Жуырда Түркістан облысына қарасты Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінен өрт шығып, кейбір тұрмысқа қажетті заттар ұрланған. Өздеріңізге белгілі, әулиелі жер саналатын Ақмешіт үңгірі туралы аңыздар көп. Әсіресе, перзент көрмеген кейбір ерлі-зайыптылар, ауру адамдар әлі күнге дейін түнеп, мінәжат етеді. Түркістан облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, 5 наурыз күні Бәйдібек аудандық полиция кезекші бөліміне Ақмешіт үңгірінде орын алған өрт бойынша хабар келіп түседі. Полицейлер үңгірдегі тапшанның өртенгенін және мұнда қазан, самовар мен басқа да тұрмыстық заттардың ұрланғанын анықтайды. Жалпы жәбірленушіге 300 мың теңге көлемінде залал келеді. Бүгінде аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі, яғни «ұрлық» қылмысы бойынша іс жүргізіліп жатыр. Күдіктілер іздестірілуде. [caption id="attachment_26907" align="alignnone" > ©otyrar.kz[/caption] Біз осы оқиғаға орай Бәйдібек аудандық «Жасыл саябақтар» коммуналдық мемлекеттік мекеменің тарихи-табиғи мұраны қорғау бөлімінің маманы Әбдіразақ Мауленовтен мәселенің мән-жайын сұрадық. Жауапты маманның айтуынша ол аймақтағы үңгірдің үстіңгі бөлігіндегі 5 гектар жердің қауіпсіздік мәселесі бойынша мемлекетке қарайды. Дегенмен, ол аймақты түгелдей дерлік шырақшы жекешелендіріп алған. Өзі шырақшылық жасап, қарап тұрады. Мекеме әулиелі жердің тазалығын реттеп, экоәжетхана қойып, қонақтардың келуіне жағдай жасап қойған. Оқиға орын алғанда бұзақылар әжетхананың да жабыншағын қайырып, терезесен сындырып, аккумляторын ұрлап кетіпті. «Мұндай келеңсіздікті кімдердің жасап кеткенін, кіммен арадағы болған ұрыс-керістен соң орын алғанын білмей отырмыз. Себебі ол жердің ішкі жұмысына араласа алмаймыз. Барлық иелік шырақшыда. Ол бізге де, муфтиятқа да бағынбайды. Жекешелендіріп алған жерлер де бос жатыр. Сондықтан әулиелі жерді туризм аймағына айналдыра да алмай отырмыз» дейді маман. Назгүл НАЗАРБЕК