осыған орай, жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Бұл – жұртшылықтың талап-тілегін ескеріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді», – деген-ді.

2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба 4 бағытты, 11 міндетті, 19 көрсеткішті, 48 іс-шараны қамтиды. Жасалған жоба бойынша, әрине мемлекет бюджетінен қаражат бөлінетіні анық. Мәселен, 2021жылы аталмыш жобаны жүзеге асыруға бюд­жеттен 89,3 млрд теңге қарастырылса, 2022 жылы «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының іс-шараларын іске асыруға шамамен 161 млрд теңге жоспарланғанын еске сала кетейік. Нә­тижесінде, 2021 жылы 16 кә­сіпорын атмо­сфералық ауаға 655 мың тонна қалдық зат шығарып, ол 2020 жылғымен салыстырғанда, 3 пайызға аз болса, ал 2022 жылдың алты айының өзінде кәсіпорындар шығарған қалдық заттар 293,2 мың тоннаға жеткен. Мұны да сол 2021 жыл­ғымен салыстырсақ, 6,7 пайызға кемігенін байқауға болады. Демек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар нәтиже беріп отыр деуге әбден болады.

Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу стратегиясын өзгертті

Жуырда Мемлекет басшысы 2024 жылғы 10 маусымдағы Жарлығымен жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасына бірқатар өзгеріс енгізді. Құжатта жасыл экономикаға көшу – Тұрақты даму мақсаттарына жетудің негізгі жолы және Қазақ­станның Париж келісімі аясында парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қосқан үлесі деп жазылған. Біріншіден, құжатта суды үнемдейтін технологияларды кеңірек енгізіп, антропогендік ағынды суларды барынша тазарту − су ресурстарын пайдаланудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді әрі таза су қоймаларының санын арттыруға көмек­теседі деп айтылған. Екіншіден, ауыл шаруашы­лығының тұрақты дамуына мән беру керек. Бұған органикалық өнімдердің үлесін арттыру, тех­никалық жабдықтау, тұқым гено­фондымен қамтамасыз ету арқылы қол жеткізуге болады. Бұл факторлар өнімділікті ғана емес, жобаның эко­логиялық тазалығын да арттырмақ. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік салалары да өзгеріске ұшы­райды. Бұл салаларда энергия үнемдеу әрі энергия тиімділігін арттыруды бірінші орынға қою жос­парлануда. Осылайша, жалпы ішкі өнімнің энер­гия сыйымдылығын азайтуға мүмкіндік туады. Қазақстанның барлық аймағы үшін көкейкесті мәселе – қоршаған ортаны қалдық-қоқыспен ластау және қалдықтарды жинап, кәдеге жаратудың қиындығы. Тұжырымдамада қоқысты бөлек жинау жүйесін кеңінен енгізіп, өнеркәсіптік және тұр­мыстық қалдықтарды қайта өңдеп, қайта пай­далану деңгейін арттыру ұсынылады. Құжатта «жасыл экономиканың» жеке тармақ болып тұр­ғаны заңды. Бұл бағытта қаржы институттары қоршаған ортаны жақсартуға, қалпына келтіруге көмектесетін жоба­ларды әзірлеуге, іске асыруға ынталандырады. Ынталандыру құралдарына «жасыл несиелер», «жасыл облигациялар» т.б. кіреді.

Қазақстан Республикасының жасыл эко­номикаға көшу тұжырымдамасына сай, жос­парланып отырған өзгерістердің арқасында 2050 жылға қарай елдің жылдық ЖІӨ базалық сценариймен салыстырғанда ширектен астамға өспек. Құжат авторлары уақыт өте келе ел «жаңа өнеркәсіп пен қызмет көрсету сала­ларын құрып немесе барын жаңартып, халықтың өмір сүру сапасын жоғары стандарттарға жеткізе алады» деп сенеді.

Құжатты әзірлегендердің есебі бойынша, жос­парлы шараларды іске асыру инвестиция ағынын арттырады. Бұл өз кезегінде елдің ЖІӨ-дегі инвес­тиция  үлесін 3-13%-ға көбейтпек. Бұған қоса, осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2031-2040 жыл­дары жыл сайынғы инвестициялар көлемі орта есеппен 7-8%-ға (10 жылда 235-270 миллиард дол­ларға), ал 2041-2050 жылдары 14-15%-ға (10 жылда 650-700 миллиард долларға) артады. Жобаның тағы бір маңызды артық­шылығы – әлеуметтік бөлігі. Жасыл техноло­гияларды дамыту арқасында үш санаттағы маман­дықтар бойынша жаңа тұрақты жұмыс орындары пайда болады деген болжам бар. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мә­лі­метінше, экологияға байланысты мамандықтарға үміт­керлердің қы­зығушылық деңгейі төмен, бұл ұдайы солай. «Жа­сыл экономикаға» көшу тұжы­рым­дамасының авторлары мемлекеттік бюджеттен бірқатар маман­дыққа бөлінетін білім гранттарын көбейту қажет екенін айтады.

Тұжырымдама әзірлеушілердің айтуынша, 2024 жылдан 2050 жылға дейінгі мерзімде тұжы­рымдаманы жүзеге асыруға қажетті қосымша ин­вестицияның жиынтық көлемі жыл сайын орта есеппен алғанда, шамамен, 15 миллиард доллар болады. Осы орайда ең жоғары жылдық инвестиция көлемі 2041-2045 жылдар аралығында ЖІӨ-нің 6,2%-на тең болмақ. Ал 2050 жылға дейінгі орташа инвестиция көлемі ЖІӨ-нің шамамен 4,4%-ын құрайды. Оның негізгі бөлігін жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тарту жоспарлануда.

Анарыс АҚЫЛМАН