Адамзат баласы қанша уақытқа дейін Жер планетасын мекен етсе, экология тақырыбы соншалықты өзекті бола бермек.Акция аясында бірреттік емес, нақты кешенді, толыққанды сипаты бар қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Біз осы сұрақ төңірегінде Атырау облысы бойынша зерттеу жүргізіп көрдік.
Атырау облысының әкімдігінен білгеніміздей, «Таза Қазақстан» аясында Атырауда апта сайын сенбілік ұйымдастырылып жатыр. Сонымен бірге «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қыркүйек айына дейін осы бағытқа жұмылдырыла береді. Қазіргі уақытта Атырау облысында тасқыннан кейінгі жағалауларды тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Айта кету керек, Атырау облысында ТЖ режимі 7 сәуірде жарияланды. Өңірде ай бойы алдағы су тасқынына дайындық жүріп жатты. 30 күннен аз уақыт ішінде өңір тұрғындары Жайық өзенінің жағалауын су тасқынынан қорғау үшін құммен толтырып, 5 миллионға жуық қап жинады.
– Бақытымызға орай, барлық елді мекендер, соның ішінде Атырау қаласы да үлкен судан қорғай алды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жағалаулардағы қорғаныс бөгеттері бұзылып, қапшықтар қаладан шығарылуда. Жалпы алғанда, жағалауды қаптардан тазартуға біздің ұжымнан 160 адам қатысады. Сондай-ақ арнайы техника-үш экскаватор, екі КамАЗ, бір самосвал жұмылдырылған. Мұнда 3 ай бұрын салынған бөгеттерді бөлшектейміз, жағалауды ретке келтіреміз, – деді «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек Губашев.
Сенбілік аясында Жайық өзенінің бүкіл жағалауы 16 учаскеге бөлінді. Әрқайсысына өзінің 1 мың шаршы метріне жауап беретін өзінің үйлестірушісі тағайындалды. Акция қорытындысы бойынша жұмысшылар жағалаудан 160 тонна топырақ шығарды. Инертті материал құмды карьерлерге құйылды, ол бұрын алынған.
– «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз Жайық өзенінің жағасынан құм салынған барлық қапшықтарды жинай бастадық. «AMANAT» партиясына бекітілген өзіміздің белгілі бір учаскеміз бар. Қазір мұнда партия мүшелері, қоғам белсенділері, депутаттар мен жастар жұмыс істейді. Су тасқынына дайындық жақсы деңгейде өтті, қазір қауіп өткеннен кейін қаланы ретке келтіру керек, – деді «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Ыдырысов.
«Таза Қазақстан» акциясы Атырау облысының бес ауданында да жалғасын табуда. Жастар үшін сенбіліктер квест форматында өтіп жатыр. Сондай-ақ ұйымдастырушылар «Таза жағалау», «Таза ауыл», «Таза аула», «Таза көше» номинациялары бойынша жеңімпаздарды анықтауда.
Өткен аптада бір ғана Атырау қаласы бойынша өткен сенбілікте 500 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың айтуынша, аймақта өткізілген сенбіліктерге 22,5 мыңнан астам адам қатысып, 386 техника жұмылдырылған.
«Нәтижесінде, 547 тонна қоқыс полигонға төгілді. Алайда Жылыой ауданын санитарлық тазалау жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеуі тұрғындар наразылығын тудырып отыр. Облыс елді мекендерін көгалдандыру бағытында жасалған өңірлік жоспарға сәйкес, биыл барлығы 59 гектарға 117 000 ағаш отырғызу жоспарланды. Оның 15 гектарына 10 993 көшет отырғызылды. Бұл жұмыстар Жылыой мен Индер аудандарында жүргізілген жоқ, жоспар орындалмауы мүмкін», – деді Н.Жантоқов.
«Таза Қазақстан» аясында Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында Құрсай каналының жағалауы абаттандырылып жатыр. Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Құлсары қаласында Құрсай каналының жағалау сызығының екі шақырымын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
«Жағалауға 10 200 шаршы метр тротуар плиталары төселді, жергілікті тұрғындардың демалуына арналған 103 орындық, арнайы қоқыс жәшіктері және 203 шам бағанасы орнатылды. Сонымен қатар көгалдандыру жұмыстарын қамтып отырмыз. Бүгінде жағалау бойында 350 тал көшеті егілді. Абаттандыру жобасы өңірдің ірі жер қойнауын пайдаланушыларының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құлсары қаласындағы Құрсай каналының жағалауын абаттандыру Атырау облысындағы «Таза Қазақстан» акциясының жалғасы болды», – дейді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Еске сала кетейік, елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша жаңа өтінім беру сервисі іске қосылды. Сервис еліміздің әрбір тұрғынына тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға мүмкіндік бере отырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» ауқымды акциясы аясында қала және экология мәселелері туралы өтінім берудің жаңа сервисін әзірледі. Енді еліміздің барлық өңірінің тұрғындары ыңғайлы телеграмм чат-боты – @TazaQazBot арқылы өтінім бере алады.
– Әрбір қазақстандық проблемасы бар орындардың фотосуретін жібере алады немесе галереядан суреттерді жүктей алады, проблеманы – жолдардың, саябақтардың, кірме жолдардың, жарықтандырудың, абаттандырудың, сонымен қатар қоғамдық және жеке аумақтардың санитарлық жай-күйі туралы егжей-тегжейлі сипаттап, орналасқан жерін көрсете алады. Барлық ақпарат операторға жергілікті атқарушы органнан келіп түседі, ол оны жіктейді және орындаушыны тағайындайды, – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Атырау қаласында белсенді түрде ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болды. Шын мәнінде, бұл бір жылдық немесе бес жылдық емес, ұлттық идеология деңгейіне көтеріліп, жалғасатын өміршең қозғалыс болуы керек. Себебі таза экология – дені сау ұрпақтың, ғаламның болашағы. Экологиялық мәдениетті әр отбасы өз шаңырағынан бастап, балабақша, мектеп, оқу орындарында жалғастыруымыз керек. Тазалықтың барлығы өзімізден басталады», – дейді жас эколог Нұргүл Имамұратова.
Атырау облысы,
Баян ЖАНҰЗАҚ