Жауапкершілікті жоғалтып алмайық

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алма­ты облысы бойынша әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті оты­рысында бірқатар өзекті мәселе қаралды.

Солардың ішінде Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік істер талқыланғанын айта кеткен жөн. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Арсен Жақыповтың жетекшілігімен өт­кен отырыста мемлекет атынан қызмет ететіндердің жауапкершілігі әрдайым жоғары болуы керегі айтылып, өкінішке қарай, жалпыға ортақ жауапкершіліктің салмағын азайтып алатын, өздерінің басты мін­деті – мемлекет мүддесі, ел игілігі жолында еңбек ету екенін ес­тен шығарып алатындардың арамызда кездесетіні тілге тиек бол­ды.

Бірінші болып қаралған  Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан  Қаспақбаевтың тәртіптік ісі бойынша әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының бас маманы Әмір Имангелдінов баяндама жасап, мәселенің  егжей-тегжей зерттелгені айтылды.  Мемлекеттік қызметкерлердің құқық­бұзу­шылықтары туралы жарияланған сын  мақалаларға және басқа да ақпараттық материалдарға  мониторинг жүргізу барысында әлеуметтік желілерде Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Өмірханұлы тарапынан  қызметтік міндеттерін атқару кезінде әдеп нормалары бұзылғаны байқалған. Мониторинг барысында  анықталған жағдайлар туралы хабарламаны мұқият тыңдап,  талқыға салған әдеп кеңесінің мүшелері Оразхан Қаспақбаевқа қатысты тәртіптік істі қарау қорытындысы бойынша Әдеп кодексінің 6-тармағының 4,5-тармақшаларын бұзған аудан әкімінің орынбасарына қатысты сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Еңбекшіқазақ ауданы Масақ ауылдық округінің әкімі Руслан Жақабайға байланысты  тәртіптік істі қарау барысында белгілі болғандай,  Руслан Рыскелдіұлына қатысты жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ашық кедергі жасау түріндегі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілері анықталмапты. Осығай орай тәртіптік істі тоқтату туралы шешім шығарылды.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтың алдын алу  бойынша баяндама жасап, аудан әкімдігі жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерімен таныстырды.  Одан кейін сөйлеген  Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Мақат Мемелбеков  атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. 

Кеңес отырысын қорытындылаған департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Арсен Жақыпов мемлекеттік қызметкерлерге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында анықталған жағымсыз материалдарға жүргізілген талдау нәтижелерін қарап, алдағы уақытта  мұндай олқылықтарға  жол бермеу қажеттігін ескертті. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің  ел алдындағы жауапкершілікті барынша  сезініп, жұртшылықпен түсіністікте  жұмыс істеуі қажет екенін еске салды. 

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы