Наурыздың аяғына дейін Қазақстанда да коронавирус тіркелуі мүмкін. Бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай жағымсыз болжамымен бөлісті, - деп хабарлады inbusiness.kz. «Біздің болжамымыз бойынша айдың 11-інен 16-сына дейін бізде де коронавирус пайда болуы керек. Бірақ бұл болжам ғана. Бір апта ары-бері ауытқу болуы мүмкін. Пайда бола қалған жағдайда дереу арнайы шаралар қабылдаймыз. Елге кіру жағдайы біреу ғана болса, оған арнайы шара жасаймыз», – деген маман болжам жасау «берекесіз іс» екенін де ескертті. «Болжам бар. Болжам жасау берекесіз іс дейді ғой. Сол болжамдар орындалмай-ақ қойса екен.Бізде ғылыми топ математикалық модельдеу тәсілі бойынша жұмыс істеп жатыр. Көріп отырсыздар, шеңбер тарылып келеді. Басында Қытай ғана бар еді. Кейін Иран мен Оңтүстік Корея қосылды. Қазір енді Еуроодақ елдері қатты алаңдатып отыр», – деді ол.