Еурода жарқыраған жұлдыздар

Биыл Германияда өткен Еуропа чемпионатының жөні бөлек. Неге десеңіз, сіз бен біз бірінен-бірі өткен жас таланттармен таныстық. Байқасақ, жақында кейбірі «мекенжайын» ауыстырып, топ-клуб сапында доп тебеді. Өйткені жазда турнир өтеді десе, скауттардың «аладорбасын» арқалап сонда жүретіні белгілі. Сол үшін дүбірлі дода аяғында бірнеше жас саңлақты жақыннан таныстыруды жөн санадық.

16 жастағы оқушы

Әрине, тізімнің басын Еуропа чемпионатының жаңғырығы болған Ямин Ямалдан бастаймыз. Иә, ол 13 шілде күні 17 жасқа толады. Десе де, әңгіме еурододаға келгендегі, қарсыластарын көргендегі кезеңді қамтиды. Негізі, Ямал жас шамасына қарай Германиядағы футбол турниріне емес, Париждегі Олимпиада ойындарына баруы керек еді. Мәселен, клубтасы Кубарси  (17 жас) Францияға аттанды. Ал Ямин болса, аталған ірі турнирде Франция құрамасын үйге жіберді. Қызығы сол, «Барселона» клубы жақында ғана Пау Кубарси мен Ямин Ямалдың негізгі командада  ресми түрде ауысқанын жариялады. Бұған дейін олар «Барселона Б-да» доп теуіп, арасында бірінші командадағы ағаларына көмектесіп тұратын. Қалай көмектескенін күллі әлем көрді. Соның ішінде Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте де бар. Ойыны қызыл фурия жетекшісіне ұнап, сеніммен аламанға қосты. 

«Ла Масия» түлегі бапкерін жерге қаратқан жоқ. Қайта атағы аспандап, футбол әлемі мен әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Финалға дейін алты ойын өткізіп, бір гол соғып және үш нәтижелі пас берді. Осылайша, Еуропа чемпионатында гол соққан ең жас футболшыға айналды. Ол ол ма, ірі турнирлерде гол соққан ең жас ойыншы ретінде Пеленің рекордын жаңартты. Иә, Франция қақпасын қақырата алыс тоғыздықты дәл көздеген голын көргенде көз сүйсінеді. Тіпті, кейбірі мұны еурододадағы ең үздік гол деп жатыр. Мына сәйкестікті қараңыз, Ямал тура осындай голды Испания жастары U-17 қатарында тағы сол Францияға салған екен. Таңғаларлығы –  16 жастағы ойыншының алаңда тым еркін, сенімді қимылы. Алаңды оқып қана қоймай, Испания сапындағы Карвахаль, Начо сияқты егде футболшылар сенім артар «әріптесі» атанып шыға келді. Бұрын 23-24 жастағы ойыншыны жас жұлдыз десек, енді Ямалдың жанында Беллингем (21), Шашко (21), Вирц (21) , Кварацхеля (23) тәрізді футболшылар анау айтқандай жас болмай қалды. Сонымен, үй тапсырмасын еурододаға арқалап келген ойыншы трофей арқалап қайтуы бек мүмкін. 

Сен кімсің, Дани Ольмо?

Испания құрамасы жартылай финалда Германиямен ойнады. Ойынның 8 минутында Педри жарақат алған соң бапкер оның орнына алаңға Дани Ольмоны шығарды. Көпшілік «Педридің орнын басардай сен кімсің?» деді, білем. Өйткені Ольмоның Испания жастар құрамасымен бірге Еуро-2019 жеңіп, финалдың үздік ойыншысы атанғанын біреу білсе, біреу бейхабар. Оның үстіне, финалда Германияны қапы қалдырып, алаңда небір сойқанды бастаған-ды. Одан бұрын аталған турнирде Франция, Германия сияқты құрамаларға гол соғып, өзін әр қырынан көрсетті. Ойыннан кейін қызыл фурия жейдесін кигеннен ләззат алатынын әрі бұл қатарда болу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ екенін атап өткен. Тізімге ілігу қиын екенін, реті келсе ересектер қатарында да топ жарғысы келетінін айтқан. Ал сол тұстағы жастарды баптаған бапкер кім? Әрине, Луис де ла Фуэнте еді. Бұл бапкер үшін Дани Ольмо сияқты ойыншының орны бөлек. Айтқандай, Дани да «Ла Масия» түлегі. Бас бапкер Ольмоны қатардан қалдырмай, биыл да біріншілікке әкелді. Бірақ ол үшін турнир қосалқы құрамда басталды. Хорватия құрамасымен жарты сағат ойнаса, Италиямен кездесуде алаңға шыққан жоқ. Бапкер Албаниямен ойында екінші құрамды шығарған соң Ольмо алғашқы минуттан бастап өнер көрсеткені бар. Нәтижесінде, бір нәтижелі бас берді. Ал плейофф кезеңінде нағыз джокерге айналып шыға келді. Грузия құрамасына бір гол соқты, Германиямен ойында бір гол салып, бір нәтижелі бас берді. Жартылай финалда Франция қақпасына жеңіс голын соғып, құраманы финалға шығарды. Үш ойын қатарынан үш гол соқты. Өзі «Лейпцигте» доп тебетін ойыншының болашағы түрленіп сала берді. Енді талантты футболшыға АПЛ клубтары, «Бавария» мен «Барселона» көз салып отыр. Келер маусым Ольмо үшін «Баварияға» соққан хет-тригінен де жарқын болмақ.

Тағы бір Уильямс...

«Атлетик Бильбаода» доп тебетін Нико Уильямстің атын естігендер алғашқыда «тағы бір Уильямс келді» деген-ді. Өйткені ағасы Иньяки Уильямс аталған клубтың аңызына айналған. Бірақ Никоның жөні бөлек, ол клубын жаңа деңгейге көтеріп, 40 жылдан кейін трофейге қол созуға мүмкіндік сыйлады. Ағасы армандаған қызыл фурия жейдесінде доп теуіп жүр. Оның алаңдағы асқан талантына біраз клуб қызығып отыр. 21 жастағы ойыншы Ямин Ямалмен қосылып, әдемі тандем құрып, қарсыластың айып алаңында қауіп төндіріп жүргені тағы бар. Грузиямен ойында Тайбурылдай ойнақтап, бір гол соғып, нәтижелі пас берді. Әр ойында негізгі құрамда алаңға шығып, шабуыл шебінде жүр. Кезінде әке-шешесі Ганадан Испанияға қоныс аударған мигрант болатын. Ал ата-анасының Испанияға жету жолы бір фильмге сұранып тұрған сценарий. Отбасында екінші ұл дүниеге келген соң отбасы қаржыдан қиналып, әкесі Лондонға жұмыс іздеп кетеді. Осылайша, «Челси» клубының қатардағы күзетшісі болып жұмысқа тұрады. Екі ұлдың тәрбиесі, таңдауы мен талғамына жауапты анасы болады. Осынша бейнеттен соң қазір екі ұлы да футболшы, ал бірі Испания сапында доп қуып жүр. Қуып қана қоймай, нағыз таланттың бірі екенін дәлелдеп жүр.   Жалпы, Испания жастары  компьютермен ойын ойнағандай топтасып, талант тас жаратынын көрсетті. Алдағы маусымда әрбірі бір-бір топ клубтың жұлдызы болары анық. 

Түркияның қос қыраны

Германияда өткен Еуропа біріншілігінің үздік жанкүйері кім десе, ойланбастан түріктер деріңіз анық. Өйткені стадион жаңғырып, рухты марштары неміс аспанында қалықтағаны бар. Әсіресе, ойыншылардың атын айтып ән салғаны тіптен бөлек. Ал осы жолы түріктердің аузынан түспеген бір ойыншы болса, ол – Арда Гүлер. Ол сөзсіз Түркияның осы додадағы аңызына айналды. Ширек финалға дейін бес ойын өткізіп, бір гол және екі нәтижелі пас берді. Грузия құрамасына қарсы соққан голына таңдай қақпасқа болмас. Шірене көтерген допты қайтаруға Мамардашвилидің шамасы жеткен жоқ. Әрі осы кездесудің үздік ойыншысы атанды. 19 жастағы «Реал Мадрид» ойыншысы еуродода тарихында бірнеше нәтижелі пас берген жас футболшылардың төрттігін түйіндеді. Нидерландпен өткен ширек финал кездесуінде де барын салып, құрамасы үшін тырысып бақты. Тек сәттілік жетіспеді. Өйткені тәжірибе дейін десең, Түркия құрамасында Хакан Чалханоглу, Самет Ақайдын сияқты тіс қаққан ойыншысы жеткілікті. Жаңа буынның да осалы жоқ. Осы турнирде түріктің бірсыпыра талантты ойыншысы барын білдік. Мәселен, Арда Гүлер мен Кенан Жұлдыз бастаған жас буын құрамасын 16 жылдан соң ірі доданың ширек финалына алып шықты. Көзінде жалын, «қайтсем Түркияның туын жықпаймын» дейтін рух бірден сезіледі. Айтқандай, 19 жастағы Кенан Жұлдыз «Ювентуста» доп тебеді. Негізі, Баварияда дүниеге келген. Әке-шешесі Германияға қоныс аударған түріктер. Неміс жерінде туған соң Германия сапында да ойнауға болатын еді. Кенан Өзілдің жолымен жүрмей, тарихи отанын таңдады. Нидерландпен өткен кездесуден соң ойыншылардың киіну бөлмесіне кірген Ердоған Арда Гүлер мен Кенан Жұлдыздың қолын қаттырақ қысып, әңгімеге тартады. Түркия президенті де рухты буын қалыптасып, байрақты бәсекеде абыроймен өнер көрсеткеніне риза болған болар...

 

Айзат Айдарқызы