Электронды темекі – тәуелділіктің қауіпті атрибуты

«Денсаулыққа қауіпті» деген ескертуге қарамастан, елімізде шылым шегушілер қатары жыл сайын көбейіп келеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан халқының темекі тұтыну үлесі 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 29-38 жас аралығындағы топтарда артқан. Шылымға құмар азаматтар жылына 8 миллардтан 10 миллиардқа дейін темекі тартады екен. Осыдан он жыл бұрынғымен салыстырғанда, яғни 2013-2015 жылдар аралығында олардың қатары 44%-ға өскен. 

Мемлекет тарапынан темекімен күрес саясаты тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Мәселен, арыға бармай-ақ он жыл бұрынғы статистикаға сүйенсек, 2014 жылы алкоголь мен шылымға қарсы шаралар үшін 200 миллион қаржы қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, осыншама сома темекінің зиянын хабарлау, оның алдын алу, қо­ғамдық орындарда темекіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар 2021 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда темекі мен темекі бұйымдарын ашық орналастыруға тыйым салу күшіне енді. Жаңа шектеулер аталған тауарлар сатылатын барлық сауда нүктесіне қатысты. Жаңа заң бойынша сауда нүктелерінің иелеріне темекі мен басқа да темекі бұйымдарын ашық қоюға тыйым салуды бұзғаны үшін 180 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін айыппұл қарас­тырылған. Бұл ретте, айыппұл мөлшері кәсіпорынның мөлшеріне байланысты: жеке тұлғалар үшін айыппұл – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 50 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін  70 АЕК құрайды. Бұл шаралар те­мекі эпидемиясымен күресу және халықты, әсіресе жастарды жаман әдеттерден қорғау мақсатында қабылданған. Сон­­дай-ақ темекіге қарсы саясат аясында темекі өнімдерін жарнамалауға және кәмелетке толмағандарға темекі сатуға қатаң ше­к­­теулер енгізілді. Қазақстан темекі ше­­гудің зиянына назар аударуға бағытталған іс-шаралар мен науқандар өткізу арқылы «Дүниежүзілік темекісіз апта» сияқты халықаралық бастамаларды белсенді қолдайды.

Бірақ тыйым салу мен темекінің зияны туралы насихат жұмыстарының тұрақты жүргізілуіне қарамастан, елімізде ересек тұрғындардың шамамен 27%-ы­ белсенді темекі тартады. Бұл елдің әрбір үшінші тұрғыны темекі тұтынатынын білдіреді. Сәйкесінше, Қазақстанда шамамен ерлердің 36%-ы, әйелдердің 19%-ы шылым шегеді. 

Шылым шегу әркімнің жеке басының шаруасы болғанымен, олардың қандай темекі өнімдерін тұтынып жүргені алаң­датарлық мәселе болып отыр. Биыл қаңтардан бастап бизнесті тексеруге тыйым салатын мораторийдің күші жой­ылды. Сонымен қатар Үкімет бекіткен «Көл­еңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөн­­індегі іс-шаралардың 2023-2025 жыл­­­дарға арналған кешенді жоспары» аясындағы темекі контрабандасына қат­ыс­ты қадамдар биыл да жалғасады. Заң шеңберінде құзырлы органдар заңсыз темекі сатушыларды тексеріп, сөрелерде­гі контрабандалық темекіге тыйым са­­лады.

Дүниежүзінде адам өлімінің ең көп тараған себептерінің ішінде бірінші ор­ында қан қысымының жоғарылауынан болатын өлім (10,8 млн адам), ал екінші орында темекі шегуден қаза болатындар (7,7 млн адам) тұрады. Пассивті темекі шегудің салдарынан әлемде 1,3 миллион адам қайтыс болды. Сонымен қатар соңғы жылдары электронды темекі тартатындар қатары көбейген. Бұл бу генераторы, буландырғыш немесе вейп – темекінің орнына арнайы сұйықтық картридждерін қолданатын электронды құрылғы. Темекі ше­­­гу процесінде сұйықтық қызады, ал темекі шегетін адам оның буын жұтады. Өндірушілер электронды темекінің түтіні қауіпсіз екенін, ал құрамындағы заттар тәуелділік туғызбайтынын айтады.

Алайда дәрігерлердің айтуынша, қа­зірдің өзінде электронды темекі тәуел­ді­­­л­іктің қауіпті атрибутына айналған. Мамандар пропиленгликольді үнемі қол­­­­­­дану аллергиялық реакциялардың пай­да болуына, өкпенің созылмалы ауру­ларына және иіс сезудің жоғалуына әк­елуі мүмкін деген пікірді алға тартады. Электронды темекіде буланатын глицерин бар. Бумен тыныс алғанда, адамның аузы құрғап, жөтел қысып, тамақ пен өкпеде қабыну процесі болуы мүмкін деген пікірді алға тартады. Темекінің классикалық нұсқасында көпшілікке таныс никотин вейптерде де бар, ол тәуелділік тудырады. Темекі шегудің қауіпсіз түрі жоқ. Классикалық темекі де, электронды темекі де денсаулыққа зиян.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ