Автор «Қамалды алу жолын таппай тұрып бостан-босқа шабуыл жасай бергеннен не таптың, сарбаздарды қырып аламыз» деген Жошының уәжіне Шағатай қарсы шығып, қылышын ала жүгіруін суреттеу арқылы пьесаны әп дегенде конфликтіге құрады. Үгедей әкелген Шыңғыс ханның хатында қаһарлы Қағанның Үргенішті ала алмай тұрған екеуіне қатты ашулы екені айтылып, шығарма арқауы тіпті ширыға түседі, қаһанның хатынан кейін әке бұйрығын қапысыз орындап үйренген Шағатай ащы тілін Жошыға сұға түседі...
Автор Үргеніш шаһарын алудың әскери стратегиясын нанымды келтіреді – Үгедей Жейхун-дарияның арнасын бұрып, қамалға тасқын жіберуді, алынбас қамалдың қабырғаларын су шайғанда ғана барып әскер қаптатуды ұсынады. Пьеса кейіпкері Жошы образын жан-жақты ашуда автор Шағатай мен Үгедейдің қамалды алу үшін қала халқын қырып тастауға даяр аяусыз жауыздықтарын, ал Жошының қамал ішіндегі жас балалар мен кәрілерге жаны ашып, қантөгіске қарсы болуын суреттеу арқылы Жошының адамгершілік қырын бейнелейді. Осы көріністерде Шағатай, Үгедей және Жошының адами бет-бейнелері кейіпкерлердің нақтылы іс-әрекеттері арқылы ашыла түседі – Шағатай мен Үгедей әке бұйрығын орындамау қылмыс, Ұлы Жасақ Ережесін бұзуға болмайды деп тиран-әке алдында өздерінің жеке пікірлері жоқ, жазықсыз қала халқының тағдырынан гөрі жаны аман қалуын ғана ойлайтын орындаушы-қасапшылар дәрежесінде болса, Жошының: «Әкеміз «Әр істің өз шешімі бар, соған сай әрекет етіңдер» деген сөзін алға тартуы арқылы басты кейіпкердің тұлғалық болмысын аша түсіп, ақылды, көреген, әділетті адам екенін бейнелейді... Ақыры, қамал алынады, жауыздардың дегені болады, қала халқы жас, кәрісіне қарамай түгел қырылады. Жошы жүрегіне шемен боп қатқан бұл жауыздық Жошы образының даму перспективасын айқындайды...
Жошының анасы меркіттердің қолына түскенін, Бектомыштың атасы Тоғырыл хан Жақамбыны аттандырырып, анасы екеуінің әулетімен табысу оқиғасын, Бектомыштың жетігенмен салған әнін естігенде Қыпшақтың кең сахарасы есіне түсуі сахналарын автор шебер суреттей отырып, Жошының ішкі күйзелісін, Үргенішті алғанда Үгедей мен Шағатайдың қала халқын қынадай қырғаны, жазықсыз елдің трагедиясы жанына батқан Жошының жан дүниесі иірімдерін, психологиясын дөп басып, күрделі образ сомдаған. Жошы образы әйелімен диалогында ашыла түседі, күрделене түседі. Қан шеңгелдеп туған Шыңғыс әмірін Тәңірдің бұйрығындай орындатуға дағдыланған тиран екенін, бұл жолда алдында туған баласы тұрса да, басын алар қатігез екенін біле тұра Жошы өз идеясы – әділдік идеясы жолында өз жанын құрбан етуге баратын адам екені Жошының әйелімен сахнасында нақтылана, шегелене түседі.
Драмалық шығарманың басты қағидасының бірі – оқиғаны интригаға құра білу. Интрига көрерменді алдағы болар оқиғаларға ынтықтыра түседі, бұның аяғы немен тынар екен деп тағатсыздана күттіріп қояды. Осы тұрғыдан алғанда пьесада Құлан қатын образы өзінің күрделілігімен, тереңдігімен ерекшеленеді. Құлан қатын алғашқы көрінгеннен бастап-ақ сарай интригасының басты кейіпкері боларына сендіреді. Автор Құлан қатын мен Көкеш бақсы образдарын шебер тапқан. Құлан қатын тақ таласы жолында Құлқан ұлын Шыңғыс ханның орнын басар мұрагері ретінде көреді. Ал Көкеш бақсының зымияндығы тіпті тереңде – ол Есугейдің ұрқында кеткен атасы мен әкесінің кегін алуды, Темужиннің мойнындағы жеті атасының кегін қайтаруда қанға қан, жанға жан деп, жауынан өш алуды жатпай-тұрмай ойлап жүрген жан. Тақ таласы, бақ таласы жолындағы осы жанкештілік екі кейіпкердің бойында тоғысып, шығарма шырғалаңын ширата түседі. Әрі, бір-біріне аса сене қоймайтын, сауысқандай сақ, керек кезде бірін-бірі сатып кетуге даяр осы екі кейіпкердің диалогтары да пьесаның тартыс атмосферасын күрделендіре түседі.
Меркіттердің соңғы ханзадасы Қолтуғанның тұтқынға түсіп, Шыңғыс ханның құзырына келтірілген сахналарда Жошының образы айшықтала түседі. Ерді ер таниды – Жошы Қолтуғанның дала көкжалындай қайсар, ер екенін таниды, садақ тартудан асқан мергендігін бағалай біледі, Шыңғыс ханнан сауға сұрап, Қолтуғанды өзіне серік етуіне рұқсат сұрайды. Шыңғыс ханның алдында Құлан қатынның: «Қолтуған елімнің соңғы ханзадасы, тектісі еді» деп шырылдап араша түсуі пьеса темпо-ритмін шыңылдата бұрай түседі. Қолтуғанның Шыңғыс ханға бас имеуі, жауының қанжарын жұлып алып, өзін-өзі тамақтан орып жіберіп қаза табуы да «жаным – арым садағасы» дейтін дала батырларының мінезін көрсетеді...
Шыңғыс ханның қас жауларының бірі, иен далада құйындай ұйытқып, жауларын сан мәрте сан соқтырып кеткен Жалаладдиннің ұлы, он үш жастағы қыршын жасқа да Жошының араша түсуі, Шыңғыс ханның әлі бұғанасы қатпаған немересі Батудың қолына қанжар беріп «Жалаладдинің баласын жарып өлтір» деуі де оқиғалар шиеленіскен үстіне шиеленісе түсіп, сахна атмосферасы қыза түсуіне қызмет етіп отырады.
Автор кейіпкерлерін ірі, кесек мінезді, батыр болмысты ете сомдаған – Шыңғыс хан өзі шығарған заңды орындамаған Жошыны өлім жазасына кесер тұста Төле, Үгедей, Жебе-ноян, Отшығын баһадүрдің, Сүбедейдің араша түсуі жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан әулетінің шын мінезін, мәрттігін көрсетеді. Кейін, Шыңғыс хан мен Құлан қатын сахнасында автор Шыңғыс ханның ауызымен «Ұлдарымның ақиқатты айтқанан қорықпаймын. Шындықтан қашқан күні жүрер жолымыздан адасармыз...» деуі арқылы Шыңғыс ханның Жошының шыншыл мінезін жақтайтынын, өзінің Шағатай мен Үгедей жағында емес, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ...» дей алатын батыл да әділ Жошы жағында екенін білдіріп өтеді... Шыңғыс хан мен Жошының арасындағы соғыс, қырғын, билік туралы пікір қайшылығы салмақты ой толғанысына толы. Автор кейіпкерлер диалогы арқылы адам баласы пайда болғалы тоқтамай келе жатқан соғыс, қанға тоймас қылмысты билік табиғаты туралы ой тастайды. Жошы қаһарлы әкеге әлемді қылышпен бағындырамын, жеке-дара билік жүргіземін деу астамшылық екенін, қанды биліктің дәуірі қысқа боларын қаймықпай білдірсе, Шыңғыс хан өзінің, ұрпағының Көк Тәңірінің қалауымен құдіретті сәуледен жаралып, адамзат баласын билеуге бұйырылған ерекше жаратылыс екенін айтып, ал артық туған Шыңғыс хан үшін билікке жету жолында адам қанын төгу тышқан мұрынын қанатқанмен бірдей екеніне сенімділігін жеткізеді. Жошының Кетбұға жыраумен сахнасында да Жошының қантөгіске қарсылығы, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегіннің заманын еске алып, түркі жұртының «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» дәуірін аңсауы пьеса кеңістігінің көкжиеген кеңейте түседі.
Драматург Көкеш бақсы мен Құлан қатынның бір заманда Шілгер көсемнің Бөртеге жасаған зорлығы Шыңғыс ханның ішіне шемен болып қатқанын ұтымды пайдалана отырып, Қаһан мен Бөрте балаларының арасына от тастап, әсіресе Жошының көзін құрту үшін жасаған айлакерліктерін орынды қоса отырып, оқиғаны шиеленістіріп, сюжетті байыта түседі. Көкештің Бөрте туралы өсек таратып жүргенін естіген Шыңғыс хан бақсының «Ей, Темужин! Сен мені өлтіре алмайсың! Мен Көк Тәңірінің жердегі көлеңкесімін. ...Мені өлтірсең, Көктің қаһарына ұшырайсың!» дегеніне пысқырып та қарамай, Отшығын баһадүрге өлтіртуі қаһанның әр ісін Құдай қолдайтынына, өзінің Көктің таңдау түскен біртуар жан екеніне сенімді екенін білдіру арқылы Шыңғыс хан образының бояуын қанық қылып, әр қырынан аша түскен.
Қаламгер, пьесаның финалында, заманында ұлы империя құрған, даналығы мен қайшылығы мол тұлғалардың бір-біріне ұқсамайтын образдар галереясын жасауымен, оқиғалар легін тарихи фактілерге сүйене отырып қисынды құру, тіл байлығын, бейнелі сөздерді орынды жеріне пайдалану арқылы шебер түйіндей білген. Автордың «Жошы хан» пьесасын жазарда шетел тарихшылары мен Қазақстан тарихшыларының еңбектерін мұқият зерттеп, жазушылық көркемдік призмасынан өткізе зерделегені көрініп тұр. Мол дерек, дәйектерді қорытып, сығымдап, ұзыннан-ұзақ тарихи фактілердің жетегінде кетпей, ең маңызды дегендерін іріктеп алып, бір жарым сағаттық қойылымға сыйғыза білген. Осының арқасында көрермен Шыңғыс ханның төрт баласына қайқы қылышымен өзіне қаратқан ұлан-ғайыр жерді бөліп беруін; Каспий теңізі мен Арал теңізіне, Ертіс өзенінен Орал тауына, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасынның Бұлғардың жеріне дейінгі аймақ Жошының иелігіне берілуін, Жошының Ұлытауға Орда тігуін, өзі басқарған елді білімге, қазба байлықтарды игеріп, шетелмен сауда-саттық жасауға, ел басқаруда әділетті ту етуіне қанық болады. «Жошы хан» тарихи драмасын Астананың Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахналап, спектакль көрермендердің зор ықыласына ие болды. Премьераны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп көріп, спектакль аяқталғанда сахнаға көтеріліп, авторы Думан Рамазанға, актерларға ризашылығын білдірді. Думан Рамазанның «Керей–Жәнібек» тарихи драмасы Әбілхайыр ханның тепкісіне шыдамаған елді ертіп Жәнібек, Керей сұлтандардың қиын-қыстау заманда Қазақ хандығын құру жолындағы даңқты ерлігін суреттесе, «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан» тарихи драмалары да талай мәрте жер бетінен жойылып кету қауіпі төнген, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламалардан» аман қалған қазақ халқының тәуелсіздікке жетудегі тар жол, тайғақ кешуін, жанкешті тағдырынан сыр шертеді.
Суреткердің бұл шығармасы классикалық үлгіде жазылған, тілі шұрайлы, қысқа берілетін монологтарға мол мағына сыйғызған, диалогтары шебер туынды.
Қорыта айтқанда, жазушы-драматург, тарихи драмалары республика театрларының сахнасында жиі қойылатын Думан Рамазанның «Жошы хан» драмалар жинағы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық еңбек.
Асылбек ИХСАНОВ,
жазушы-драматург