Қазақстан құрамасының еншісінде 92 жолдама бар. Еліміздің атынан спорттың 25 түрінен 80 атлет бақ сынайды. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері жазғы ойындарға қатысатын ең аз делегация. «Айқын» тілшісі жазғы Олимпиадаға жасақталған Қазақстан құрамасы туралы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынады.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жеті жазғы ойындарға қатысты. Париждегі бәсеке біздің спортшылар қатысатын сегізінші Олимпиада болмақ. Осы уақыт аралығында Франция астанасына Қазақстан ең аз құраммен бара жатыр. Парижде 80 спортшымыз ғана бақ сынайды. Бұл бұрынғы Олимпиадалармен салыстырғанда өте аз. КСРО құрамынан бөлінгеннен кейінгі бірінші жазғы ойындар – Атланта Олимпиадасына қатысқан құрам бұдан көп, 96 спортшы. Сиднейде – 130, Афиныда – 119, Бейжіңде – 132, Лондонда – 115, Риода – 104, Токиода 93 спортшы ел намысын қорғады. Байқасаңыздар, 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасынан кейін қатысушы спортшылар саны күрт төмендей бастаған. Токиодағы сәтсіздіктен соң біздің команда реттеледі деген болжам болған. Бірақ үш жыл – үлкен спорт үшін өте аз уақыт. Жылдар бойы жақсармаған жүйе бір олимпиадалық циклге жетер-жетпес аралықта гүлденіп кетпейді.
Париж Олимпиадасына ең көп спортшы жіберетін өңірлер де анықталды. Төртжылдық додасында Астана, Алматы және Шымкентті қоса есептегенде 35 спортшы бақ сынайды. Ал қалған облыстар 45 атлетті үкілеп жарысқа қоспақшы.
Бір қызығы, Маңғыстау, Қостанай және Ұлытау облыстарынан бірде-бір спортшы Олимпиадаға бармайды. Өңірден шыққан спортшылар әлемдік жарысқа жолдама алуға қабілетсіз боп шықты.
Қазақстан спортшылары арасынан Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Нысана көздеу шебері Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздік төртікке енген болатын.
Содан бері қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық іріктеу турнирлеріне қатысып, Париждегі жазғы ойындардың жолдамасына таласты. Бірде спортшыларымыз мерейімізді асырса, енді бірде атлеттерімізге сәттілік жетпей жатты.
Олимпиада ойындарының квотасы негізінен әлем чемпионаттары мен құрлықтық, әлемдік іріктеу турнирлерінде және әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша таратылды. Боксшылар мен қазіргі бессайыс шеберлері арасындағы жолдама Ханчжоудағы Азия ойындарында үлестіріле бастады. Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) лицензия мәселесін шешіп алған болатын.
Әлем чемпионаттарында жолдама жеңіп алғандар қатарында спорттық гимнастика өкілі Милад Карими, еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай және грек-рим күресінің өкілі Нұрсұлтан Тұрсынов, нысана көздеуші мерген Ислам Сәтпаев бар. Карими 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлемдік додада еркін бағдарламадан қола жүлдегер атанып, көпсайыстан 5-орынға табан тіреді. Ал Дәулетбеков, Қартбай және Тұрсынов Сербияның Белград қаласындағы әлемдік сында лицензияға иелік етті.
Сондай-ақ бірқатар спортшылар құрлықтық іріктеу турнирлері мен әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша Париж билетін қалтаға басты.
Париж Олимпиадасында 54 қазақстандық спортшы алғашқы Олимпиадасына қатысады. 21 атлет өз мансабындағы екінші жазғы ойындарға аттанбақ. Олимпиадаға үшінші және төртінші рет қатысатын спортшылар да жоқ емес. Мәселен, дзюдошы Елдос Сметов пен қазіргі бессайыс шебері Елена Потапенко және үстел теннисінің өкілі Кирилл Герасименко өздерінің үшінші Олимпиадасына жол тартады. Сметов Риода күміс, Токиода қола жүлдегер атанғаны жанкүйер есінде. Ал Потапенко мен Герасименкоға ірі жарыстан жүлде бұйырар емес.
Олимпиадалық құрамада жазғы ойындарға төртінші рет қатысатын екі спортшы бар. Олар – Ольга Сафронова (жеңіл атлетика) мен Владислав Яковлев (академиялық есу). Сафронова алғаш рет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бақ сынаған. Ол биыл Асланбек Шымбергеновпен бірге Қазақстан құрамасының туын ұстаушы болып бекітілді. Яковлев болса, академиялық есуден ел намысын қорғайтын жалғыз спортшы.
• Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады.
• Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарады.
• Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен Амир Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды.
• Әйелдер күресінен Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет Олимпиададан сырт қалды.
• Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынайды.
• Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы Олимпиадада сынға түседі.
• Нысана көздеуден Қазақстан командасы тұңғыш рет алты спортшыны Олимпиадаға апарады.
Парижге аттанатын олимпиадашыларды шығарып салу рәсімі 17 шілдеге белгіленген.
Арда КЕМЕЛ