Ел арасында «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің бұл жобасы көптен бері халықтың талқысында жүр. Жаңбыр жауғызу арқылы құрғаған теңіз ұлтанын тіршілік нәріне толтыру бастамасына күмәнмен қарағандар да аз емес. Ал келесі біреулер жобаға сәттілік тілеп, тілеулестігін білдіруде.
Жоба авторының айтуынша, нақты уақытта бастама сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы кезеңде жергілікті климат үйретілу процесін бастан өткеріп жатыр екен. Көз қуантарлық нәтиже де бар.
«Негізінен, Арал теңізінің акваториясына 5 мемлекет кіреді. Бүгінде жобамыз сәтті жүзеге асып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Нақты уақытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде шамамен атмосферадан 50 млрд текше метр бу түріндегі су кірді. Оның біршама бөлігі акваторияға түсті. Бұл дегеніміз – бұрынғы тарихи Арал теңізінің жиырмадан бір бөлігін құрайды деген сөз. Осы арқылы біз осындай мөлшерде бу түріндегі суды тартуға болатынын дәлелдеп отырмыз. Қазір атмосферадан кірген осы су мөлшерін локализациялық сығып алу мәселесімен айналысып жатырмыз. Алайда бұл жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуге әзірге қажетті құрал-жабдықтарымыз болмай тұр. Алдағы уақытта технология 100 шақты дронмен толықтырылатын болады. Бұл дрондар келген бұлтты жан-жаққа жібермей, локализациялық сығып алу процесімен айналысады. Сонымен қатар жасанды жаңбыр жауғызатын негізгі жабдықтарымызды көбейткіміз келеді. Соған Үкіметтен көмек сұрап отырмыз. Жалпы, климатты енді үйретіп жатырмыз. Нәтижесінде, қазір Қазақстанның көп бөлігінде ауа температурасы түсті. Бұл жерде алға қойған мақсатты жұмысымыз асау атты жүгендегендей көп еңбекті қажет етеді», – дейді жоба авторы, Біріккен Араб Әмірлігі Абу-Даби қаласындағы халықаралық климат өзгерту технологиялары мекемесінің сарапшысы Алтай Айнабек.
Халықаралық сарапшының айтуынша, көршілес Өзбекстан мемлекетінің Нүкіс қаласындағы Арал теңізінің оңтүстік бөлігіне 56 миллиметр жауын жауғаны мәлім болып отыр. Бұл тұрғыда Өзбекстанның су шаруашылығы министрлігі мен УзГидромет мекемесі жоғары белсенділік танытып отырғанын алға тартады. Сонымен қатар еліміздің батыс аймағында да жауын-шашын жағдайы тіркелген. Бұл судың жеткілікті деңгейде келіп жатқанын аңғартатынын айтады. Соның негізінде Аралды қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар екеніне сенім білдіріп отыр.
Негізінен, атмосферада судың бу түріндегі мөлшері 10 триллион тоннадай мөлшерде болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оның 80 пайызы су церкуляциясы бойынша мұхитқа түседі екен. Ал қалған бөлігі қүрлыққа түседі.
Қазір Арал теңізінің тағдыры әлемдік үлкен мәселеге айналып отыр. Мәліметке сәйкес, 2022 жылға дейін Қызылорда облысы бойынша 5 жасқа дейінгі 60-80 сәбидің шетінеу фактісі тіркелген. Ал соңғы 2023 жылы 228 сәби шетінеген. Мұны экологиялық ахуалдың асқынып тұрғанымен байланыстыратынын алға тартты сарапшы. Неміс ғалымдары да осындай тұжырымға келіп отырғанын жеткізді. Соған орай, осы мәселені шешуге күш салып жатқанын мәлімдеді. Бірақ Үкімет пен бизнес өкілдерінен көмек күтетінін жеткізді.
«Осы орайда Қазақстан тарапынан, оның ішінде Қызылорда облысы әкімдігінен әзірге ешқандай көмек болмай отыр. Бұған дейін Қызылорда облысы әкімдігіне көмек сұрап бардық. Бірақ елдің келешегіне алаңдаушылық білдірген жан қара көрсетпеді. Бірақ Өзбекстан тарапынан белсенділік байқалады. Қазір Өзбекстаннан метеоқұрылғыларды онлайн бақылап отыруға ықпал жасауын сұрап отырмыз. Сонымен қатар Ресей меншігіндегі Байқоңыр қаласындағы құрылғылар арқылы да бақылау жүргізуге өтініш білдіріп отырмыз. Әлі нақты шешім алған жоқпыз. Бір сөзбен айтқанда, өз елімізден, жергілікті әкімдіктен мардымды көмек болар емес. Дей тұрғанмен, жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесін алдағы уақыт еншісінде көретін боламыз. Ең бастысы, халықтың сенімі мен шетелдіктердің қолдауы көп», – деп ойымен бөлісті сарапшы.
Соңғы кездері әрбір мемлекетті сумен қамтамасыз етудің әдісі атмосфералық су ресурстарымен қамтамасыз етудің инновациялық әдістерімен алмастырыла бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жер ғаламшарының атмосферасында 10 триллион тоннаға жуық бу түріндегі су мөлшері болатыны нақтыланған. Бұл – жер бетінің әр гектарына 200 тоннадай судан келеді деген сөз. Алайда атмосферадағы су мөлшерінің көп бөлігі жауын-шашын күйінде мұхитқа құйылады екен. Құрлыққа тиесілі мөлшері тек 20 тоннаға тең. Егер де осы су мөлшерін ұтымды пайдаланса, ғаламды жайлаған жылыну процесін тежеп қана қоймай, шөлейттену мен экологиялық ахуалды еңсеруге де мүмкіндік мол екенін алға тартып отыр мамандар.
«Бұған дейін еліміздегі Су ресурстары және ирригация министрлігімен де жолықтым. Министрлік тарапынан арнайы жұмыс тобын құру мәселесін қарайтынын мәлімдеген болатын. Жуырда жұмыс тобы құрылғаны жайында ақжолтай хабар алдық. Оның ішінде жұмыс тобы үш министрліктен, атап айтқанда, Ғылым және жоғары білім, Экология және табиғи ресурстар мен Су ресурстары және ирригация министрліктерінен, сондай-ақ екі институт өкілдерінен құрылған. Қазір әрбір жүргізілген жұмыс бақылауға алынған. Соның нәтижесінде болашақта бұл жұмыс су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жобалардың қатарына кіргізіледі деген үмітіміз бар», – деп ойын түйіндеді халықаралық сарапшы.
Жалпы, халықаралық сарапшы Аралды құтқару және шөлейттенудің алдын алу бағытында қолға алынған жоспарлы жұмыстар оң нәтижесін көрсететініне сенім білдіреді. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейді. Сонда ғана жаһандық жылынуға қарсы күрес шараларын күшейтіп, халықтың әл-ауқатын арттырып, адамдардың денсаулығын нығайтуға жол ашады деп санайды.
Қызылорда облысы
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ