Кеңестің атауы айтып тұрғандай, аталған ұйым халық пен биліктің арасын жалғастырып тұрған мемлекеттік қызметте әдеп сақтаудың, бұқарамен өзара түсіністікте болудың маңызы аса зор екенін мемлекет атынан халыққа қызмет көрсететіндерге түсіндіруді мақсат етеді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде халық пен атқарушы билік өкілдері арасында түрлі келеңсіз жағдайлар тіркеліп жатады және мұндай түсінбестіктер тұрғындардың мемлекеттік қызметке деген сеніміне селкеу түсіреді.
Бұл жолғы отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша кеңес мүшелері Талғар ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады. Қаралған мәселе жайында баяндама жасаған кеңес хатшылығының бас маманы А.Мұхтарованың баяндауынша, қызметтік тергеу барысында биыл 24 наурыз күні сағат 13:30 шамасында Бесағаш ауылдық округ аумағында өткен іс-шара кезінде ауыл басшысының шағымданушымен жанжалдасып қалғаны және сол жерде ауылдық округ әкімінің қызметтік этиканы бұзғаны анықталған.
Өз кезегінде сөз алған ауыл әкімі халықпен кездесу кезінде аудан әкімі мен басқа да лауазымды қызметкерлерді балағаттап, дау-жанжал шығарып, мәмілеге шақырушыларға дөрекілік танытқан адаммен екі арада түсінбестік туындағанын мойындайтынын жеткізді. Ол кісінің өзін де балағаттап, ар-намысына тигенін, сол үшін сотқа қарсы арыз бергенін, алайда оның сот отырысына келмей қалғанын тілге тиек етті. «Мемлекеттік қызметші ретінде сабырлылық танытуым қажет еді» деп өткен іске өкінішін де білдірді. Жұртпен жүздесу барысында орын алған түсінбестіктен туындаған мәселені мұқият таразылап, саралай сарапқа салған кеңес мүшелері Әдеп кодексіне сәйкес, қандай жағдай болса да, мемлекеттік қызметкердің арандатуға ермей, дөрекілік танытпауы қажеттігін, барлығын заң аясында шешуі керектігін алға тартып, ауылдық округ басшысына қатысты қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жаза қолдану жөнінде ұйғарымға келді.
Кеңес отырысында сөз алған Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі департаментінің облыс бойынша Әдеп жөніндегі уәкілі Б.Шанкереев әдеп нормаларын түсіндіру бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқтала келе, аталған саладағы қызметкерлердің санаты басқа мемлекеттік органдармен салыстырғанда төмен және жалақысы аз екеніне кеңес мүшелерінің назарын аударды.
Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Е.Әбитовтің есебінде айтылғандай, Әдеп жөніндегі кеңестің 17 отырысы өткізіліп, 180-нен астам мәселе, оның ішінде 152 тәртіптік іс қаралыпты. Мемлекеттік қызметкерлер арасында әдеп нормаларын түсіндіру жөнінде және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында бірқатар кездесу мен көшпелі отырыстар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Талғар, Іле, Қарасай аудандарында өткен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелері, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзу профилактикасы мен мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша көшпелі кеңес отырыстары өткізілген. Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы-
мен бірлесіп, Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында мемлекеттік қызметшілерге жаңа Әдеп кодексі түсіндіріліпті.
Алматы облысы,
Болат Абаған