Қайраткер. Қаламгер. Ғалым

Болашақта тегін адам болмайтын жанның қасиеттері бала күнінен байқалатынын өмірден көріп жүрміз ғой. Қазіргі журналист, ғалым Мұратбек Тоқтағазинның де «көптің бірі» болмайтыны оқушы кезінен байқалыпты.

Оны өзімнің курстас әріптесім Камалхан Балқыбекқызынан да шетжағалап білгенмін. Студент кезімізде курстастар бас қосқан дастарқанда әрқайсымыз отбасы, әулетіміз туралы әңгіме тиегін ағытатынбыз. Сонда Камалхан ҚазМУ-дың журфагында оқитын бауырының табиғи қасиеттерін оқушы кезінен бастап айта бастайтын. Кейіннен танысқанымызда ол туралы өз аузынан еститін болдық. Одан бері де 40 жылдан асып кетіпті. 

Мұратбек 1-7 сынып аралығында сы­ны­бының старостасы болыпты. 6-кластан бастап аудандық, облыстық, республика­лық газеттерде ауыл, мектеп өмірінен жазылған мақалалары үздіксіз жария­ланып жатыпты. 8-10 сыныпта оқып жүргенде Октябрь орта мектебі комсомол комитетінің секретары ретінде қоғамдық жұмыстың қазанын қайнатқан. Жас тілші ретінде қолында Аягөз аудандық «Алға», облыстық «Семей таңы», республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінің «штат­тан тыс тілші» деген куәліктері болған. Арасында «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас алаш») балғын көңілден шыққан шағын материалдары жарық көрген. 7-10 сыныпта мектептің бес метрлік «Жас қалам» қа­быр­ға газетінің редакторы болып, өзі ойлап шығарған «Ресми жаңалықтар», «Мектеп мақтанышы», «Әзіл-оспақ әлемі, «Ой-өрім», «Кірпі» сияқты айдарлармен шы­ғар­ған материалдарын үзіліске шыққан ұл-қыздар топтаса тұрып оқитын болған. Әсіресе, «Кірпі»-ге ілігіп кетеміз бе деп кейбір ерке, тентек балалар кәдімгідей айыл­дарын тарта жүріпті. Сыныптастары Тиқын атап кеткен Серік Мұқанов деген бір сыныптас досы «Кірпі» топтамасына топ ете қалыпты. Ақкөңіл Серік күні бү­гін­ге дейін бұл өлеңді Мәкең маған арнап шығарған деп айта жүреді екен:

«Мынау біздің Тиқын, 

Қарашы өзінің сиқын,

Оқы десе сабақты,

Тыржитады қабақты».

Бұл енді бала редактордың журналис­тикаға ұмтылысының тырнақалды көрі­нісі деуге әбден болады. «Кішкентай га­зет­тегі» кейбір айдарлар күні бүгінге дейін өзекті. 7-кластағы оқушы – редактор үшін бұл енді көп-көрім жетістік, шығарма­шылық ізденіс жемісі деп ауыз толтырып айтуға болады. Ол аз десеңіз, 8-класта жүр­генде аудандық комсомол комитетінің мүшесі ретінде Пленумда сөз берілгенде ол комсомол ұйымы ұлттық құндылық­тарды насихаттауда белсенділік танытуы, қазақтан шыққан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау арқылы жас ұрпаққа тәрбие берудің өзекжарды мәселелерін көтерген. Ол үшін орта мек­теп­тер кітапханаларына Абайдан бастап қазақ классиктерінің кітаптарын көптеп алдыртуды айтқан. Сонымен қатар белгілі қаламгерлердің танымал туындылары бойынша әдеби кештерді жиі өткізуді, оған Ерғазы Рахимов сияқты жергілікті ақын-жазушыларды тарту, жас ақындарды қолдау бойынша аудандық комсомол ко­митеті нақты шараларды жүзеге асыруды ұсыныс ретінде енгізген. 

Мәкеңнің ерлікке парапар қадамға бара­тын кейбір әрекеттері туралы достары мен әріптестері аңыз ретінде айта жүретін әңгімелер аз емес. Соның біріне тоқта­ла­йын. 1981 жылы мектеп бітірген Мұратбек ҚазМУ-дың журфагына оқуға түспек бо­лып, абитуриент ретінде кезекті «СССР тарихы» пәнінен сынақ тапсырғанда қо­йыл­ғалы тұрған «3-ке» риза болмай, қа­был­­дау бөлімінің апелляциялық комис­сиясына барған. «15-билетке толық жауап берсем де маған 3 қоймақ екен, мен 5-ке жауап бергеніме сенімдімін. Қала­саңыз­дар, қосымша 3 билет алып, 9 сұрақ­қа дайындалмастан жауап беруге әзірмін» де­ген ғой. Сонда комиссия төрағасы, т.ғ.д., профессор (кейіннен академик) Уахит Шәлекенов аға орнынан тұрып, осыншама жылдар ҚазМУ-де қызмет істегенде білі­мі­не өте сенімді мұндай абитуриентті көр­мегенін, әріптестері қолдаса, авто­матты түрде 5 қою туралы ұсынысы барын білдіреді. Сөйтіп, әділеттілік салтанат құрып, Мұратбек бұл сынақтан «бес» алады. Бұл – БІЛІМІНЕ СЕНІМДІЛІК, қайсарлық көрінісі ғой. Өміріндегі маңыз­ды сынаққа дайындалған бала оқуға тү­суге құштарлығы мығым болғаны сонша, тарих пәні бойынша әрбір айтулы датаны, белгілі оқиғаларды алдымен қалың дәп­терге ретімен жазып, сосын жаттап алған ғой. Бұл енді екінің бірі бармайтын тәуе­кел екені дау туғызбаса керек.

Ол университетте де қоғамдық жұмыс­қа белсене атсалысты, Журналистика факультетінің комсомол комитетінің мүшесі, университет баспасөз қызметінің белсендісі ретінде едәуір рухани шара­ларға мұрындық болды. Оқу ордасында болып жатқан жаңалықтарды «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде ұдайы жариялатып отырды, қолынан қаламы түспеді. Білімін молайтуды ойлап, кезінде «Пушкин кітапханасы» атанып кеткен қазіргі Ұлттық кітапханаға, М.Әуезов мұражай үйіндегі рухани дәрістерге жиі барып тұрды. Кітап оқуға құштарлығы сон­ша, университетті бітіргенде сатып алған кітаптары он жәшік болған ғой. Студенттік шақта спортпен айналысып, еркін күрестен Журналистика факуль­теті­нің намысын қорғады, бірнеше спорттық жарыста жеңімпаз болды. 2-ші курсты бітіргенде университет оқу озаттары қата­рында Германияда Халықаралық интер­лагерьде демалу құрметіне ие болды, сол елдің тарихи 5 қаласын аралап, келісімен «ГЕТЕ ЕЛІНЕ САЯХАТ» атты жолсапар очерктері циклын газетте жариялады.

Қазақ руханиятының қара нары, ға­лым ағасы Ақселеу Сейдімбек пен облыс­тық «Коммунизм нұры» газеті редакторы­ның бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықтың арнайы шақыруымен сол кездегі Целиноград облыстық газетіне қызметке келуі де жеке бір әңгімеге арқау болар еді. Өйткені ҚазМУ-ды бітіру қарсаңын­да оған қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстаннан» қызметке келуге ұсыныс түседі, диплом­дық жетекшісі атақты профессор Тауман Амандосов аспирантураға қалуға кеңес беріп, өзі ғылыми жетекші болатынын айтады. Алайда журналистикаға құмар Мұратбек екі ұсыныс тастаған екі жақтағы ағаларына да шексіз алғысын айтып, солтүстікке тартып отырады.

Ол мұнда келгенде қайраткерлік, қа­лам­герлік қырлары жаңа сипаттарымен ашыла бастайды. Оның қабілетін байқап қалған облыстық комсомол комитетінің басшылары кезекті пленумда 22 жастағы жігері тасыған жігітті бюро мүшесі етіп сайлайды. Тоқтағазин тыныш жүре ме, партияның «сара саясатына» онша-пұнша алаңдамай, обком комсомолдың алқалы жиындарында қазақтың ұлттық құнды­лық­тарын, қазақ тілін жастар арасында көбірек насихаттауға ұсыныстарын батыл енгізе бастайды. Әсіресе, «Наурыз» мерекесі шараларын ұйымдастыру кезінде бұл тарапта бірқатар нақты істердің атқа­рылуына мұрындық болады. Аудандық комсомол комитеттерін талантты қазақ қыз-жігіттерінің басқаруына атсалысады. Тіпті, облыстық «Коммунизм нұры» газеті редакторы Октябрь Әлібековтың қолдауы­мен екі айда бір рет газеттің тұтас бір номе­рін жастар мен комсомолдарға арнап «Жас өркен» қосымшасын шығарып отыру арқылы жаңадан өсіп келе жатқан қазақ­тың жас кадрларын кеңінен насихаттап, облыс басшылығының назарын аудар­тады. Кейіннен олардың арасынан бірне­шеуі өсіп шығып, аудандық комсомол комитеттерін, облыстық комсомол коми­тетінің жетекші бөлімдерін басқаруға дейін жоғарылайды.

Мұратбек Балқыбекұлының қайрат­кер­лік қыры ашылатын тұс – Халық депутаттарының Целиноград қалалық Советіне 25 жасында депутат болып сай­лануы. Ол тұста демократияның алғашқы ұшқындары байқала бастаған шақ. Бір мандаттық округтен депутаттыққа үш кан­дидатура таласқа түседі. Қарсыласы Целиноград қаласы Жастар сарайының директоры Виктор Береснев пен бүкіл қалаға әйгілі насос заводының өкілі тартысқа түсіп, екінші айналымда жас жігітке менсінбей қараған, қарамағында ондаған қызметкері бар Жастар сарайы директорынан әлдеқайда басым түскен Мұратбек депутат болып сайланады. 

Жігері жалын атқан жас жігіт сайлан­балы органдағы қызу жұмысын алғашқы аптада-ақ бастап кетеді. Целиноградқа Ақмола тарихи атауын қайтаруға орай депутаттардың қалалық сессиясында арнайы комиссия құру туралы ұсыныс жасап, өзі бастамашы ретінде сол комис­сияның қосалқы төрағасы болып сайлан­ды. Ол тұс компартияның дәурені жүріп тұрған кезең екенін, ұлттық жаңғыруға тосқауыл көп болғанын білеміз. Алайда ұлтын сүйген ұл «мың өліп, мың тірілген» қазағының рухани жағынан еңсесін көте­руіне өз үлесін қосуға ұмтылды. Сондай қиын кезеңде қалалық Советтегі депутат­тардың 80 пайызы орыстілді басқа ұлт өкілдері болып табылатын органда маңыз­ды мәселені алып шығу, жеріне жеткізіп шешу қаншалықты ауыр болғанын көз ал­дыңызға елестете беріңіз: дауысқа салса мәселе бірден «құлайды».

Осындай күрделі кезеңде депутаттарды иландырып, көпшілігі ойлағандай бұл ешқандай да «миллиондаған шығынға» ұрындыратын шешім еместігін дәлелдеу қажет болды. Депутаттардың бірі тіпті есепшотпен санағандай 8 миллион шығын болатынын айтып, жұртты үрейлендіріп қойған. Дәл осы тұста Мұратбек демо­кратия­ның алғашқы шуағы байқала бас­таған Ресейдің Нижний Новгород қала­сына аттанып кетеді. Ол жақтағы депутат әріптестері Горький қаласының тарихи ата­уын қайтарудағы нақты тәжірибелерін ортаға жайып салады. Бүкіл ақпаратты жинаған Мұратбек қайтып оралысымен қала­лық Советтегі тиісті мамандарға тапсырма беріп, ақырында қаланың тари­хи атауын қайтару шығыны 8 миллион емес, 800 мың сом болатынын техника-эко­номикалық негіздеме құжаты бойын­ша дәлелдеп береді.

Бірқатар шовинистік пиғылдағы депутаттарды райынан қайтару үшін өзі қызмет істейтін «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ақмола атауы үшін айқас» атты мақала жариялап, оның түйіндеу тұсына мына жолдарды келтіреді: «Иә, сессияда Ақмола атауын қайтаруды осы қаланың тұрғындары ғана қалап отырмағандығы, бұл мұқым қазақтың тілегі екендігі жө­ніндегі ой-тұжырым бірнеше мәрте ай­тыл­ды. Өкінішке қарай, қалада 80 пайыз болып табылатын басқа ұлт өкілдері, бұл мәселенің байыбына бармастан, қазірдің өзінде қарсылық білдірген хаттарды қала­лық Кеңеске қарша бората бастады. Сон­дықтан келелі іске жанашыр азаматтар Ақмола атын қайтаруға байланысты өз пікірлерін, тілектерін «Социалистік Қазақстан» газетіне және мына тұраққа жолдаса құба-құп болар еді: 473000. Целиноград қаласы, Октябрь көшесі, 119 үй, Целиноград қалалық Кеңесіне. Бұл ретте республикалық «Қазақ тілі» қоғамы, оның облыстық, аудандық бөлімшелері, бастауыш ұйымдары белсенділік таны­тып, оны басқарып отырған жанашыр азаматтар жұртшылықтың арасында нақ­ты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді деген үміттеміз. Сонымен, өміршең істің шешуші, ең ауыр сыны алда тұр».

 М.Тоқтағазиннің осы тарихи мақа­ласы жарияланғаннан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына 2 мың­нан астам оқырманның қолдау хат­тары келіп, ол газетте 4-5 мәрте топтама түрін­де жарияланған. Сонымен қатар халық депутаттары Целиноград қалалық Кеңе­сіне де бірнеше жүз хат келіп түскен.

...Бір күні таңғы сағат 8-де Мұратбекке Халық депутаттары Целиноград облыстық Советінің төрағасы Андрей Браунның көмекшісі телефон шалады. Әңгіменің төркіні мынау: «Мәке, сіз не істеп қой­дыңыз, Андрей Георгиевич валидол ішіп жатыр, телефонмен сөйлескісі келеді». Жа­уап: «9-да тілші қосынына хабар­лас­сын». А.Браун: «Муратбек Балкыбекович, сіздің мақалаңыздан кейін қыруар хат­тардың астында қалдық. Бұны ел басшысы білсе қиын болайын деп тұр. Сізге не керек өзі: қаласаңыз, зәулім үй сыйлайық не­месе жер телімдерін тарту етейік. Мынаны тоқтатыңыз». «Жоқ, Андрей Георгиевич, ешқандай сыйлықтың қажеті жоқ. Оданда 24 сағат ішінде Республикалық Ономас­тика комиссиясына және Жоғарғы Совет Президиумына қалаға және облысқа тари­хи Ақмола атауын қайтару туралы Ұсы­ныс-хат жолдаңыз, сонда бәрі дұрыс бо­лады!». «Келістік!»

Осы тілдесуден кейін Мұратбек Бал­қы­бекұлы келесі күні облыстық Совет канцеляриясына келсе, ол құрылымның басшысы «Біздің ұсыныс таңертеңгі самолетпен Алматыға жөнелтілді» деп ресми құжаттар көшірмелерін көрсетеді. Арада бір ай өткенде қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков басқаратын Рес­публикалық Ономастика комиссиясының өздеріне жергілікті билік тарапынан жеткен ресми құжат негізінде жоғарыға жіберген Қолдау-ұсынысының нәтиже­сінде Қазақ КСР Жоғарғы Советі Прези­диумының шешімімен Ақмола қаласы мен осы аттас облыстың тарихи атауы қал­пына келтірілуі туралы ресми шешім бас­пасөзде жарияланады.

Мәкеңнің ұлтшылдығын мынадан да байқауға болады. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының орта шенінде қаладағы жалғыз Жамбыл Жабаев атындағы №4 мек­теп бала санының аздығына байла­нысты жабылуы мүмкін деген әңгіме тарай бастайды. Сол кезде облыстық га­зет­те жұмыс істейтін Алдан Смайылов, Жыл­қыбай Жағыпарұлы, Мағжан Садыханов, Марат Дәдікбаев және басқа журналистер үй-үйді аралап, бірінші класқа баратын балаларын осы жалғыз қазақ мектебіне беруді насихаттайды. Алыста тұрса да Жылқыбай Жағыпарұлы сияқты қаламгерлер намыс үшін бала­ларын осы мектепке әкеледі. Мектеп ди­рек­торы Жанна Байсейітқызының өтініші бойынша бұл іске Мұратбек Тоқтағазин де бел шеше кірісіп, он шақты ұл-қыз­дар­дың қазақ мектебіне баруына мұрындық болады. Ол аздай қаладағы №3 мектепте қазақ сыныбының ашылуына күш салады, келер жылы ол шаруа да шешіледі. Сол кезеңнің өлшеміне салсақ, бұл едәуір ілгерілеушілік еді. Ал уақыт өте келе, бас­та­машыл топ мүшелері Ақмоладағы Әнуар­бек Ералы басқаратын «Тіл және мә­де­ниет» қоғамының қолдауымен қала­ның басқа да мектептерінде қазақ сынып­тары ашылуына қол жеткізеді.

ҚазМУ-ды бітіріп, сол тұстағы Целиноградқа келгенде мұнда жергілікті тұрғындар бар болғаны 20 пайызға жетер-жетпес екендігіне көз жеткізеді. Редакция тапсырмасымен түрлі мекемелерге барғанда кіреберістегі қатеге толы жазбалар жүрегін ауыртады. Ол заманда қазіргідей дайын мобильді құрылғы жоқ, бірден түсіріп алуға. Содан редакциядағы жалғыз фотографқа өтініп жүріп, жанына ертіп алып, жиырма шақты ұйым, кәсіп­орындарды аралап шығады. Көп ұзамай облыстық «Коммунизм нұры» газетінде «Маңдайшадағы «қойыртпақтар» деген жарты беттік сын мақала жарияланып, онда мекеме маңдайшаларындағы қазақ­ша атаулардағы қаптаған қателер жіпке тізгендей «сап түзейді». Бұл жайттан ха­бар­дар болған бірқатар ірі бастықтар ре­дак­ция басшыларына хабарласып, «ты­ныш­тығын бұзған» жас тілшіге реніштерін білдірсе, бірқатары қызметкерлерін жібе­ріп, дұрыс аударма жасап беруді қиыла сұрайды, ақысын төлеуге әзірліктерін біл­діреді. Кейіннен бұл қалалық партия комитетінде қаралып, қаланың барлық мекемелеріне «мекеме атауын сауатты ау­дар­мамен қамтамасыз ету» туралы нақты тапсырма берумен аяқталады. 

Ұлт мүддесін қорғауға байланысты тағы бір материалдың жазылуы Мәкең «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметіне тағайындалғанда бо­лып­ты. Алексеев ауданынан жазылған арызды редакция облыстағы меншікті тілшісіне тексеруге жібереді ғой. Қолына түскен хатты оқып отырса, аталған аудандағы бір совхоздың директоры С.Садовский деген өзін жарты патша сезініп, жергілікті тұрғындарды сыйлау түгілі маңына жолатпайтын көрінеді. Бас маман түгілі кеңсесінің еден сыпырушы­сына дейін тек басқа ұлт өкілін жұмысқа ала­тын көрінеді. Қазақтарға қырын қа­райтын басшы туралы Мұратбек «СҚ»-ның бетінде «Садовский қашанғы сайран­дамақ?» атты көлемді сыни мақала жария­лап, жергілікті тұрғындарға мұрнын шүйірген «дөкейдің» шын бейнесін ашады. Арада көп уақыт өтпей алдымен аудандық, сосын облыстық партия коми­теті бюросында мәселесі қаралған С.Садовский қызметінен алынады. Бұл бір жағы сол шақтағы газет сынына кадрлық номенклатураның бейжай қарамайтын­дығының, басылым беделіне мән берген­дігінің көрінісі деуге болар.

Мәкеңнің қайраткерлік қыры, қоғам мүддесіне қызмет етуі 2012 жылы Бас редакторлар клубына вице-президент бо­лып сайланғаннан бастап жаңа қырынан ашыла бастайды. Ол кезде республикалық «Әділет» газетінің редакторлар кеңесінің төрағасы, көп уақыт өтпей Бас редакторы болған ол басылым бетінде жемқорлар мен әділетсіз басшылар туралы мақалаларды дүркін-дүркін жариялатып жатты. Ал қоғамдық ұйым болып табылатын клуб жұмысына білек сыбана кірісті. 2007 жылы құрылып, бүгінде құрамына Қазақ­станның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының Бас редакторлары мен же­тек­шілері кіретін ерікті қоғамдық бір­лес­тіктің елде шығармашылық атмосфера қалыптастыруға байланысты атқарып жатқан шаруалары шаш-етектен. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті қалыптас­тыруға байланысты өткізген шаралар кешені ауқымды. МEDIA EXPO көрме, жур­налистика проблемалары бойынша семинар, вебинар, шеберлік мектебін өткізу жолға қойылды. Ақпараттық кеңіс­тіктің өзекті мәселелері бойынша Мұрат­бек Балқыбекұлының тікелей ұйымдас­тыруы­мен 5 республикалық, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп, оған отандық қана емес шетел­дік мамандар, эксперттер қатысуы нәти­же­сінде екіжақты тиімді шарттарға, ме­мо­рандумдарға қол қойылды. Бас редак­торлар клубының мәтін әзірлеуімен, Қазақстан Журналистер одағының қол­дауы­мен 2012 жылы «Қазақстан Респуб­ликасы журналисінің Этикалық кодексі» дү­ниеге келді. Бұл маңызды құжаттың әзірленуіне Мәкең тікелей атсалысты. Бұл тарапта ұзақ айта беруге болады.

Енді Мұратбек Балқыбекұлының ғылымдағы соқпағына қысқаша тоқтала кетейін. Кезінде аспирантураға қалуға шақырған Тауман Амандосов ұстазының ниетін Мұратбек 2010 жылы жүзеге асыр­ды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аспирантурасын бітіріп, әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың шы­ғармашылығынан кандидаттық дис­сер­тация қорғады. Ғылымдағы қадамдары да жемісті болып, 80-нен астам зерттеу еңбектері жарық көрді. Scopus, Web of Science библиографиялық, реферативті базаларында 5 ғылыми мақаласы жарық көрсе, Қазақстан, Беларусь, Ресей елдері­нің ВАК, ККСОН журналдарында 25 мақаласы жарияланды. 2 монография, 2 оқу құралы, оның құрастыруымен, редак­торлығымен 10 ғылыми жинақ баспадан шықты. Бүгінде халықаралық ғылыми базаларда мақалаларына көп сілтеме жа­са­латын, Хирша индексі өте жоғары ға­лым­дар санатында болуы да Мәкеңнің ең­бекқорлығының, ізденгіштігінің жемісі деп білеміз.

Бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетіндегі Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры ретінде шәкірттерін ғылымға баулып жүр. Бір докторантын қорғатса, екеуі дайын­далып жүр. 20 магистрант, 30-дан астам ба­калавры зерттеу еңбектерін сәтті қор­ғап, масс-медиа саласында жемісті еңбек етуде. Мұратбек Балқыбекұлы практика­лық журналистикадан да қол үзген емес. Қазір республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаң­ғыру» газетінің Бас редакторы ретінде масс-медианың дамуына үлес қосып, сараптамалық, танымдық, ғылыми ма­қала­ларын баспасөз бетінде жиі жариялап тұрады.

Мұратбек Тоқтағазиннің журналис­тика, ғылым саласындағы еңбегі әр кезеңде тиісті бағасын алып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астана­сының үздік журналисі» конкурсының, 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, Қазақ­стан Журналистер одағы Дипломының иегері (2014) атанды. Қазақстан Респуб­ликасының «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ­стан республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ғылым мен білім саласының еңбек сіңірген қызметкері», Л.Гумилев, Ә.Нұршайықов төс­белгі­лері­мен марапатталған. Халық­аралық Ақпа­рат­­тандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия және радио ака­демиясының, Қазақстанның Гумани­тарлық ғылымдар академиясының то­­лық мүшесі (ака­демигі), Ресей Жаратылыстану академия­сының корреспондент-мүшесі. Рес­пуб­ликалық оқу-әдістемелік кеңестің (РУМС) мүшесі, ЕҰУ-дың Хабаршысы (жур­налистика сериясы) журналының редакциялық алқа мүшесі, рецензенті, масс-медиа зерттеушілерінің Ұлттық қауымдастығының (НАММИ) мүшесі.

Мұратбек Балқыбекұлы журналистика мен ғылымдағы еңбектерін қатар жүргізіп, қоғамдық жұмыстарды да қалыс қалдыр­май келешекке бет алып барады. Шығар­ма­шылық жоспарлары көп. Жақын ай­ларда, жылдарда ол туралы да жаза жатар­мыз. Алпыстың асуына көтерілген әріп­тесімізге сәттілік серік болғай!

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі,

Президент жанындағы 

Ұлттық құрылтай мүшесі