Ақтөбе маңындағы саяжай тұрғындары табиғи апаттың салдарынан бірнеше сағаттың ішінде үй-күйсіз қалды. Олар тек құжаттарын алып үлгерген. Қазір зардап шеккен тұрғындар Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жатақханасындағы эвакуациялық пунктте тұрып жатыр.
Сәуір айында үйіміз суға кеткеннен бері біз эвакуация орталығында тұрып жатырмыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Үш мезгіл тамақ беріледі, киноға, концерттерге билеттер таратылады. Партия өкілдері төрт жасар қызымды түзету балабақшасына орналастыруға көмектесті. Жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттік, үйімізге оралатын күн де алыс емес, – дейді Ақтөбе тұрғыны Маржангүл Ерназарова.
Қазір бұл эвакуация пунктінде 36 адам, яғни 9 отбасы тұрады. Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 7 уақытша орналастыру пункті жұмыс істейді, онда қазір 695 адам бар болса, 325-і – балалар.
– Баспанадан айырылу әр отбасы үшін үлкен сынақ екенін түсінеміз. Біздің міндетіміз – зардап шеккендерді уақытша орналастырумен қатар, олардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Біз су тасқынынан зардап шеккендердің әрқайсысына қолдау мен қажетті көмекті беру үшін бар күшімізді саламыз. Бірлескен күш-жігерімізбен біз барлық қиындықты еңсеріп, жоғалғанның бәрін қалпына келтіреміз, – деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.
Айта кету керек, су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарына арнап 517 үй салынып жатыр. Сонымен қатар мемлекет есебінен 383 пәтер сатып алынды.