«Құтырмаға шалдыққан мал етінен бәліш пісіріп, жолда сатады»: Әлеуметтік желіде осындай ақпарат тарады

Бұған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері пікір білдірді.

WhatsApp-та тараған аудио хабарламада Қырғызстаннан құтыру ауруымен ауырған малдың еті Қазақстанға әкелінгенін айтады. Одан бәліш пісіріп, жол үстінде сатады екен. Бұл – ескі фейк.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«2011 жылғы 19 қазанда ауыл шаруашылығы жануарларының аусыл ауруы бойынша енгізілген қолданыстағы шектеуге байланысты Қырғыз Республикасы аумағынан ауыл шаруашылығы жануарлары, сондай-ақ сиыр, қой және шошқа еті әкелінбейді. Егер етті контрабандалық жолмен тасымалдау әрекеті расталса, шекарада бақылауды күшейту бойынша шаралар қабылданады», – делінген ведомство хабарламасында.

Дәл осындай аудио хабарлама танымал мессенджерде 2021 жылы таралған.

Айта кеткен жөн, Жамбыл облысында Қырғыз Республикасымен шекарада төрт ветеринариялық-бақылау бекеті жұмыс істейді: Қарасу, Қордай, Сыпатай Батыр және Айша-Бибі. Онда ветеринариялық инспекторлар бақылауға жататын тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу кезінде құжаттамалық, физикалық және зертханалық тексеру жүргізеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.