2024 жылы 28 маусымда Астана қаласында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Райымбек Баталовтың төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Іскерлік кеңесі алқасының 25-ші отырысы өтеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Шара барысында ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері мен перспективаларын талқылау жоспарлануда.
Күн тәртібінде:
- Сауда-экономикалық байланыстарды және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту;
- Бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды дамыту.
Отырыста мемлекеттік органдардың, іскер топтардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ экономика және халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар сөз сөйлейді.
Түстен кейін Іскерлік кеңес аясында «Сауда-экономикалық ынтымақтастық (өнеркәсіп, көлік-логистика, инвестиция, мәдениет және туризм)» тақырыбында ШЫҰ бизнес-форумы өтеді. Онда ірі компаниялардың B2B кездесулері болады.
Аталмыш іс-шара тікелей іскерлік байланыстар орнатуға, бірлескен жобаларды талқылауға және келісімдерге қол қоюға бірегей мүмкіндік береді.