Ел экономикасы мен қоғам дамуына айырықша әсер ететін стратегиялық құрал, ол – шағын және орта кәсіпкерлік. Соңғы алты айда елімізде 13 500 кәсіп нысаны біржола жабылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Ең қауіптісі, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған 22 ірі кәсіпорын мен 15 орта кәсіпкерлік нысаны да өз жұмысын тоқтатты. Бұл былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30,4%-ға жоғары көрсеткіш, яғни, елде экономикалық үлкен тоқырау бар дегенді білдіреді.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, ел нарығынан сауда-саттықпен айналысатын – 4,4 мың ірілі-ұсақты компания, құрылыс жұмыстарын жүргізіп келген – 1,5 мың кәсіпорын, ғылыми зерттеу ісімен тиянақты шұғылданып жүрген – 789 бірлестік, әкімшілік қызмет көрсету саласының – 648 заңды нысаны мен 597 қайта өңдеу өнеркәсібі жабылған.
Жұмысын тоқтатқан кәсіпорындардың 3,2 мыңы Алматы қаласында, 2,5 мыңы Астанада, 877-і Павлодарда және 742-сі Ақтөбе облысында жабылған.
Бұл, әрине, дабыл қағарлық мәселе. Жабылған кәсіпорындарда жүздеген мың отандастарымыз осы күнге дейін жұмыс істеп, отбасын асырап келді. Әрқайсысының басында миллиондаған несиесі мен қарызы барына дауымыз жоқ. Қазіргі қымбатшылық кезеңде бұл үрдіс елімізде жұмыссыздар қатарын ғана емес, алуан түрлі қылмыстың да санын арттырары сөзсіз.
Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғы 2023 жылы елімізде 27 027 заңды тұлға, яғни, шағын және орта кәсіп иесі өз жұмысын тоқтатқан. Өткен жылдың тек қана төртінші тоқсанында 13 000 компания біржола жабылған. Олардың 15-і ірі кәсіпорын болса, 38-і орта деңгейлі бизнес құрылым, ал, қалғандары шағын кәсіппен айналысатын заңды тұлғалар.
Елімізде ірі бизнеспен бірге орта және шағын кәсіпорындардың жабылуы 2020 жылдан бері басталған еді. Соған орай былтыр ғана Қазақстан үкіметі 2024 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 900 миллиарды теңге субсидия бөлуді жоспарлаған. Алайда, уәде етілген қаражаттың көлеміне қарамастан, отандық бизнес жыл өткен сайын тұралап барады.
Үкімет "кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында бизнесті жүргізу шарттары жеңілдетіліп, 10 мыңнан астам талаптар алынып тасталды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап басқару жүйелерін автоматтандыру арқылы тексерулер саны екі есе азайды" деп жаһанға жар салған. Одан бөлек, Салық кодексінің жаңа жобасына сәйкес елдегі салықтар мен төлемдердің жалпы саны 20%-ға, ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы жаңа жобалар салық салудан үш жылға босатылады деп сендірген-ді. Өкінішке қарай, Үкімет берген есеп пен нарықта болып жатқан нәтиже жер мен көктей екеніне көзіміз жетуде.
Кәсіпкерліктің жаппай тоқтап жатқанын кей мамандар Қазақстанда шағын және орта бизнесті тексеруге жасалған мораторийдің тоқтатылғанымен де байланыстыруда. Дегенмен, бұл жаңсақ пікір. Мораторий тоқтатылғанымен, ешқандай тексеруші орган шағын және орта кәсіп иесін бейберекет тексеруге қақысы жоқ. Тексерістің дені көпқабатты үйлердің астыңғы бөлігінде орналасқан мейрамхана, хостел секілді тағы басқа коммерциялық нысандарға қатысты шағым түскенде ғана жүргізіледі. Жыл басынан бері жасалған ондай тексерістің саны онға да жетпейді.
Айта кету керек, соңғы бір жылда Қазақстанда жеке кәсіпкерлік нысаны көптеп тіркелді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, елімізде тіркелген жеке кәсіпкерліктің саны 25 мыңға жетіп қалған. Соған қарағанда, ірі кәсіпорындар өзара үлес бөлісіп, майда кәсіпкерлік нысанына айналып жатқанға ұқсайды.
Одан өзге, 2022 жылдың наурыз айы мен 2024 жылдың мамыр айының аралығында Қазақстанда шетелдік меншік иелігіне жататын 884 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Осы жылдың бір ғана маусым айында елімізде тіркелген жатжұрттық шағын коммерциялық нысан саны – 369. Бұл құбылысты мамандар Украинада жүріп жатқан соғыспен және Ресейге салынған санкциялармен байланыстырады.
Алайда, Қазақ жерінде нәпақа тауып келген шетелдік бизнес өкілдерінің де арасында елімізден кетіп жатқандары да бар. Мәселен, бұған дейін Қазақстанда жұмыс істеп келген 4,9 мың өзбекстандық фирмалардың бөлімшелері мен өкілдіктерінің 196-сы, ресейлік бизнес құрылым өкілдерінің 91-і елден кеткен. Оған Қытай тарапынан Қазақстанға жасалып жатқан экономикалық экспансияның да әсері болуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Тelegram арнасынан таба аласыз.