Германияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының жартылай финалдық кездесуінде Испания құрамасы Франция құрамасын жеңді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кездесу Мюнхенде өтіп, 2:1 есебімен аяқталды. Испандықтар сапынан Ламин Ямал (21-минутта) мен Даниэль Ольмо (25-минутта) гол соқты. Дидье Дешам бастаған команда сапында Рандаль Коло-Муани (8-минутта) гол соқты.
Ямал Еуропа чемпионаттары тарихындағы ең жас гол соққан футболшы атанды. Ол 16 жас 362 күнде гол соғып, швейцариялық Йохан Вонлантеннің (18 жас 141 күн) UEFA EURO 2004-тегі жетістігінен басып озды. Сондай-ақ испандық жас футболшы аңызға айналған бразилиялық Пеленің (17 жас 244 күн) рекордын жаңартып, халықаралық турнирдің жартылай финалында өнер көрсеткен ең жас ойыншы атанды.
Испандықтар ЕУРО финалында бесінші рет ойын алаңына шығады. Елдің қоржынында үш алтын (1964, 2008, 2012) және бір күміс (1984) бар.
Айта кеткен жөн, 10 шілдеде өтетін екінші жартылай финалда Нидерланды мен Англия құрамалары кездеседі.
Еуропа чемпионаты 14 шілдеде аяқталады. Финалдық кездесу Берлинде өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.