Бірақ біздің елімізде 12-15 жас аралығындағы, тіпті 10-12 жастағы қыз баланың жүкті болып қалғаны туралы статистика бар. Дәрігерлер ұсынған деректер бойынша, елімізде жылына 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалса, олардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар. Ал 14 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы, 15-17 жастағы жасөспірімдердің 21 пайызы кемінде бір рет жыныстық қатынаста болған. Сондай-ақ Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуропамен салыстырғанда 3-4 есе көп.
Халқымыз «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» дейді. Алайда ерте етегі ашылып, балалық шақта ана атанып отырған қыз баланың тағдырына алаңдаған кім бар? Енді ғана желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектің қылығын ұят санамас бұрын, оның бойына адами құндылықтар мен ұлттық тәрбиені сіңіру үшін не істедік? Олардың сезімдері мен сенімдеріне ересектердің өзі сызат түсіруі мүмкін екенін бір сәт болса да ойладық па? Тек қыздарымыздың ғана емес, ұлдарымыздың өз өмірін өксікке толтырып, тағдырын талқан етуінің себебі не? Көбіне жүгенсіз кеткен жасөспірімдерді сынап-мінеп, кінәлап жатамыз. Үзіле жаздап, үлбіреп тұрған тағдырдың тауқыметіне көз жұма қараймыз. Әлі толық пісіп-жетілмеген жас ағза үшін жүкті болу, өмірге ұрпақ әкелу немесе жасанды түсік жасатудың психологиялық, физиологиялық салдарына бас қатырдық па?
Мамандардың айтуынша, жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жаста ғана байқала бастайды. Жүктілік кезінде жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарда түрлі түзілістер жүреді. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз туындайды. Балғын қыздардың ағзасы мұндай жүктемеге дайын болмайды, құрсақ көтеріп, бала тууға бейімделмеген. Салдарынан, жасөспірім аналар дүниеге әкелген балалар ауруға бейім, әлсіз, өмір сүруге деген қабілеті мен құштарлығы өте төмен болады. Ерте түсік жасату немесе ерте жүктілік, тіпті баланы дүниеге әкелу – жас ананың денсаулығына, өміріне төнген үлкен қауіп әрі жанына түскен жазылмас жара екенін түсінгіміз келмейді де. Арамызда «Ойнап жүріп от басқан» баласының өмірінің ойрандалғанын ойлаудан бұрын, жұрт алдындағы масқарадан «тығылып» қалуды ғана ойлайтын ата-аналар көп.
– Түсік жасату туралы шешімді ата-аналардың көпшілігі қолдайды. Өйткені олар екі жаманның азын таңдадық деп санайды. Ерте жүктіліктің зиянды тұстары да жетерлік. Бірақ жасөспірім кезіндегі түсік жасату көптеген жағымсыз жайтқа әкеледі. Жүктіліктің ерте факторы болашақта тіпті бедеулікке әкелуі мүмкін. Егер жас ана баланы дүниеге әкелемін деп шешім қабылдаса, бірқатар салдарға тап болады. Жас кезіндегі жүктілік денесінде әлі де гормоналды өзгерістер жүріп жатқан әйел ағзасы үшін қауіпті. Он үш-он жеті жасында қыздың ағзасы ана болуға әлі дайын емес, – дейді гинеколог дәрігер Самира Садыгова.
Ерте жүктіліктің ғылыми тұжырымдамаларына тереңірек үңілер болсақ, бұл халқымыздың репродуктивті саулығына, болашақ ұрпақтың қан тазалығына зиянды әсерінің зор екеніне көз жеткізер едік. Мамандар қазіргі күні елімізде бала туу көрсеткішінің кеміп кеткенін, оның басты себептерінің бірі бедеулік екенін жиі айтып жүр. Ал бедеулік адам репродуктивті денсаулығына жастайынан, тіпті бала кезден мән бермегенінің салдары дейді. Жас ағзаның ер және әйел ретіндегі ерекшеліктері қалыптасып үлгермей жыныстық қатынасқа барып, мәжбүрлі түсік жасату, қалаусыз нәрестені дүниеге әкелу адамның денсаулығына, психологиясына, физиологиясына, қала берді, халқымыздың салауатты сапасына кері әсерін тигізетін ең қасіретті фактор екені даусыз.
Егер статистиканы сөйлетер болсақ, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар. Акушер-гинеколог Галина Гребенникованың айтуынша, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Бұл сандардың ұлт саулығы, ұрпақ саулығы мәселесіндегі зардабын айтпасақ та түсінікті... Қазір мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қоғамда қайта-қайта талқыланып келеді. Бірақ жыныстық білім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім, айқын бағыт-бағдар жоқ.
Жалпы, 2019 жылдан бері мектептерде жаратылыстану, биология сияқты жалпы пәндерге тақырып ретінде адамтану бағытында жыныстық тәрбие курсы аракідік енгізіліп жүр. Алайда нақты бағдарламасы бекітілмегендіктен, қайбір жылдары салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы сынды мекемелердің мамандары мектепте өз дәрістерін оқып, мүшеқап жарнамасын жүргізіп, оқушыларға таратып бергені туралы шу шықан-тын. Ата-аналар үдере түрегеліп, наразы болғаны бар. Бұрын анатомия сабағы 8-сыныптан басталатын болса, енді мамандар бұл пәнді 3-4-сыныптан бастау керектігін алға тартады. Олар 3-4 сыныптан бастап-ақ балаларға жыныстық сауаттылық туралы оқыта беруге болады дейді. Егер 3-4-сыныптағы бала 8-9 жаста деп есептесек, оларды кішкентайынан жыныстық тәрбиеге үйрете беру туралы ұсынысты қолдайтындар «қазіргі балаларды бұрынғы балалармен салыстырғанда физиологиялық, жыныстық өсіп жетілуі өте ерте әрі тез дамиды» деген уәж айтады.
Білікті педагог, Еңбек Ері Аягүл Миразова: «Бұл мәселені үшінші сыныптың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бірақ балаға ерте бастан, ондай дүниені айту пайда бермейді. Керісінше, баланы бұзуы мүмкін» дейді. Егер қазақтың ұлттық өлшеміне салсақ, «бесіктен белі шықпаған балаға» кейбір құпия саналатын, ұят болып есептелетін, өзіндік шекарасы анықталған ұғымдарды «жалаңаштауға» болмайды.
Десек те, жасөспірімді «болары болған іске» айыптау, кінәлау мәселені шешпейтіні белгілі. Бейсаналы жасаған әрекеті үшін ата-анасынан қорыққан жасөспірімнің жасанды түсік жасату арқылы мәжбүрлі түрде адам өлтіру секілді қылмысқа дейін барып жатқаны ең үлкен қауіп екенін ескеруіміз керек. Журналист Бэлла Орынбетованың айтуынша, жалпы біздің қоғамда баланың міндеті бар да оның құқығы, қалауы деген мәселелер қарастырылмаған. Мәселен, балаға біріншіден психологиялық тұрғыда ержету немесе бойжету деген не екенін ұғындыру керек. Ересек өмір тек жыныстық қарым-қатынас емес, жасөспірімнің адам ретінде өзін-өзі релизациялауы, өзінің қандай да бір потенциалын іске асыруы, қабілетінің, мүмкіндіктерінің шексіздігі туралы ұғымдарды сіңіруіне жағдай жасалуы керек. Яғни, баланың шығармашылық, білім немесе кәсіп секілді басқа да мүмкіндіктерінің толық ашылуына фундамент қалануы керек. Қазіргі капиталистік ортада балалардың көбісінің түсінігінде жұмыс істеуге, ақша табуға тырысу культі, материалдық құндылық культі қалыптасқан. Заң бойынша белгілі жаста баланың жұмыс істеуге құқығы бар. Бірақ қандай жұмыс істейтіні туралы механизмдер жоқ. Сондықтан ауыр жұмысқа жегіліп жүрген балалар құқығына қатысты айқын механизмдер, шаралар болу керек.
– Егер еліміз жастардың ерте жастан жыныстық қатынасқа түсуі нгемесе ерте жүктілік бойынша алдыңғы орында болса, қоғамдағы «Он үште отау иесі» деген секілді архаикалық түсініктердің әсері болуы мүмкін. Біздің қоғамда балалардың құқығына қатысты белгілі бір мораль оқылады да, көбіне баламен арада диолог болмайды. Тыйым туралы көп айтылады. Бірақ не үшін тыйым салынғаны айтылмайды. Мектепте валеология сабағының сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ баланың құқығын бұзу жағдайы көбіне ашық айтылмайды, кейбір инцидент болған жағдайлар «жабулы қазан күйінде» өзара келісім негізінде жабылып қалады. Дегенмен жалпы ерте жыныстық қарым-қатынас немесе ерте жүктілік мәселесінің алдын алуға болады, – дейді Б. Орынбетова. Оның айтуынша, мектепте жыныстық сауат пәнін оқытатын болса, алдымен педогог маманның да жауапкершілігі мен сауатына мән берілуі керек. Мектепте ғана емес, ата-анамен де жұмыс жүргізілуі, қоғамның да пікірі, көзқарасы өзгеруі тиіс.
– Мектепте жыныстық тәрбие туралы оқыту дегеніміз – жыныстық қатынасқа түсуіне рұқсат беру деген сөз емес. Оқушыға жыныстық қатынас деген не, оның салдары, оған дайындық мәселелері, ер мен әйел организмінің физиологиялық ерекшеліктері, ағзада болатын өзгеріс, ағзаның пісіп-жетілуі, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық аспектілері түсіндірілуі, «Қызға қырық үйден тыю» қағидасы ғана емес, ұлдардың да жауапкершілігі қамтылуы керек. Адам құқығының мәнін сақтау, адамның абыройын, адамның қалауын сақтау мәселесі бірінші бағалануы керек деп ойлаймын. Сондықтан биязылық, пәктік дегеннен гөрі адамның құқығына, саналы таңдауына еркіндік берген дұрыс деп ойлаймын. Жасөспірім саналы түрде ерте жыныстық қатынастың немесе ерте жүктіліктің әлі физиологиялық тұрғыда дайын емес ағза үшін қаупін, зиянын, зардабын түсінгені абзал. Сонда ғана «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» қағидасы адамның денсаулығы мен қауіпсіздігі мәселесінің негізгі түп қазығы бола алады, – деді ол.
Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Қазір жасөспірімдердің жауапкершілігін сөз еткенімізбен, олар белгілі бір деңгейде ересек адамдардың жауапкершілігін сезіне алды ма, осы мәселеге мән беру керек сияқты. Ал аумалы-төкпелі көңіл күйдегі өтпелі кезеңде жасөспірімге тек ұят туралы айтып, шектеу арқылы жауапкершілік талап етудің соңы әлеуметтік мәселеге айналып отырғанының куәсіміз. Ерте жастағы жүктіліктің салдары жасөспірімнің денсаулық мәселесі ғана емес, өзіне-өзі қол жұмсауға және құрсақта тұншыққан сәби өмірін қиюға дейін апаратын қылмыс әрі қасірет. Сондықтан ізгі қоғам игіліктері дегенді құр айтып қана қоя салмай, әркім өз бойынан іздегені дұрыс секілді.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ