Мемлекет басшысы бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.
ТИІМДІ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНҒАН КЕЗЕҢ
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. Сонымен қатар осы шаралардың нәтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.
Президент Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.
– «ШЫҰ+» форматын барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында «ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары» жобасы мен «ШЫҰ Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.
СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАР БЕЛГІЛЕНДІ
Мемлекет басшысы «Шанхай ондығына» кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» ШЫҰ бастамасын жүзеге асыру дәл осы мақсатпен ұсынылды.
Президент Әскери саладағы сенім шаралары туралы келісімді әзірлеп, қабылдайтын уақыт келгенін айтты. Бұл ретте «Үш зұлым күшпен» күрес мәселесі әрдайым жіті назарда болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір маңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпараттық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тәсілдер мен озық тәжірибелерді қолдануға бағытталған арнайы механизм әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бүгін халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қабылданатын өзара іс-қимыл жоспары аталған мақсаттарға сай келеді.
Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне де назар аударды. Сондай-ақ тиімді дәліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ынтымақтастықтың келесі бағыты ретінде атап өтіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.
– Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті айтылған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті.
Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Ұйымға мүше елдердің басшыларына қолдағандары үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі.
Отырыста көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланып, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалды.
– Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.
БАЛАМАСЫ ЖОҚ ҰЙЫМ
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ+» форматында жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды. Сонымен қатар ол бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті.
– Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды. Оның пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға да айрықша мән берген жөн.
– Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.
Қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түсті. Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.
Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.
Өз сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ+» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Кәмила ЕРКІН