Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 26 наурызында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жай-күйін саралап, бүгінгі күнде тозығы жеткен техниканың деңгейі 75%-ға жеткендігін айтты.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жаңа жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Осылай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы техника паркін жыл сайын 8-10 пайызға жаңарту жөніндегі тапсырмасы қолға алынды. Жаңа бағдарлама елімізде өндіріліп/құрастырылған отандық ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған.
«Елімізде бірінші рет 5% мөлшерлемесімен ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл фермерлер үшін өздерінің ауыл шаруашылығы техникалық паркін жаңартуға берілген зор мүмкіндік. Сол себепті бұл бағдарлама үлкен сұранысқа ие болатынына сенімдімін», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Жеңілдетілген лизинг агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін жылдық 5% мөлшерлеме бойынша 7 жылға дейінгі мерзімге ұсынылады.
Ағымдағы жылдың 17 маусымында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның барлық өңірлік филиалдарында жаңа бағдарлама бойынша өтініштер қабылдау науқаны басталды.
Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша 3000-нан аса өтініш қабылданып, 22,1 млрд теңгеге 1000 бірлік техникан сатып алу мақсатында шарт жасалынды. Ең көп өтініш мақұлданған аймақтар Ақмола облысы – 4,7 млрд теңгеге, 88 бірлік техника, Солтүстік Қазақстан облысы – 3,1 млрд теңгеге 53 бірлік техника, 2,6 млрд теңгеге Қостанай облысы – 56 бірлік техника, Жетісу облысы – 1,6 млрд теңгеге 82 бірлік техника, Шымкент пен Түркістан – 1,7 млрд теңгеге 146 бірлік техника. Фермерлер қол жеткізген техникалардың басым түрі – трактор, комбайн, орақ, пресс-жинағыш және тиегіш.
Жалпы жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ жүзеге асырып отырған бағдарламалар аясында 80 млрд теңгеге 5000-нан аса бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін ұлғайтуға бағытталған тапсырмасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес 2024 жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жоспары 6,1% болуы тиіс. Бұл мақсатты жүзеге асыру аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ үлкен жетістіктерге жетуге ұмтылыс жасайды. Сол себепті қоғамның алда атқарар жұмысы орасан.
Дана Алданқызы