Соңғы уақытта лудомания, құмар ойындарға қатысты жаға ұстатарлық деректер көбейіп кеткені рас. Мәселен, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания тікелей себеп болып отыр. Себебі Қазақстанда әрбір бесінші адам – құмар ойынның құрбаны. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Осы ретте біз құмар ойындар нарығын ретке келтіріп, лудомандарға тұсау болатын заңға қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Елнұр мырза, аталған заң қандай қажеттіктен туды?
– Лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Құмар ойындар адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратып қана қоймай, рухани тұрғыда да әбден азғындатты. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Ажырасу, суицид, қарызға бату секілді мәселелердің алдында осы лудомания тұр. Өздеріңізге белгілі, Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы жастардың ерекше тәуекел тобына жататынына баса назар аударып, лудоманияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Бұл тәуелділік өскелең ұрпаққа орасан зор зиян келтіреді. Осыған байланысты Президент мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл жұмыстың нәтижесі тиісті заңнамалық қосымшаларды әзірлеу болып табылады. Мемлекет басшысы лудоманиямен күресуде тәрбиелік-түсіндіру шараларына баса назар аудару керектігін атап өтіп, лудоманияға қарсы жүйелі жұмысты жолға қоюды, кешенді жоспар қабылдап, тиісті заңды қабылдауды жеделдетуді тапсырды. Осылайша, Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады.
– Жаңа заңда қандай бағыттар қамтылды?
– Заңдар 6 кодекске, атап өтсек, азаматтық, кәсіпкерлік, еңбек, қылмыстық, қылмыстық-атқарушылық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы, халықтың денсаулығы туралы және 15 заңға оның ішінде ойын бизнесі, лотереялар, банктер, жарнама, байланыс, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, құқық қорғау қызметі, мемлекеттік мүлік, арнайы органдар, әскери қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, төлемдер және төлем жүйелері туралы бағыттар бар. Сонымен қатар 2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік кеңесінің отырысында және 2024 жылғы 14-15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының елдегі лудоманияға қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғандарды қоса алғанда, 100-ден астам түзетулерді қамтиды. Айта кету керек, Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады, ол ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі туралы заңның негізгі ережелерімен толық үйлестірілген.
– Лудоманияға қатысты Мәжілістегі заңды талқылау ұзаққа созылғаны белгілі. Заңды талқылау барысында неге көз жеткіздіңіздер? Бұл заңға қарсы қандай да бір мүдделі топтар болды ма?
– Иә, заңды талқылау барысында лобби топтың қысымы өте жоғары болды. Жан-жақтан ақпараттық шабуылдар жасалды. Біздің қарастырып жатқан заң нормаларын терістеп бақты. Жеке басқа өтуге тырысты. Осындай форматтағы жағдайлар жиі болды. Әрине, артында букмекерлер мен казино иелері тұрды. Өйткені жаңа заң бойынша жарнамалар шектелді. Бір ғана мысал, заңмен сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген жеке тұлғаларға құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салу қосымша анықталады, олардың саны шамамен 3,5 миллион адам. Заң нормаларына сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. Осылайша, жалпы саны 300 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. Енді қазірдің өзінде өзін-өзі құмар ойыннан шектейтін азаматтардың саны 130 мыңнан асып кетті. Біз Egov сайты арқылы анықтадық. Сонда жалпы саны 4 миллионға жуық тұтынушыларынан айырылып отыр ғой, шамалап айтқанда. Бұл қазіргі есеп қана. Алдағы уақытта жаңа заңның ықпалымен бұл көрсеткіш жақсы жағынан өзгере береді. Міне, осыншама тұтынушыларынан айырылар алдында олар қолдарынан келгендерін жасап бақты. Лудоманияға тәуелділікпен күресуде ең бастысы – мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ халықтың шоғырландырылған, бірізді және жүйелі жұмысы.
– Заңның өзге де қандай жаңалықтары бар?
– Сондай-ақ өзін-өзі шектейтін тұлғаларға арналған заң құмар ойындарға қатысуды өзін-өзі шектеудің ең жоғары мерзімін 1 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтты. Тыйым салуды ертерек тоқтату мүмкін болмайды. Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Осылайша, бұл норма балаларды энергетикалық сусындардың зиянды әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың орналасқан жерінде, спорт құрылыстарының ішінде және спортшылардың жабдықтарында орналастырылғандарды қоспағанда, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар ғимараттарының сыртқы жарнамасына тыйым салынады. БАҚ-та спорттық тақырыптағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциясы кезіндегі жарнаманы қоспағанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған.
– Арнайы уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сұхбаттасқан Наурызбек САРША