Шын мәнісінде, Әшімбаев еліміз ұзақ уақыт бойы тоқтауы жоқ теңселіс үстінде болғанын айтады. Кеңес Одағының үйіндісі астынан шыққан бетте жас мемлекетті плюрализм, азаматтық белсенділік пен кәсіпкерлік жоғары ынта сынды құбылыстар шырмап алды. Осы ретте билікке сан жылдар бойы қордаланып келген еркіндікке деген аңсар көңілдің ығымен жүруге тура келді.
Алайда төбемізге сау ете түскен бұл еркіндіктің де өзіндік теріс жақтары бар еді. Олар – экономикалық дағдарыс, ұйымдасқан қылмыс, сепаратизмге бет бұру және тағы басқалар. Сол себепті тізгінді тартып, тәртіпке шақыратын мемлекеттік тетіктерді күшейтуге тура келді. «Алдымен экономика – содан кейін саясат» деген қағида жоқшылықта күн кешіп жатқан қалың бұқара арасында түсіністікпен қабылданды.
Алғашында бәрі ойдағыдай жүріп жатты – орталықтандырылған билігі бар мемлекетіміз мұнай өндірісіндегі дүмпудің алғашқы жылдарында мұнай табысын үлестіруді орайымен орындап отырған еді. Бірақ бұл орайлы шақ тым ұзаққа созылып кетті. Мұнайдан түскен долларлардың шексіз ағынына коррупциялық жүйе сүлікше жабысты. Мол қаржыны қадағалау үстемдігін сақтап қалу үшін билік азаматтық еркіндікті шектеуге, ара-тұра саяси қысымды күшейтуге де бара бастады. «Жоғалған онжылдық» – Қазақстанда 2010 жылдар осылай аталды.
Тоқаев 2019 жылы үлкен трансфердің нәтижесінде билікке келген кезде өзінің табандылығын бірден көрсетіп, кезектен тыс сайлау арқылы мандатын күшейтіп алды. Осыдан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және «Халық үніне құлақ асатын» тұжырымдамасы арқылы делиберативті демократия тетіктерін іске қосты. ҰҚСК алаңында саяси жаңғыртулардың бірнеше пакеті әзірленіп, қабылданды. Олар сайлау және партия заңнамасын ырықтандыру, плюрализмді дамыту шаралары, құқықтық жүйені ізгілендіру туралы еді.
Бұл ретте Әшімбаев билік қолайлы жағдайда жұмыс істемегенін еске салады: Арыстағы жарылыстар, пандемия және әртүрлі ауқымдағы басқа да апаттар соның бір парасы ғана.
«Олигархтар «ескі ережемен» бұрынғысынша жалғастыра бергісі келген жемқор жүйеден халықтың әбден шаршағаны анық еді. Ал Ақорданың бұл ережені өзгертуге ұмтылысы элитаның қарсылығын тудырды. Наразы элита 2022 жылғы халық наразылығын өз пайдасына малдануға тырысты, оның соңы Қанды қаңтарға ұласты. Өкінішке қарай, құрбансыз болмады, бірақ саяси тұрақтылықты сақтау жолында және жарқын болашаққа деген қандай да бір үмітті сақтау үшін шешуші әрекеттерге бару қажет болды» деп атап өтті Әшімбаев.
2022 жыл оңай болған жоқ деп еске алады Сенат Спикері. Жаһандық геосаяси қақтығыстар фонында ішкі саяси дағдарыс бой көрсетті. Осы тұрғыда Президент Тоқаев реформалардың жаңа пакетін, ең алдымен, жоғары билік тетіктерін қайта теңестіру бағытын жаңаша жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды. Осы ретте Президенттің өкілеттігі бір мерзіммен шектеліп, кадрлық шешімдердің непотизмге ұласып кету мүмкіндігі қысқартылғанын атай кетуге болады.
«Жаңа Әділетті Қазақстан» идеясы ұсынылды. Ол қоғамдық-саяси кеңістікті кезең-кезеңімен салиқалы түрде демократияландыруға, іскерлік ахуалды шын мәнінде жақсартуға және табиғи ресурстарды әділ бөлуге бағытталған түбегейлі экономикалық реформалардан тұрды.
Әшімбаев бір нәрсені дұрыс түсінуге шақырады. Қазір Әділ Қазақстанды құруға ұмтылған қоғамда өмір сүріп жатқандардың көпшілігі негізінен Тоқаев президент болғанға дейінгі кезеңде де өмір сүргендер. Сол себепті ел азаматтарын «ескі қазақстандықтар» және «жаңа қазақстандықтар» деп бөлудің еш мәні жоқ. Бізге жаңа модельді қабылдап, жаңа қоғамды бірге құру керек. Қоғамдық тұтастықтың мағынасы – билік пен қоғамның ортақ ережелерді сақтауында.
Шын мәнісінде, Мәулен Әшімбаев бұл жерде институционалды мемлекет құрылысы туралы айтып отыр. Ол белгілі бір адамның жеке басына табынушылықпен емес, баршаға ортақ құндылықтармен – патриотизммен, рационализммен, өркениетті диалогпен байланысты жүзеге асуға тиіс.