Әлеуметтік нысандар сапалы салынуға тиіс
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Қайрат Балабиев, Нұрсұлтан Байтілесов, Темір Қырықбаев және Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысы Сауран ауданы Ораңғай елді мекеніне барып, Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығының құрылысымен танысты. Бұл нысан партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр.
Халық қалаулылары құрылыс-монтаж жұмысы аяқталуға жақындаған нысанның қазіргі жай-күйіне, арнайы жабдықтармен қамтылуына, орталық аумағына барлық инфрақұрылымның тартылуына, абаттандыру жұмысын жүргізу мәселесіне баса назар аударды.
– Тұрғындар «AMANAT» партиясының атқарып жатқан жұмысын нақты нәтижеге қарап бағалайды. Сондықтан партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру өте маңызды. Тұрғындардың сұранысына ие әлеуметтік нысандар сапалы салынып, уақытылы пайдалануға берілуге тиіс. Осы орталықтың құрылысы да партияның ерекше бақылауында, – деді депутат Темір Қырықбаев.
Айта кетейік, нысан құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен 2,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жаңа нысанда бір мезетте 200 пациенттің ем қабылдауына жағдай жасалып, оларды оңалту шараларымен қамту көзделуде. Жоспарға сәйкес, Түркістан қаласының іргесінде салынып жатқан орталық биыл қыркүйекте пайдалануға беріледі.
– Өздеріңіз білетіндей, өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатары қалың. Мен сондай тұрғынның бірімін. Қазір Сауран ауданы Қарашық ауылы Құмтиын елді мекенінде тұрып жатырмын. ІІ-топтағы мүгедекпін. Жылына кемі 2 рет дәрігер қабылдауында болып, оңалту шараларынан өтуге мәжбүрмін. Ондай медициналық мекеме жақын жерде болмағандықтан, ем қабылдау үшін бірнеше жылдан бері Шымкент қаласына қатынап жүрмін. Жаңа нысан тезірек іске қосылса деймін. Осы орталықтың ашылуын асыға күтіп жүрмін, – деді Жақсыкүл Истамкулова.
Айта кетейік, депутаттардың өңірге сапары әрі қарай жалғасуда. Халық қалаулылары тағы бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесулер өткізеді.
Көкшетаулықтарды мазалаған сауалдар
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айна Мысырәлімова, Юлия Кучинская және Наталья Дементьева Көкшетауда 1 500 орындыққа арналған мектеп құрылысымен танысты.
Сарыарқа шағынауданындағы жаңа мектеп «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында салынуда.
«Біздің ауданда көпбалалы отбасылар саны басым, ал 17-ші мектепте оқушылар сыныптарда қысылып отыруға мәжбүр. Менің екі балам бар, бірақ үлкенім бірінші сыныпқа келесі жылы барады. Сондықтан біз жаңа мектепті асыға күтеміз», – дейді жергілікті тұрғын Самал Сапарбаева.
Айна Мысырәлімова еліміздегі демографиялық өсім қарқыны білім беру жүйесіне күш салатынын ескеріп, бұл ретте мектептердегі орын тапшылығы ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Көкшетау қаласы – Ақмола облысы тұрғындарының басты орталығы. Қаланың халық саны миграция есебінен де, туу көрсеткішінің артуынан да өсіп жатқаны қуантады. Биліктің міндеті – қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, бұл әсіресе балаларға қатысты. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамыз мектептер мен балабақшалар салуды көздейді. Мердігер осы мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беретінін айтты», – деді ол.
Депутат Юлия Кучинская бүгінде мемлекет білім беру саласындағы кадр тапшылығын азайту және жастарды педагог мамандығына тарту бойынша қабылдап жатқан шараларға назар аударды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Соңғы бірнеше жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал бірнеше ай бұрын Президент депутаттар әзірлеген ғылым және білім мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Басқа мәселелермен қатар, заңда белгілі бір дәрежелері мен ғылыми атақтары бар педагогтерге ай сайынғы үстемақы төлеу қарастырылған. Бұл – мұғалімдерді ынталандыратын шешімдердің бірі», – деп есептейді ол.
Былтыр Ақмола облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 1 245 орынға арналған 16 балабақша, 3 512 орынға есептелген 5 мектеп ашылды. Жалпы алғанда, 2027 жылға дейін өңірде 39 мектеп салу, сондай-ақ 82 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Қаражалдықтардың мұң-мұқтажын тыңдады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Ұлытау облысы Қаражал қаласында жұмыс сапарымен жүр. Мұнда депутат бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, азаматтарды қабылдады.
Депутат «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан қоғамдық бассейннің құрылыс жұмысымен танысты. Мұндағы басты мақсат – инфрақұрылым мен тұрғындардың өмір сапасын жақсарту.
– Біздің міндетіміз – тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту, оған жағдай жасау. Осындай нысандар қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, олардың бос уақытын барынша тиімді өткізуге, сонымен қатар жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына мол мүмкіндік береді. Бұл бассейн қала тұрғында-
рының спортпен шұғылдануға, демалуға арналған сүйікті орнына айналатынына сенімдімін, – деді депутат.
Құрылыс жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бассейн жобасы қазірдің өзінде қала тұрғындарының назарын аударып, қолдау табуда.
– Отбасымыз қалада осындай нысанның салынуын көптен бері күтіп жүр. Енді балалар жылдың кез келген мезгілінде суға шомылып, жүзумен айналыса алады. Бұл – ең пайдалы спорт түрі, – деді Қаражал қаласының тұрғыны Айгүл Сәулебекова.
Дәл осы күні Аманжол Әлтай азаматтарды қабылдады. Қаражалдықтар депутатқа қалалық инфрақұрылымның жай-күйі, әлеуметтік төлемдер мөлшерін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру мәселелері бойынша жүгініп, өздерін толғандырған сұрақ-сауалдарын жолдады.
Бұған қоса, тұрғындар қалалық ортаны жақсарту мәселесіне қатысты өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Депутат әр сұрақ бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, бірқатар өзекті мәселені өз бақылауына алды.
Тасқыннан кейінгі қостанай
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтармен және оларға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен кездесті.
Табиғи апаттан зардап шеккен Жангелдин ауданының отбасылары жалғыз баспаналарынан айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әрбір мұқтаж отбасыға мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тауыш ауылында – 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады. Әрбір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр және құны шамамен 30 миллион теңгені құрайды.
Мен мұндай су тасқынын көрген емеспін. Жергілікті ауыл ақсақалдарының айтуынша, қызыл су ауыл төңірегін үнемі айналып өтетін. Бірақ биыл жағдай басқаша болды. Су ауылымызды түгелдей басты. Волонтерлерге эвакуацияға көмектескендері, азық-түлік әкелгендері үшін, заттарды орап, балаларға қарағандары үшін алғыс айтамын. Қазір бізге уақытша киіз үйлер қойылды, болашаққа сеніммен қарап, жаңа баспананы күтеміз, – деді Колқамыс ауылының тұрғыны Темірхан Шойбасов.
Айта кету керек, «AMANAT» партиясы табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бастады. Бұл – гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар Рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу және тағы басқа жұмыстар.
Су тасқыны кезінде біз тұрғындармен кездескенде олардың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пунктерге орналастырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер өз баспаналарын алуда. Көлқамыста 19 отбасы осы жаздың 1 тамызында жаңа үйлеріне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы, Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады, – деді Берік Бейсенғалиев.
Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселелерінде қиындықтар туындаса, «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.
Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Қыркүйек айында үй пайдалануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Амангелді және 14-і Жангелдин аудандарының тұрғындарына берілмек. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.