Заң Қылмыстық кодекске адам саудасымен байланысты қылмыстардың жаңа санатын енгізді. Сондай-ақ "жыныстық сипаттағы басқа қызметтер" жаңа тұжырымдамасы, оның ішінде интернет арқылы жыныстық қызмет көрсеткендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қылмыстық жауапкершілік мыналар үшін енгізіледі:
- адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
- осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
- телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.
Бұл шараларды ұйымдастырушылар Қылмыстық кодекстің 134-бабы (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 308-бабы (Жезөкшелiкпен айналысуға тарту) және 309-бабы (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық), әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450-бабы (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну) бойынша жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар Заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылады.
Бұл Қылмыстық кодекстің 122-бабы (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынады.
Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқығы көзделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске медицина ұйымдарының және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.