Оған себеп, зиянкестердің таралу аумағы кеңейіп, түрлері де көбейіп кеткен. Тіпті, кейбірінің бойында химиялық өңдеуге қарсы тұрар төзімділік пайда болған. Осыған байланысты шаруалар өнген өніміміз шегірткелердің жеміне айнала ма деп дабыл қағуда. Алайда мамандар тиісті шаралардың барлығы жасалып жатқанына сендіріп отыр.
Зиянкестерді 35 жылдан аса уақыт зерттеумен айналысып келе жатқан фитосанитар Әсемғали Қабдұшевтың айтуына сүйенсек, зиянкестердің тұқым тастауы биылдан басталып, 2026 жылы марокколық шегіртке, 2028 жылы италиялық прусының таралу шегі болатын көрінеді.
– Биыл үйірлі үш түрлі шегіртке 131 гектарға тұқым тастаған. Шегірткенің даму кезеңінде өте көп таралуы байқалып отыр. Таралу деген 1-2 дана қалса да ол келесі жылы 1 шегіртке 3 купшик салатын болса, 1 шаршы метрден 90 шегіртке шығады деп болжамдай аламыз. Сол себептен ол шегірткенің көбеюі қазір байқалып келе жатыр. Соған қарамастан бұл шарықтау шегі емес. Шегірткенің ең шарықтауы әлі алда. Сондықтан осы бастан дайын болуымыз қажет, – дейді Фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Байзақ аудандық филиалының басшысы Әсемғали Қабдұшев.
Аймақта үйірлі шегірткенің италиялық прус деген түрі кеңінен таралған. Мәселен, бір ғана Байзақ ауданының өзінде 17 мың гектардан аса алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін болса, соның 16 мың гектарына шегірткенің осы түрі таралып кеткен.
– Бүгінгі күнге жерүсті бүріккіш техникалармен италияндық прус шегірткелеріне қарсы 4 253 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Жауын-шашын немесе жел болғанда химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Аумақтық инспекция мамандары шегірткенің таралуын 100 пайызға жоя алмаса да, шектік таралуының барынша алдын алып жатыр. Зиянкестерге қарсы 10 тонна дәрілік химикат алынған. Олардың өсімдіктерге еш зияны жоқ, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Сәбит Жүсіпов.
Ал облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 55,6 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыға 9 585 гектар алқапты қамту жоспарланған екен. Меркі, Мойынқұм, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарында биылғы жылдың 21 мамырынан басталып, 5 050 гектар алқапта өңдеу жұмыстары атқарылған. Қалған Жамбыл, Жуалы, Кордай, Талас, Шу аудандары бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жарияланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Биыл облыс бойынша ерекше қауіптілер қатарына енетін үйірлі шегірткелерге жасалған «РФДжБӘО» мамандарының анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесінде 131 185 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуіне болжам жасалған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы – 9 755 гектар, италиялық прусқа – 96 020 гектар және азияттық шегірткеге – 25 410 гектар. Биыл үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларын жүргізу үшін 36 бірлік арнайы бүріккіш техникалар жұмылдырылмақ болса, оның ішінде 3-і – ұшақ, 33-і – жерүсті бүріккіштері.
Жергілікті қаражат есебінен саяқ шегірткелер үшін 9,585 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізу көзделген. Зерделеу қорытындысында 20 наурыздан сәуірдің 2-сі аралығында барлық аудандарда саяқ шегіртке дернәсілдерінің (қанатсыз, атбасар, айқышты) туылуы тіркелгені анықталған. Бүгінгі күнге 12 774 гектар алқап қаралып, 5 831 гектарда экономикалық зияндылық шегі белгілі болуда. Өңдеу жұмыстары биылғы маусымнан басталып, жалғасуда.
Сонымен қатар облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін жылда мониторинг тексеру жұмыстары 5 907 940 гектарға жүргізіледі. Оның ішінде ерекше қауіпті зиянды организмдерге – 2 720 000 гектар, зиянды организмдерге – 651 940 гектар, жүйелі бақылау жұмыстарына 2 200 гектар алқап кіреді.
Бұл жерде ерекше мән беретін бір жайт соңғы жылдары аймақтағы зиянкестердің көпшілігі өздеріне қарсы қолданылатын химиялық өңдеуге бейімделіп келе жатқаны мамандарды алаңдатуда. Яғни, кейбір зиянкестерге залалсыздандыруға арналған заттар әсер етпеуде. Ал оларды жаппай жою үшін биологтар мәселеге ғылыми тұрғыдан қарап, жаңаша тәсілдерді қолдану қажеттілігін айтуда.
– Елімізде тікқанаттылардың 270 түрі тіршілік етеді. Ал ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерге жыл сайын үйірлі шегірткелердің 15-20 түрі қауіп төндіреді. Солардың ішінде таралу дәрежесі мен зиян келтіру деңгейі бойынша аса қауіптісі – азиялық шегіртке, марокко шегірткесі және италиялық прус. Қазіргі кезде шегіртке зиянкестерінің санын бақылаудың негізгі әдісі – химиялық заттарды пайдалану. Оны қолдануда әртүрлі химиялық заттар, пестицидтер пайдаланылады. Оған қоса, тікқанаттылармен биологиялық күресте қызғылт торғайлар, кесірткелер, жыландар, бүйелер, паразитті және жыртқыш жәндіктер қолданылуда. Бұл тұста түрлі бактериялы және саңырауқұлақты аурулардың әсері орасан екенін де айта кеткен жөн.
Энтомопатогенді саңырауқұлақ Metarhizium anisopliae acridum спораларымен таралып, кутикула арқылы жәндіктерің ішкі денесіне еніп, иесі есебінен дамиды. Саңырауқұлақпен зақымданған шегірткенің қоректену қабілеті төмендеп, қимыл-қозғалысы бәсеңдеп, құстар мен кеміргіштердің оңай жемтігіне айналады. Олар әдетте 1-2 апта ішінде өледі. Бір сөзбен айтқанда, шегірткемен күресте жан-жақты тәсілді қолданған жөн, – дейді М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің биология кафедрасының аға оқытушысы, биология магистрі Гаухар Шолпанқұлова.
Аймақта шегірткеден басқа да аса қауіпті зиянды организмдер аз емес. Олардың қатарына: колорадо қоңызы, астық дақылдарының сапасын төмендететін зиянды бақашық қандаласы, қызылшаның қауіпті зиянкесі, өрмекші, кене, сарышұнақ, тышқан тектес кеміргіштер және астық дақылдарының аурулары септориоз бен тат жатады. Аталған зиянкестерге қарсы заласыздандыру жұмыстары жеке қаражат есебінен жүргізіледі. Алайда жұмсалған пестицидтің 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Бүгінде зиянды бақашыққа қарсы – 3 700 гектар, септориозға қарсы – 4 600 гектар, колорадо қоңызына – 0,030 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарланып отыр.
Ең бастысы – аталған шаралардың дер кезінде қабылдануы. Былтырғы қуаңшылық, биылғы қарғын судан зардап шеккен егістіктеріміз енді шегірткелердің жеміне айналса, бұл бұқараға да, ел экономикасына да ауыр соғатыны анық. Қазір ғалымдар он жылда бір келетін шегірткелер «шеруі» алдағы екі жылда тағы да қайталанатынын айтуда. Сондықтан сақтық шараларын қазірден жасаған жөн. Әйтпесе, ел егінсіз қалып, бармақ тістеуіміз бек мүмкін.
Жамбыл облысы
Саятхан САТЫЛҒАН