Іс-шараға дипломатиялық қызмет ардагерлері, Президент Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының өкілдері және ҚР СІМ Орталық аппаратының қызметкерлері қатысты.
Дипломатиялық қызметі күніне орай бірқатар ардагерлер мен дипломаттар мемлекеттік наградалармен марапатталды, сондай-ақ ведомство қызметкерлеріне кезекті дипломатиялық дәрежелер берілді.
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сыртқы саяси ведомствосының ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, дипломаттар өздерінің терең білімдері, өмірлік және кәсіби тәжірибелерінің арқасында мемлекетіміздің өркендеуі жолында қажырлы еңбек ететінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Қазақстан өңірлік және жаһандық үдерістердің бел ортасында жүр. Еліміз үлкен халықаралық беделі мен өңірлік ықпалы бар мемлекет ретінде өз дамуының жаңа белестерін еңсеруде. Бұл қазақ дипломаттарының да күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деп мәлімдеді СІМ басшысы.
Өз сөзінде ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындайтын сыртқы саясатты ілгерілету жолында министрлік ұжымының риясыз еңбегін де атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.