Танымал әнші Ақбота Керімбекова әлеуметттік желідегі парақшасында ұлының өнер жолына қадам басып, ән саласында танылып келе жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ақботаның ұлы отандық телеарнадағы музыкалық жобаға қатысып, финалист атанған.
"Баласы бәйгеде шапса, анасы үйде отырып тақымын қысатын халықпыз ғой. Ұлым Біржан "Хабар" арнасы ұйымдастырған "Бес жұлдыз" музыкалық жобасына қатысып, финалист атанған. Ұйымдастырушылардың ұсынысымен өзім де бір дарын баптап апарғасын жоба деңгейін көзіммен көріп, сүйсінгем. Кәдімгідей дарабоздар додасы болды. Аузымен құс тістеген мықты музыканттардан, өңірлердің бар ғұмырын мәдениет саласына арнаған үздіктерінен құралған сарапшылар алқасы әр қатысушыға ғана емес, оны баптап әкелген жетекшіге де жүзің бар, бетің бар демей, орынды сындарды ашық жеткізіп, әр номердің әрбір егжей-тегжейіне мән беріп отырды. Әрине, мұның бәрін орайластырып, қиюын келістірген біздің жігіттер, эстраданың жүгін жастай арқалап жүрген талантты әнші замандастарымыз Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиев азаматтарға ризамыз! Мына бейне осы бір әдемі сәттердің әдемі естеліктері, дарындар тартысының тартымды көрінісі болып парақшамда тұрсын деп шештім. Ал, ағайын, Біржан ұлдарыңыз да ән өнерінің шет-жағасына өз отауын тікті, көз қырыңызды сала жүріңіздер", – деп жазды ол.