Жетісу облысында су шаруашылығы құрылымдарының, нақтырақ айтқанда, суару каналдары мен коллекторларының тозуына байланысты 35 мың гектардан астам жер телімдері ұзақ уақыт пайдаланылмай қалған. Бірақ облыстағы осы салаға жауапты тиісті орындар қарап отырған жоқ. Қолға алынған шаралар барысында кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылып, жағдай оңалуға бет алғаны байқалады.
«Нақты айтатын болсақ, облыс аумағында егістікке жарамды 35 400 гектар суармалы жер жылдар бойы пайдаланылмаған. Оның басым бөлігі: Көксу – 13 600 гектар, Ақсу – 11 541 гектар және Ескелді 4 282 гектар аудандарына тиесілі.
Бүгінде Ислам даму банкі сияқты әлемдік қаржы институттарының қолдауы арқасында біздің өңірде каналдарды тазалау, су шаруашылығы ғимараттарын жөндеу жүргізіліп жатыр. Барлығы дұрыс болса, біртіндеп кезінде егістік болған барлық жер қайта пайдаланылып, игеріледі», – дейді «Қазсушар» РМК Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Саят Құдайбергенов.
Бәріміз білетіндей, жоғарыда аталған суармалы жерлердің пайдаланылмай жатуымен басқа аймақтарды жолда қалдырған үш аудан кезінде басқа дақылдармен бірге кейінгі жылдары қайтадан баса мән беріліп отырған қант қызылшасын көптеп өсіретін. Өйткені заманында осы үш ауданда да алып қант зауыттары орналасқандықтан, шаруашылықтар негізінен тәтті түбірге ден қоятын. Қазір Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ кентінде орналасқан алып кәсіпорын мүлде тұралап, қиратылып жатыр. Ақсу мен Көксуда орналасқан қант зауыттары әзірге жұмыс істеп тұр. Бірақ бұрындары жыл бойы өздерінің аймақтарында өсірілген тәтті түбірді қайта өңдеуден өткізіп, аппақ қантқа айналдыратын кәсіпорындар қазір негізінен сырт елдерден жеткізілетін қант қамысына тәуелді. Осыны ескерген облыстағылар мүлде құрып кете жаздаған қант қызылшасы өндірісіне кейінгі жылдары қайта ден қоя бастады. Облысымыздың аграрлылығын, басты бағыт агроөнеркәсіпті дамыту екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді, оның ішінде суармалы алқаптарды барынша тиімділікпен пайдалану негізгі назарда болуға тиісті екені айтпаса да түсінікті.
Облыстағы суармалы алқаптардың 95 пайызына қажетті су тау өзендерінен жинақталады. Соған сай, егістікті суаратын кезеңдегі судың жету-жетпеуі мұздықтар мен қардың еруіне байланысты. Қалған 5 пайыз жер су қоймалары мен бөгеттерінің ылдиында орналасқандықтан, соларға жинақталған сумен суарылады.
Облыс аумағындағы су қоймаларындағы судың мөлшеріне күн сайын тексеру жүргізіледі. Ақешкі, Алмалы және Ащыбұлақ су қоймаларының жұмыс тәртібі «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясымен келісіліп, Су шаруашылығы комитеті бекіткен. Ал Қызылағаш су қоймасының жұмыс тәртібі «Қазгидросушар институты» ЖШС-мен келісілген.
Жетісу облысында өзен-көлдер көп болғанымен, олардағы су деңгейі тым құбылмалы. Ай мен аптаны айтпағанда, күн сайын өзгеріп тұрады. Сондықтан алдағы кезде жаңадан су шаруашылығы нысандарын салу, суландыру желілерін қалпына келтіру және қайта құралымдау жұмыстары жоспарланған.
«Ескелді ауданында айналымға 1 500 гектар жаңа суармалы жерді енгізу мақсатында Балықты өзенінде сыйымдылығы 5 миллион текшеметр болатын «Балықты» су қоймасының құрылысы қолға алынады. Ал Панфилов ауданында Қорғас, Өсек және Тышқан өзендерінде бөгеттердің, Алакөл ауданында 2 000 гектар жаңа суармалы жерді айналымға қосу мақсатында Жаманты өзенінде сыйымдылығы 5 миллион текшеметрлік су қоймасының құрылысы жүргізіледі. Көксу ауданындағы Быжы өзенінде сыйымдылығы 10 миллион текшеметр болатын су қоймасы тұрғызылады», – дейді Саят Құдайбергенов.
Болат Абаған,
Жетісу облысы