«AMANAT» партиясының еліміздегі қоғамдық қабылдау бөлмелері өз жұмысын жалғастыруда. Өткен аптада партияның ел аумағындағы қабылдау алаңдарында министрліктер өкілдерінің, Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының, сондай-ақ өзге азаматтардың қатысуымен бірқатар кездесу өтті. Мәселен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова өмірдің қиын жағдайына байланысты несиесін уақытылы өтей алмаған қарағандылық зейнеткерге көмектесті. Жұбайы мүгедектігі бар адам болғанына қарамастан, банк оны қайта қаржыландырудан бас тартыпты. Мәдина Әбілқасымова сот арқылы банкроттық рәсімдеуді ұсынып, қолданыстағы несиені өтеу үшін қарияның зейнетақысын ұстап қалмауды тапсырды.
Ал Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Гүлдара Нұрымоваға Ақмола облысы Қосшы қаласының бір топ тұрғыны жүгінді. Осыдан 13 жыл бұрын ондаған отбасы жер учаскелерін сатып алыпты. Алайда үй құрылысын әлі күнге дейін бастай алмай отыр. Депутат бұл мәселені жер инспекциясымен бірге ерекше бақылауға алды. Сондай-ақ азаматтарды қабылдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа қоғам қайраткері Жамилә Садықова жүгініп, темекі және алкоголь өнімдеріне қатысты қолданыстағы акциздерді қайта қарауды ұсынды.
Жалпы, өткен аптада «AMANAT» партиясының ел аумағындағы қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 2 000-ға жуық азамат қабылданып, 3 000-нан астам өтініш келіп түсті.