Атың шықпаса, арал өрте

Тойып, байып секіргендердің жойдасыз қылықтары ел аузында мәтелге айналып үлгерді. Әсіресе, демалыс маусымында отандық туристердің келеңсіз іс-әрекеттері туралы ақпараттар демалыссыз шығып жатыр. Өзін қойып, бүтіндей ұлттың атына кір келтіретін, мемлекеттің беделін түсіретін мұндай жағдайлардың белең алуы абырой әпермейтіні анық.

Аралдағы өртке кім кінәлі?

Грекияда қазақстандықтардың тарихи мұраға нұқсан келтіргені және жалғыз қарағайлы орманды өртеп кеткені туралы суыт хабар әлемдік ақпарат құралдарында бір күнде – 22 маусымда, бірінен соң бірі жарияланды. 

Бірінші оқиға туралы аталған елдің Мәдениет министріне қарасты Помпей археологиялық паркі (Parco Archeologico di Pompei Ministero della Cultura) жария етті. Оған сілтеме жасап, Euronews ха­барлауынша, қазақстандық саяхатшы көне шаһардың орны – Помпейдегі архео­логиялық паркте, «Цейлар үйі» жәдігерінің қабырғасын бүлдіргені үшін тұтқындалды. Ол тарихи экспонаттың қабырғасына ALI деп қырып жазған. Ер адамға енді «Грекия мемлекетіне келті­рілген ірі шы­ғынның орнын толтырып, тарихи мұраны қалпына келтіру жұмыс­тарының құнын өтеуге тура келеді».

Ақпарат алғаш археологиялық бақтың ресми сайтында пайда болды. Онда кел­тірілгендей, 1913–1914 жылдары архео­логтер аршып алған «Цейлар үйі» – біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырдың, кейінгі самнит дәуірінің мирасы. Тиісінше, бұл нысан бүкіл дүниежүзі бойынша сол ежел­гі замандағы байырғы баспананың сирек, бірегей үлгісі саналады. 

Тарихи деректерге сәйкес, бұл баспананың қожайыны магистрат Луций Цей Секунд болған. Мұны сол заманда үйдің қасбетіне сәулетшілер арнайы қашап түсірген тарихи жазба куәландырады. Енді қазақстандық еркек соның қасына өз атын қашап қалдырмақ болғаны үшін ұсталды. 

«Қазақстаннан келген туристі қауіп­сіздік қызметінің қызметкерлері өткен сенбі күні, таңертең ұстап алды. Ол Пом­пейдің археологиялық паркіндегі Цейлар үйінің ақ штукатуркасына ALI деген сөзді қашап жазып жатқан кезде тоқтатылды», – деп мәлімдеді музейдің пиар-офисінің өкілі Euronews-ке берген сұхбатында. 

Ақпарат құралдарының жазуынша, қылмыстық оқиға туралы музей қыз­меткерлері дереу парктің жанында орна­ласқан карабинерлердің стацио­нарлық бекетіне хабарлаған. Жедел жет­кен жер­гілікті полиция заң бұзушының қолына кісен салды. Би-Би-Си хабар­лауынша, қазақстандыққа архитек­ту­ралық, тарихи ескерткішке келтірген шы­ғынын өтеуге тура келеді. Шығынның нақты сомасы техникалық сараптама өткізіліп, қо­рытындысы шыққан соң белгілі болмақ. 

«Атың шықпаса, жер өрте» деген қарғысқа бергісіз ауыр сөзді ата-баба ұрпағын қитұрқы қарекеттерден сақ­тандыру үшін айтып қалдырған. Бірақ мұны тікелей түсінгендер табылғандай. Шетелдік ақпарат құралдары бастапқыда жазғандай, Қазақстаннан барған туристер тобы Грекияда кемеден отшашу атып, аралды өртеп жібере жаздаған-мыс. Бұл оқиға грек қоғамының қабырғасына батты. Өйткені кейінгі жылдары кли­маттық дағдарыс аясында ауа шектен тыс қызып, Грекияда алапат орман өрті болып, ондаған мың гектар аумақты тілсіз жау жалмады. 

Оқиға 21 маусымның кешінде Агиос-Николаос жағажайының ау­да­нында болды. Грекиялық Tovima басылы­мы жазғандай, оның жағалаулық су айды­­нын­да ауқатты қазақстандық саяхатшылар жалға алған VIP-кеме келіп тоқтап, зәкір салған. Жатжұрттық туристер қызды-қыздымен кемеден құрлыққа бағыттап, отшашу ұйымдастыра бастайды. Қазір бү­кіл Гре­кияда, соның ішінде аталған ау­­данда да 40 градустан асатын аптап ыс­­­­­­­тық үстем­дік етіп тұр. Құрғақ шөпке ұшқын тиіп, өрт қаулап қоя берген-мыс.

«Шетелдік туристер не істеп қой­ғандарын түсінгенде, жағаға жетіп, өртті өз бетінше сөндіруге тырысқан. Бірақ бұл қолдарынан келмеген соң кешігіп өрт күзетіне қоңырау шалған және оқиға орнынан тайып тұрған», – деп жазады ProNews арал билігінің ресми ақпаратына сілтеме жасап.

«Тілсіз жаумен» күреске өрт сөн­діру­шілермен қатар жергілікті волон­терлер, куәгерлер де жұмылды. Сондай-ақ жергі­лікті билік биіктен су шашуға тікұшақ ұшыруға мәжбүр болған. Осының өзі өрттің ауқымынан хабар береді.

«Кейбір адамның сонша жауап­­сыздығын паш ететіні, қарағайлы орман жаққа қарай фейерверк атқаны біздің ашуымызды туғызды», – деді Гидра (Идра) мэрі Гиоргос Кукудакис. Ол өз әкім­­ші­лігінің өрт туғызған қазақ­стан­дықтардың үстінен дереу сотқа ша­ғым түсіретінін қосты.

Былтыр Грекия қасақана және абай­сызда өрт тудыру үшін жазаны күрт қатайтты. Айыппұлдар көлемі 200 мың еуроға дейін ұлғайды. Ең жоғарғы жаза 20 жыл бас бостандығынан айыруға дейін жеткізілді. 

Ақпарат құралдары сол күндері Грекия биылғы бірінші «жылу соққысын» бастан өткергеніне назар аудартты. Салдарынан бірқатар өңірде ауа температурасы 44 градустан көп қызып кеткен. Мұндай жағ­дайда тұрғындар да, туристер де өрт қауіп­сіздігі шараларын қатаң сақтауы тиіс. Отшашуларға қатаң тыйым салынған. 

Олигарх айыпты жоққа шығарды

Бұл оқиға жаһанға жария болысымен Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Грекияның ресми органдарына сілтеме жасап, сол өртке айыпталып, ұсталғандар арасында қазақ­стандықтардың жоқ екенін және Қазақ­стан азаматтарына ешқандай шағым қойылып отырмағанын мәлімдеді. 

Алайда артынша қазақстандық БАҚ OCCRP тәуелсіз журналистік ұйымның зерттеуіне сілтеме жасап, Грекияда өр­телген арал жанында аялдаған яхтада қазақстандық олигархтар болғанын жарыса жазды. 

«Аралдағы өрт үшін ұсталған адамдар арасында Қазақстан азаматтарының жоқтығы белгілі болды. Анықталғанындай, кемеде болған отандық олигархтар дереу елден кетіп үлгерген. OCCRP әшкере­легендей, «Персефони I» яхтасында 7 қазақ болған. Олардың бірі – олигарх Данияр Абылғазин. Қонақтар арасында KMG International NV ұлттық мұнай компаниясының бұрынғы топ-менеджері мен оның қызы да болған. Грекиялық аралды «тілсіз жау» жалмап жатқанда бизнесмен Абылғазиннің жеке ұшағы жедел түрде Афиныдан Алматыға ұшып шықты. Сот құжаттары куәландырғандай, оның бортында олигархтың әйелі Айдан Сүлейменова мен ұлы, басқа да биік лауазымды тұлғалар болды», – деп жазды ақпарат көздері. 

Гидра аралындағы орман өрті 300 мың шаршы метрді жайпады. Шығын одан да көп болуы мүмкін еді, бірақ көтерілген жел өртті орманнан аулаққа бұрып әкетіпті. 22 маусым күні Грекияның ұлттық өрт қызметі оқиғаға қатысы бар 13 гректің ұсталғаны туралы мәлімдеді. Олар кеменің қызметкерлері болғанға ұқсайды. Әйткенмен, құны 250 мың еуро тұратын қымбат кемені жалға алған қазақстандықтардың еш­қай­сысының қолына кісен салынбаған. 

Ақпарат құралдарының мәліметінше, олигарх Данияр Абылғазин «Қазақ­станның ең бай 75 тұлғасының» бірі (рейтингте 21-орында тұр). Оның ауқаты 380 миллион доллардан асады деп бағаланады. Ол SinoOil, Gas Energy, Qazaq Oil жанар-жағармай құю стансалары желілерінде, PTC Operator, Petroleum, «РТИ-АНПЗ», SilkwayTransit және басқа компанияларда үлеске ие.

Артынша ақпарат құралдары Пирей қаласының прокуратурасы сегіз қазақ­стандыққа қатысты «өртке аран­датты» деп қылмыстық айып таққанын хабарлады. Грекиялық Рrotothema басылымының жазуынша, зерттеу көрсеткендей, бір топ қазақстандық аралда да отшашу ұйым­дастыруы мүмкін. Бұл қазақстандықтар өрт басталған кезде кеменің ішінде емес, тікелей Агиос-Николаос жағажайында болған. Өйткені 26 маусымда тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде жағажайда петардалардың қалдықтары мен фраг­менттері табылды. 

Осы деректерден кейін кеше биз­несмен Данияр Абылғазин Гидра аралындағы өртті тергеуге қатысты мәлім­деме жасады. Тергеуді Грекия билігі жүргі­зіп жатыр. Кәсіпкер БАҚ-та дұрыс емес және жаңылыстыратын ақпарат таралып жатқанын жеткізді. Мысалы, ол өрт бола сала қашып кетпегенін білдірді: ұшу әу бастан сол күнге жоспарланыпты. «Куәлік етпей кетті» дегенді де мойын­дамады.

«Мен грекиялық Гидра аралында бол­ған өртке байланысты үлкен өкініш білдіремін. Мен «Персефони I» яхтасын 2024 жылғы 15 маусым күні түскі 12:00-ден 22 маусым күнгі 12:00-ге дейін арен­даға алдым. Ондағы мақсат – өзім және қонақтарым үшін Грекия аралдары бо­йынша круиз ұйымдастыру болатын. 22 маусымға жоспарланған Грекиядан ұшып кетудің алдында бізбен Грекияның билік органдарының өкілдері сөйлесті. Бірақ олар маған немесе менің қо­нақ­та­рыма оқиғаға байланысты ешқандай талап қойған жоқ. Сондықтан біз ер­теректе белгіленген саяхат жоспарын ұс­тануды жалғастырдық. Бірқатар қо­нағымыз 21 маусымның таңында-ақ кетіп қалғанын атап өткенім жөн», – деді Д.Абыл­ғазин. 

Ол елге оралған соң масс-медиада жариялана бастаған айыптар туралы есту – өздері үшін еш күтпеген жайт бол­ғанын нықтады. 

«Мен қандай да бір құқықбұзушы­­лық­ты үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Мен де, менің қонақтарым да өртке соқтыруы мүмкін ешқандай іс-әрекет жасаған жоқ. Біз яхтада бекітілген өрт қауіпсіздігі ере­желерін қатаң сақтадық. Мен де, менің қонақтарым да яхта экипажынан немесе өзге үшінші тұлғалардан өртке соқтыруы мүмкін қандай да бір іс-қимыл жасауды сұраған емеспіз. Біз әрдайым барлық қажетті қауіпсіздік шарасын ұстанамыз және сондай оқиғаларды болдырмау үшін заң мен нормаларды қатаң сақтаймыз», – деген Данияр Абылғазин жүргізіліп жатқан тергеу аясында Грекия билігімен ынтымақтасатындарын жеткізді (өз атынан ғана емес, көпше түрде «біз ын­тымақтасамыз» деді).

Грекия оқиғасының сабағы қандай?

Қалай болғанда, әлемдегі вандализм оқиғаларының қазақстандықтармен бай­ланыстырылуы елге сын, мемлекет бе­де­лі­не дақ. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Қазақстанның өзінде ван­дализм кең таралғанын, қазақ­стандықтар өзге елге барғанда жаман әдетін тек қай­талайтынын қынжыла жеткізді.

«Қазақстанның елді мекендеріндегі бейбастақ істер әлдебір соғысты елес­тетеді. Жас адамдар жүздеген орындықты сындырады, қоқыс жәшіктерін өртеп кетеді. Ғимараттардың қабырғасына ғана емес, тіпті ескерткіштерге де бейәдеп сөздер жазып тастауға бейім тұрады. Құптаған қарқ-қарқ күлкі аясында тұтас тобыр болып әлдебір нысанды қиратып жатады. Бұл жігіттер үшін қасиетті ештеңе қалмағаны ма? Вандализм қоғамдық құндылықтарды күйретеді», – деді мә­жілісмен Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат вандализмге тосқауыл қою шараларын күшейтуді, көшелерде, тарихи, мәдени және табиғи мұра объек­тілерінде жалпы саны 28 мың бейне­бақылау камерасын орнатуды ұсынды.

«Мен депутаттық сауал жасап жат­қанымда Жетісу аумағында жарылыс болды. Талдықорған жанында құрылысқа қажетті қиыршықтасты өндіру үшін байырғы петроглифтер түсірілген тарихи қорғандарымыздың қалған жұрнағын мақсатты түрде жойып, жарып жатыр. «Энергострой» компаниясы петроглифтер тауында таулы жыныстарды жұмсарту үшін жарылыс жұмыстарын жүргізетіні туралы халықты жария құлағдар етіпті. «Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарынан жарылысты естігенде дүрлікпеуге және түсіністікпен қарауға шақырамыз!» делінген хабарландыруда. Біз депутаттық сауалымызға сырғытпа жауап қана алдық», – дейді Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев.

«Қазақстанда «Тасбақа-Черепаха» аталған таудағы петроглифтерге және оның жанындағы 33 сақ қорғанына жойылу қаупі төнді» деп Би-Би-Сиге дейін дабыл қағып келеді. Шенеуніктер былқ етер емес. 

Депутат металіздегіш жабдықтарын көтерген «қара қазушылар» қорғандарды опыра қазып, тарихи мұраларды жаппай қиратып жатқанын айтады. Оған да тоқтау жоқ. Тарихи орындардағы қазба жұ­мыстарын лицензиялауды тәртіпке кел­тіруді, сондай-ақ тарихи ескерткіштер орнында құрылыс жүргізуге рұқсат ететін ғалымсымақтардың жалған қорытын­дыларына тосқауыл қоюды Президент талап етті.

Қазақстанда былтыр заңнама кү­шейтіліп, вандализм үшін жаза қатай­тылды. Алайда С.Пономаревтің айтуынша, нәтиже шамалы: халық айып­пұл салы­натынын не білмейді немесе айыппұл ешкімді үркітпейді. 

«Вандализмге жай, қатардағы әкім­шілік және қылмыстық іс деп қара­мауымыз керек. Бұл – Ұлы даланың өткеніне, ата-баба мирасына жасалған жойқын соққы! Салдарынан көшпенділер өркениетінен хабар беретін тарихи жә­дігерлер қалмай барады. Бірегей арте­фактілерді жою ұлттың бірегейлігін, ұлттық кодын жо­ғалтуға соқтырады. Бұл проблеманы шұғыл және іс жүзінде шешу керек. Үкімет тарихи-мәдени объек­тілердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған заңнама талаптарының орындалуын ерекше бақылауға алуы тиіс», – деді С.Пономарев.

Мұның сыртында мәдени мұра ны­сандарын қорғау, күзету, зерттеу, ван­далдар бұзып, бүлдіргенін реставрациялау жұ­мысын жандандыру, осыған жауапты орталықтар инспекторларының өкілет­тігін кеңейту қажет. Вандализммен күрес ша­раларын өрістету, ел арасында түсіндіру жұмыстарын кеңейту маңызды. 

Әуесқой археологтарға металіздегіш қолдануға тыйым салу, бұл қызметті ли­цензиялау ұсынылды.

Депутаттарға жауабында Үкімет басшысының бірінші орын­ба­сары Роман Скляр бөтеннің мүлкін қа­сақана бүлдіріп, бұзғаны үшін жаза ары қарай күшейтілетінін ха­барлады. Осы мақсатта тиісті түзету Парламентте қа­ралып жатқан «ҚР кейбір заңнама­лық актілеріне білім беру және баланың құ­қықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы жо­басында қарас­ты­рылмақ. 

–Вандализмнің алдын алу үшін биылғы 2024 жылы елде шамамен 43 мың бейнебақылау камерасын және 350 ап­параттық-бағдарламалық кешенді ор­нату жоспарланып отыр. Бұл бюд­жеттен жалпы сомасы 42,4 миллиард тең­гені қажет етеді. Ішкі істер министр­лігінің мәліметінше, 2024 жыл­­дың басынан бейнебақылау каме­­­раларының көме­гімен шамамен 1,5 мың қылмыстық және 95 мыңнан ас­там әкімшілік құқық­­­бұзу­шылық анық­талды, – деді вице-премьер Р.Скляр.

Ең бастысы, петроглифтер мен қор­ғандарды қиратушы әрекеттерге тоқтау салу керек. Грекиялықтар әлем назарын аудартып, әрбір тарихи қабырғасын, әрбір аралын алақанға салып аялап жатқанда Қазақстанда тұтас петроглифті тау мен сақ қорғандарының аяусыз қи­ратылып жат­қаны өкінішті-ақ.

P.S. Айтқандай, өткен аптаның соңында кейбір  қазақстандықтардың АҚШ-та да абыройсыздыққа қалғаны мәлім болды. Әлеуметтік желіні пайдаланушы Шәкәрім Абдоллаев жариялаған Америкадағы қазақстандықтардың вандализмі туралы видеоролик қоғамдық резонанс туғызды. Әлдекімдер америкалық Чикагоның қақ ортасында, ескерткіштің тұғырына «Атырау Қазақстан», «Шымкент» деп туған қалаларының аттарын кириллицамен қашап жазып кетіпті. «Қазақстандықтар барған жерін бүлдіреді» деген жақсы атақ болмаса керек. Шетелге шығатын турист жеке тұлға ғана емес, белгілі дәрежеде өз елінің, төл болмысы мен мәдениетінің елшісі екенін де естен шығармағаны абзал. 

 

Елдос Сенбай