Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халық көптен күткен ірі автожол жобалары іске қосылатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы бұл жобалар еліміздің көлік құрылымын нығайтып, іскерлік белсенділіктің артуына ықпал ететінін атап өтті.
– Атап айтқанда, биыл «Астана – Алматы», «Алматы – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахан» жолдары пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жезқазған – Қарағанды» магистралін жобалау жұмыстары басталады. Мұның бәрі – жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған ауқымды жобалардың бір бөлігі ғана.
Соңғы жылдары еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде жаңа кәсіпорындар ашылып, жаңа жолдар мен көпірлер салынып жатыр. Инженерлік желілер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары жаңартылуда. Бірақ көбіне мұндай жағымды ақпарат лайықты деңгейде таралмай жатады. Жақсыны жақсы деп айту керек. Ел дамуындағы оң өзгерістерге көбірек назар аудару бұқаралық ақпарат құралдарының, әсіресе, мемлекеттік БАҚ-тың міндеті деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.