12 шілдеде 2024 жылғы негізгі ҰБТ аяқталды. Ұлттық тестілеу орталығы қорытынды мәліметтерді жариялады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
ҰТО мәліметінше, республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер (екі мүмкіндікте есепке алғанда 326 мың рет) ҰБТ тапсырды.
"Талапкерлердің 75,1 пайызы қазақ тілінде, 24,8 пайызы орыс тілінде, 168 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Шекті балды 76,4 пайызға жуық (139 мың) талапкер жинады; Орташа балл – 68 балл. 641 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала қатысты", - делінген хабарламада.
Ереже бұзған 628 адамның нәтижесі жойылды.
"Смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан 393 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 188 адам шығарылды; бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 47 адамның нәтижесі жойылды; Бөгде тұлғалар анықталған жоқ", - дейді орталық мамандары.
Айта кетейік, биыл 65 мыңнан астам апелляциялық өтініш келіп түсті. Апелляцияны қарастыратын комиссия жұмысын 13-14 шілде аяқтайды, содан кейін талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді болады. Сондай-ақ ҰБТ кезеңінде электрондық пошта, call-орталық, әлеуметтік желілер бойынша 300 мыңға жуық өтініш өңделді.
ҰТО өкілдері 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізілетінін атап өтті. Олардың сөзінше, тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Тelegram арнасынан таба аласыз.